«Нұрлы жолдың» нұры қаша бастады ма?

Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған «Нұрлы жол» бағдарламасы ел экономикасына тың серпін бергені анық.  Себебі Ұлттық қордан бөлінген қаражат көл-көсір. Оны тиімді пайдаланса қыруар жұмыстың беті бері қарап, ысырапшылдықтың жолы кесілер еді. Әттең олай болмай тұрғаны. Ақсап жатқан тұстар көп. Сапасыз салынған жолдар, құрылысы бітпеген үйлер, т.б ел игілігіне қажетті бағдарламалар да көштен қалып тұр. Ел президенті шенеуніктерге ұлттық қордан бөлінген қаржыны тиімді жұмсауды қадағалауды күшейтуді тапсырғалы қашан. Демек, өзі құрған бағдарламаның өрге баса алмай жатқанынан  президентіміз де құлағдар.

Жалпы еліміз бойынша биыл Ұлттық қордан жалға және несиеге берілетін баспана құрылысына 202,5 миллиард теңге бөлінген. Бірақ соның тек 54 пайызы ғана игерілген. Бұлай санамалай берсек, кем-кетіктерге сүрініп жығылуымыз мүмкін.

Енді қысқаша мәлімет бере кетелік. Сөз етіп отырған “Нұрлы жол” бағдарламасын іске асыруға (2015-2019 жылдарға) 5,3 трлн теңге (немесе 16,2 млрд АҚШ доллары) бөлу көзделген. Кеңес дәуірінен кейінгі кеңістіктегі бірде бір мемлекет жұмыспен қамтуға және экономиканы қолдауға мұншалықты мол қаражат бөліп отырған жоқ. «Нұрлы жол» бағдарламасы бар екпінімен жүзеге аса қалған жағдайда шамамен 400 мың адам жұмыспен қамтылуға тиіс. Бағдарламадағы биылғы көрсеткіш 770 миллиард теңгені немесе республикамыздың 2001 жылғы бюджетінен 1,5 есеге артық қаржыны құрады! Бұл – тек бір ғана бағдарлама бойынша бөлінген қаражат! Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ендігі міндеті – осы бөлінген қаржыны тиімді игеру екені даусыз.

Өткен жұмада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен партияның Парламент Мәжілісіндегі Фракциясының кеңейтілген жиналысы өтті. Жиында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды. Жиынға парламент депутаттары, Инвестиция және даму, Білім және ғылым, Энергетика министрліктерінің, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің және «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері келді. Одан бөлек, басқосуға бейне конфереция-байланыс арқылы жергілікті атқарушы органдардың және «Нұр Отан» партиясының өңірлердегі филиалдарының өкілдері де қатысты.

Жиын барысында Мұхтар Абыралыұлы жаһандық дағдарыстың Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік жағдайына кері әсерінің алдын алуға 2014 жылы Елбасымыз іске қосқан инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы көп септігін тигізгенін қадап айтты.

“Президент «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бөлінген барлық деңгейдегі қаржының тиімді әрі уақытылы жұмсалуын қатаң бақылауды партияға тапсырды. Өткен жылы осы мақсатта Мәжіліс пен мәслихаттардағы партия фракциясы жанынан бағдарламаның 5 негізгі бағыты бойынша комиссия құрылды. Аудандарды қоса алғанда еліміз бойынша осындай 231 комиссия жұмыс істейді. Шамамен 400 нысан бақылауға алынған. Бұл жұмысты жергілікті жерлердегі партия фракциясының 700-ден астам депутаты мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері жүргізеді” деді ол.

            БАҒДАРЛАМАНЫҢ ІСКЕ АСПАУЫНА КІМ КІНӘЛІ?

Жиында Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 23 жобаны жүзеге асыру үшін 4 миллиард 200 миллион теңге бөлінсе, бүгінде соның тек 40 пайызы ғана игерілгенін жасырмады.

Тағы бір Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев кәсіпкерлерге несие беру ісінде қаржылай көмек алғаннан кейін бюджетке салық төлемеу деректерінің тіркелгенін жеткізді. Әзірге осындай 55 оқиға белгілі болған. Салықтың төленбеу себебі ретінде қаржылай қиындықтар мен компанияның өз жұмысын тоқтатуы көрсетілген. Осылайша қолдаудың өз ісін дөңгелетіп кетуге қабілетсіз кәсіпорындарға жасалғаны белгілі болып отыр. Осыған орай халық қалаулысы мұндай несиелендірудің нақты мақсаттар бойынша жүргізілуін және беруші тарап пен көмек алушы жақтың жауапкершіліктерін күшейту керектігін көтерді.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Берік Оспанов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселесіне назар аударды. Негізі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2016 және 2017 жылдары 1182 шақырым коммуналдық желі жүргізу жоспарланған. Оның 170 шақырымы – биыл, ал қалған 1000 шақырымнан астам бөлігі келесі жылы жүргізілмек. Депутат мырза құрылысшылардың мұндай үлкен көлемдегі жұмысты көрсетілген мерзімде аяқтай алатынына күмәнмен қарады.

Депутат Серік Құсайыновтың да ойы елең еткізерлік. Ол «Қорғас – Шығыс қақпасы» Арнайы Экономикалық Аймағындағы жағдайдың көңіл көншітпейтініне көпшіліктің назарын аударды. Оның сөзіне қарағанда, жалпы құны 83 миллиард теңгеден асып жығылса да аталған аймақта әлі 17 жоба аяқталмаған. Ал негізгі үш нысанның тек біреуі ғана жұмыс істейді.

Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев те көлік магистральдарындағы кейбір өзекті мәселелерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2015 жылдан бері «Алматы-Шу» (110 шақырым) бағытындағы темір жолдың екінші желісі салынуда. Оның жалпы құны – 38 милиард 400 миллион теңге. Қазіргі таңда бұл жұмыстың тек 43 пайызы ғана істелген. Ал жоспар бойынша жоба биыл аяқталуы тиіс. Осыған байланысты депутат құрылысшылардың жұмыстың қалған 53 пайызын үш айдың ішінде бітіретініне сенімсіздік танытты.

Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде еліміздің 11 жоғары оқу орнына 3 миллиард теңгенің инновациялық зерттеулерге арналған лабораториялық құрылғылары сатып алынғанын айтты. Бірақ, қондырғылардың көп бөлігі талапқа сай болмай шықты және олардың барлық мемлекеттік стандарттар бойынша үлгілері жоқ.

Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов келтірген деректерге сүйенсек, Алматы облысында да мердігер тарапынан қаржыландырудың болмауына байланысты екі көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы тоқтап қалған. Бұл нысандар жұмыс кестесінен 8 айға қалып келеді.

Тағы бір дерек: Жалпы еліміз бойынша биыл Ұлттық қордан жалға және несиеге берілетін баспана құрылысына 202,5 миллиард теңге бөлінген. Бірақ соның тек 54 пайызы ғана игерілген.

ТҮЙІН:

«Нұр Отан» фракциясының кеңейтілген отырысын қорытындылай келе Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасымыз жаһандық экономиканы жайлаған дағдарысқа қарамастан «Нұрлы жол» бағдарламасына миллиардтаған доллар көлемінде қаржы бөлгізді. Сол орасан зор қаражатқа атқарылған жұмыстың сапасы, мерзімі және мақсатты игерілуінде өрескел қателіктер жіберілуде. Енді бұл мәселе ұдайы партия бақылауында болады. Халыққа арналған әрбір теңге сол халықтың игілігіне айналуға тиіс. Сондықтан «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар мен барлық партия ұйымдарына аталған мәселелерді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Бұл бағдарламаның әрдайым Елбасының ерекше назарында болатынын ұмытпаңыздар», – деді.

nurotan-news-1476963874

                     БАҒДАРЛАМАДАҒЫ ҚАРЖЫНЫҢ ИГЕРІЛУІ НАШАР

Осы жиын аясында мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновқа бір-екі сауал қойдық:

–           Нұртай Салихұлы, жиында небір өзекті ойлар айтылды. Сіздің алып -қосарыңыз бар ма?

–           Елiмiзде республикалық маңызды жолдарды жөндеу және салу жылдар бойы жүргiзiліп жатыр.  Өкінішті жері, бұл мақсатқа «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлiнген қаражат уақытында және тиiмдi игерiлмей отыр. Қаржыландыру кеш жүргiзiлгендiктен негiзгi жұмыс көлемi күзде орындалып жатыр. Бұл жұмыстардың асығыс, сапасыз орындалуына, жолдардың мерзiмнен бұрын тозуына әкеп соғуда. Мысалы, Алматы-Астана-Павлодар жолын жөндеу үш жылдан берi аяқталмай отыр. Сонымен қатар, Қалбатау-Шар арасындағы жолдың құрылысы басталғанына да алты жыл болды, ол да әлi біткен жоқ.

Бағдарламадағы тұрғын үйге қатысты қаржының игерілуіне көңіліңіз тола ма? Негізгі қаржылар үш компанияға тиесілі болып тұр, бұған көзқарасыңыз қалай?

Айтпасыңа қоймайтын бір проблема, бағдарлама аясында тұрғын үй құрылысына бөлiнген қаражаттың жартысына жуығы игерiлмеген. Жалға берiлетiн кредиттiк тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымы және су, жылумен жабдықтау жөнiндегi жаңғырту бойынша 2016 жылы жалға берiлетiн және кредиттiк тұрғын үй құрылысына Ұлттық қордан 202 млрд теңге бөлінген. Олар сіз айтқан үш компанияға тиесілі.  180 млрд теңгесi «Бәйтерек девелопмент» АҚ, 22 млрд теңгесi Қазақстан ипотекалық компаниясына, 67 млрд теңге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына бөліну керек. Биылғы жылғы бiрiншi қыркүйектегi жағдай бойынша 110 млрд теңге ғана игерiлген. Бұл берiлген қаражаттың 54 пайызы ғана. Осы үш компанияға бөлiнетiн қаражаттың игерiлуiн бақылау қазiргi кезде қиындық туғызып отыр. Осыны бiр жүйеге келтiру керек деп ойлаймын.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған