Нұрлан Нығматулин: Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына жеткізетін сендерсіңдер, жастар!

Өткен аптада Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин өңірдегі «Қазфосфат» ЖШС-ның Жаңа Жамбыл фосфор зауытының жұмысшыларымен, білімгер жастармен кездесіп, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.
Мәжіліс төрағасы ең алдымен Жаңа Жамбыл фосфор кәсіпорнына ат басын бұрып, зауыттың №16 жөндеу-механикалық цехының тынысымен танысты. Өндіріс орнының жұмыс барысын серіктестік басшысының орынбасары Нүрзия Лесбекова жан-жақты баян етті. Жалпы «Қазфосфат» ЖШС өткен жылдың қорытындысы бойынша 112,1 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, Жаңа Жамбыл фосфор зауытында 96,5 мың тонна сары фосфор, 27,8 мың тонна натрий триполифосфаты және 41,3 мың тонна ортофосфор қышқылы шығарылған. Және өнім Германия, Түркменстан, АҚШ, Дания, Швейцария, Польша, Чехия, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Венгрия және Нидерланды мемлекеттеріне экспортталған. Міне, осындай ауқымды жұмыспен Мәжіліс төрағасын таныстырған серіктестік басшысының орынбасары биыл да бұл бағыттағы жұмыстар өз бағдарын табатындығын айтты.
Бұдан кейін Нұрлан Зайроллаұлы зауыт жұмысшыларымен кездесіп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы басым бағыттар мен одан туындайтын міндеттер және үстіміздегі жылы мәжіліс қарауында жатқан заң жобалары жайында әңгімеледі. Ал басқосу соңында кәсіпорын қызметкерлері айлық жалақының өсуі, баспана алу сынды мәселерге қатысты сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.


Мәжіліс төрағасы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің бас ғимаратында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен бастаған жергілікті жоғарғы оқу орындарының студенттерімен де жүздесті. Аталған университет ректоры Махметғали Сарыбеков ашып беріп, жүргізіп отырған шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов те қатысты.
— Әрбір мемлекеттің болашағы және қозғаушы күші, әрине, жастар. Сондықтан елімізде Жастар жылы жарияланған өте маңызды кезеңде өздеріңізбен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл шын мәнінде мемлекет тарапынан жас ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам екендігі сөзсіз. Елбасымыз айтқандай, сіздер тәуелсіздіктің рухыменен өсіп келе жатқан мемлекетіміздің сенімді тірегісіздер. Қазақстанның болашағы тікелей сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмге байланысты. Осы орайда, әсіресе Жамбыл облысы жастарының патриоттық рухы бәрінен биік болуы тиіс деп есептеймін. Себебі «жері байдың — елі бай» деп халқымыз айтқандай, аумағы алпауыт мемлекеттерден кем түспейтін Жамбыл облысының жер байлығы да, тарихы да мол. Ерекше айтар болсақ, Жамбыл жері — қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы. Сонау 90-шы жылдары елдегі қиын жағдайдың салдарынан оқытушыларымыз айлығын, студенттеріміз шәкіртақысын ала алмады. Алайда Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында еліміз осы күнге жетті. 28 жылдағы әрбір жетістіктеріміз бен табыстарымыз сіздер үшін жасалды. Әсіресе биылғы Жастар жылы сіздер үшін ерекше сәт, ерекше кезең. Президентіміз Жастар жылында жас қазақстандықтарды қолдаудың нақты жолдарын ұсынып отыр. Халқымызда «жас келсе іске» деген қанатты сөз бар. Міне, осы кездесуде арманы асқақ, мақсаты биік, Мағжан ақын айтқандай «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастар отыр. Сіздер ойға алған барлық арман, мақсатты жүзеге асырып, қуатты Қазақстанымызды дамыған отыз елдің қатарына қосу жолында аянбай еңбек етесіздер деп сенемін. Бұл жолда жаңа технологиялар, инновация және автоматтандыруға зор назар аударылады. Сондықтан сіздер үшін барлық жол ашық. Жастар жылын жан жақты табысты өткізуге тілектеспіз, — деп ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Зайроллаұлы биыл жастардың игілігі үшін іске асатын шаруаларды тілге тиек етті.


Басқосу барысында жергілікті ЖОО студенттері тарапынан жас отбасылардың баспана мәселесі, қоғамдық жұмыстарға атсалысу, қосымша жұмыс жасау, теория мен тәжірибені түбегейлі ұштастыру, стартаптарды қолдау, сырттай оқудың орнына онлайн білім алу секілді қойылған сан сауалға салмақты жауаптар айтылды.
Ал түс ауа Мәжіліс төрағасы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға алғаш болып келген Талас аудандық ауруханасының жас дәрігері Сановар Миркасимова «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы аудандық маңызы бар қалаларға жұмысқа орналасқан жас мамандар «қала» мәртебесінің болуына байланысты аталған бағдарламадағы жеңілдіктерден қағылып жатқанын жеткізді. Өз кезегінде Нұрлан Зайроллаұлы бұл бағдарлама негізінен қалаларда емес, ауылдық елді мекендердегі маман тапшылығын жою мақсатында қабылданғанын алға тартып, жас маманның ұсынысын ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп қарастыратындарын айтты. Сондай-ақ Жамбыл ауданының тұрғыны, кәсіпкер Руслан Исмазов қазіргі таңда моно қалалар мен ауылды жерлерде несие алуда бірқатар қиындықтардың бар екендігін алға тартып, оларда мүліктік кепілдік ретінде алу талаптары жоғары және талап етілетін құжаттар тізімі көп екеніне шағым білдірді. Кәсіпкердің көтерген мәселесі бойынша Мәжіліс төрағасы Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында Жамбыл облысында моноқалаларда несиеге қол жетімділікті арттыру үшін жергілікті бюджет есебінен 2018 жылы 1 миллиард теңге бөлініп, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиал арқылы жеңілдетілген несие берілгенінен хабардар етті.
Қоғамдық қабылдауда сондай-ақ Тараз қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Әмина Қайназарова облыс орталығынан шыққан ағынды сулар Жамбыл ауданының ауылдық елді мекендері қасында орналасқан алаңдарға құйылып, жер асты суларын ластап, залал келтіріп жатқанынан хабардар етіп, осы мәселені республикалық деңгейде шешілсе деген тілегін білдірді.
— Мендегі мәлімет бойынша ондай нысанға техникалық-экономикалық негіздеме жасау үшін 35 миллион теңге бөлінген. Осы жылдың соңына дейін жоба толық әзірленіп, сараптама қорытындысын алу жоспарда тұр. Құрылыс жұмыстарының құны шамамен 14 миллиард теңге болады деп күтілуде. Бұл мәселенің шешілуі бойынша құзырлы министрліктерге сұрау салу арқылы жұмыс жүргізетін боламыз, — деп Нұрлан Зайроллаұлы аталмыш мәселенің өзектілігіне басымдық берді.
Қабылдау барысында бұдан өзге азаматтардан ауылдарды газдандыру және ауған соғысы ардагерлерінің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мен шипажайларда тегін емделуі секілді сұрақтар жолданып, тиісті жауаптарын алды.

Саятхан Сатылғанов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған