НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: «БІЗ ТҮРІК ҰСТАЗДАРЫН ЕШКІМГЕ БАЙЛАП -МАТАП БЕРМЕЙМІЗ!»

Ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қат-қабат жұмыстары бола тұра, журналисттермен  жолығуға , олардың сансыз сауалдарына жауап беруге шаршаған емес. Кез келген сұраққа мүдірмей, жеріне жеткізе, байсалды, орнықты, тиянақты жауап бере білетінін әлем журналистері жазудай-ақ жазды. Оған қазақ журналистері де сан мәрте куә болды. Президенттің жеке өмірі,  жүріп өткен жолы, билік баспалдағындағы  өсу қарқыны кімге болмасын қызық әрине. Әсіресе саясат дейтін арғымақтың жалына жармасқан уақыттан бергі  тынымсыз қажырлы еңбегі де бір төбе! Ол жайында жігін тауып сөйлете білу де шеберлік! Осының бәрін зерттеу, зерделеу кейінгі ұрпақтың  да еншісіне  бұйырмақ.

  ЭКСПО секілді әлем қызыға, қызғана көз тіккен, арты не болар екен деп әліптің артын баққан көрменің де жеңіспен аяқталуы – Елбасының  көңілін бір көтеріп тастағаны белгілі. Қазақ секілді дархан халықтың  айбарын асырған, рухын жаныған  талай игі істеріне мұрындық болған  Президент Нұрсұлтан Әбішұлы 14 қыркүйек күні  отандық және шетелдік журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынға  осы жолдардың  авторы да қатысып, Президентке еліміздегі түрік ұстаздарының  Түркия саясатына байлынысты алаңдаулы екенін жеткізіп,  Елбасыдан тұшымды жауап  алғанын да  айта кеткеніміз жөн.

Бір жарым сағатқа созылған баспасөз мәслихатында  Нұрсұлтан Әбішұлы журналисттердің қызығушылығын туғызған сауалдарға асықпай отырып  жан-жақты жауап берді.  Өзіне тән қасиетпен аудиторияны  көңілді кешке айналдырып, әзілге де ерік беріп, журналистердің еркін отыруына бар  жағдайды туғызды.

Сонымен Ақордада отандық және шетелдік журналистермен кездесу қалай өтті?  Қандай мәселелер айтылды?  Қандай өзекті  проблемалар көтерілді?  Осы тектес сауалдарға шолу жасап көрмекпіз.

«ЭКСПО – НЫ АБЫРОЙМЕН АЯҚТАҒАНЫМЫЗ ҰЛЫ ЖЕҢІС!»

Жасыратыны жоқ, бәзбір кісілер ЭКСПО –дан кейін, салынған ғимараттардың «тағдыры» қалай болады деген қауіпті үнемі айтып келгені есімізде. Осы тарапта қойылған журналист  сауалына президент былай жауап берді. – Мен ЭКСПО көрмесі салынып жатқанда-ақ, көрме біткеннен кейін де  ғимараттардың барлығы кәдеге асатынын ексерткенмін. Сол сөзім сөз! Біздің павильонымыз Қазақстанның музейі ретінде қалады. Екі павильонда қаржы орталығы болады. Бір павильонда Қазақстанның көрмесі тұрады.  Мынаны да айта кетейін. Үш жылға жетпейтін уақыттың ішінде Астанада толықтай жаңа бір аудан салынды. Онда 1 400 пәтер бар. Ол пәтерлердің барлығы да елордалықтарға сатылады.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, мұнан бөлек, бір павильонда ІТ-стартаптар паркі ашылады. Онда жастарға, ғалымдарға жаңалықтар ашуға барлық мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар тағы бір павильонда мектеп оқушыларын білімге, мамандыққа баулитын орталық болмақ.

Көптің көкейінде жүрген сауалдың тағы бірі «ЭКСПО-2017» көрмесіне жұмсалған ақша ақталды ма дегенге саятыны өтірік емес. Елбасы бұған да өтімді жауап берді: –  Қазіргі уақытта шығындалған ақша келушілердің, саяхатшылардың арқасында қайтарылды. Осыған дейін айтқанымдай, Астананың барлық қонақ үйлері, мейрамханалары, концерт залдары мен дүкендері толды. Астананың бюджет түсімі осы жылдың ішінде бірнеше есеге артты. Бизнесмендер де өз ақшаларын тапты. Мұның барлығы да елдің қоржынын толықтырды. ЭКСПО-ның басты жетістігі – Қазақстанның халықаралық көрмені Астанада өткізу мүмкіндігін жеңіп алуы. Жас мемлекет болғандықтан біз өзімізді бүкіл әлемге көрсете білуіміз керек. Екіншіден, жаңартылған энергия көздері – бұл ғылымның ең дамыған саласы. Бұл есімізден шықпауы керек.

Осы жерде қосымша мына мәліметті  айта кеткіміз келіп отыр. Көрмеге 4 миллионға жуық адам келіпті. Жалпы кіріп шыққан адамдардың саны 25 миллионнан асқан. 1400 қазақстандық компания құрылысына және басқа да жұмыстарына қатысқан, олар 640 млрд теңгенің қаражатын игеріпті.

«ЛАТЫН ТІЛІНЕ КӨШУ ЗАМАН ТАЛАБЫ!»

Дәл қазіргі кезеңде қоғамда түрлі пікір қалыптастырып, өзекті болып тұрған жаңа әліпби жайы да Ақорда төрінде әңгімеге арқау болды.  Журналистер тарапынан қойылған сұраққа Елбасы өз көзқарасын  ашық білдірді. Қазақстандық ғалымдардың ұзақ уақыт жұмыс істеп, барлық тарихты қарап шыққанын, Өзбекстан, Түркия елдерінің тәжірибесі сараланғанын жеткізді. «Жалпы әліпби дегенде компьютерге бірден қоя салу үшін ілік болмау керектігін мен ғалымдарға айттым. Ноқаты, үтірі бар, тек қазақ дыбысына тән 8 әріп бар. Міне соларды нақтылау қажет. Барлық мәселе осында», – деді Елбасы. Президент әліпби мәселесі әлі де талқыланатынын айтып, әліпбиге көшу жобасы соңына дейін тыңғылықты дайындалуы тиістігін ескертті. «Қазақ тілінде щ, ю, я әріптері жоқ. «Японияны» қазақтар «Жапония» дейді. «ч», «ю», «я», «ь», «ъ» белгілері жоқ. Яғни біз осы әріптерді қолдану арқылы нағыз қазақ тілін бұрмаладық. Сол себепті енді негізі тілге көшпекпіз. Бұл бүкіл мемлекет үшін маңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге болмайды»,- деп бұл мәселені нақтылап берді.  Сондай-ақ елбасы  2022 жылдан бастап 1 сынып латын әліпбиімен оқиды. Бұл ретте Президент әлемдегі ақпараттардың 70 пайызы латын әріпімен таралатынын, ғылыми-техникалық прогрес те осы тілде басым жүріп жатқанын еске салды.

Президент  баспасөз мәслихатында дін атын жамылып, салт-дәстүрді жоқ еткісі келетіндерге  тосқауыл қоюды қатаң тапсырды. «Біздің қазақтың қыздары, жалпы әйел азаматтары еш уақытта бетін бүркемеген. Қыздарымыз бұрымдарын салбыратып, шолпыларын сыңғырлатып жүретін. Біздің аналарымыз батыр болған. Ерлерінің жанында жүріп соғысқан, қолына найза алған. Сондықтан сонша ғасырлық тарихымызды алып келіп, бүгін басқаша жолға түсеміз бе? Шалдардың шолтитып шалбар кигендерін қайдан көрдіңіздер? Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың кәдесі емес қой. Қай Құранда жазылған? Бұл салтымызды бұзады» деді президент.

      ӘЛЕМДЕГІ САЯСИ ОЙЫННАН ҚАЗАҚИЯ ҚАЛЫС ҚАЛМАЙДЫ

Журналисттер тарапынан  Қазақстан қандай жағдайда Сирияға әскер жіберуі мүмкін? – деген сауал да қойылды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: – «Сириядағы шиеленісті басу төңірегінде болған жиындарда  бізге осындай сұрақ қойылған еді. Сол есіме түсіп тұр.  Біріншіден, Конституцияға сәйкес, біз Парламент шешімінен кейін ғана ұрыс аймақтарына әскер жібере аламыз. Екіншіден, бізде ҰҚШҰ, жарғы бойынша әскери қимылдарға қатысу қарастырылмаған. Бірақ егер БҰҰ әскер жіберу туралы шешім қабылдаса, БҰҰ мүшесі ретінде біз жіберуіміз мүмкін», – деп жауап берді Мемлекет басшысы.

Саясат төңірегіне ат шалдырғасын  Солтүстік Кореяның ядролық сынақтары жайында қойылған сауалды аттап өте алмаймыз. Себебі ядорлық қаруларын сынау арқылы әлемнің тынышын кетіріп отырған Солтүстік Корея бүгіндері мазасыз аймаққа айналып отыр. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Солтүстік Корея үшін өте алаңдаулы екенін жасырмады. «Мінсіз күйеу дегенді күйеулерін қорқыту үшін әйелдер ойлап тапқан. Сол сияқты Солтүстік Кореяда  айналаны үрейде ұстау үшін өздерінде ядролық қару бар екенін айтуда. Бұл өте қауіпті ойын, сондықтан Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартуы үшін халықаралық қауымдастық бар күш-жігерді салу керек деп ойлаймын.

Журналист деген қызық халық қой. Есітемейтіні, көрмейтіні жоқ. Бір орыс тілді журналист президенттен таяуда АҚШ президентімен телефон арқылы сөйлескенде қандай мәселені сөз еткенін және де Трамп санкциясы елімізге инвестиция салған компанияларға зардабын тигізбей ме деп сұрады.

Нұрсұлтан Назарбаев:  – Мемлекет басшысының телефонмен сөйлесулері – бұл әдеттегі іс. Қоңырау шаламыз. Ол президент болып сайланған кезде, қарашада телефон шалдым. Ол уақытта ұзақ әңгімелестік. Ол біздің өңірдегі, Ресейдегі, Қытайдағы ахуалға қызығушылық танытты. Одан кейін біз АҚШ пен араб елдерінің кездесуі өткен Эр-Риядта кездестік. Кейін ол маған қоңырау шалды. Оның алдында АҚШ Энергетика министрлігінің басшысы ЭКСПО-2017-ге келіп, мен қабылдаған едім. Ол риза болып, экспонаттарға, көрме ұйымдастыру деңгейіне таң қалды. Барғаннан кейін ол бастығына баяндап, ол маған қоңырау шалуға шешім қабылдаған сияқты», – деген Елбасы, санкция мәселесін де тарқата айтты. –  «Мен АҚШ-тың компаниялары Қазақстанға 40 млрд доллардан астам инвестиция салғанын еске салдым. Америкалық бизнестің қатысуымен 500 компания жұмыс істейді, ірі компаниялары да бар. Мен қазіргі уақытта болып жатқан санкциялардың аталған компаниялардың жұмысына ықпал етпеуін сұрадым. Ол мұның Қазақстанға қатысы жоқтығын растады және АҚШ Қазақстанмен бұл қарым-қатынастарды одан ары дамытуға мүдделі екендігін қуаттады», – деді президент.

Журналистер Елбасыдан смартфонға арналған қосымшалардың қайсысын пайдаланатынын  да сұрап үлгірді.

«Оған қарауға уақытым жоқ менің,- деп күліп жауап берді Президент.

          ДЕВАЛЬВАЦИЯҒА НЕГІЗ ЖОҚ…. САПАСЫЗ ОҚУЛЫҚ ПЕН ГРАНТ МӘСЕЛЕСІ ТЕКСЕРІЛЕДІ   

Әйел затының не нәрсеге де қызығушылығы басым тұратыны ғылыми дәлелденген тұжырым ғой. Соның нақты айғағы боларлық сауалды журналист қыздар тарапы қойды.

  • Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, президент болу оңай жұмысқа жата ма?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев:  – «Президенттің жұмысы – қол қоюмен немесе бұйрықпен, заңмен немесе кездесулермен шектелмейді. Жұмыстың 90 проценті бұқаралық ақпарат құралдарына көрінетін ақпараттан тыс жатыр. Сіздерге айтарым – бұл ауыр жұмыс. Өз тәжірибеңмен бірге, денсаулықтың мығымдығы мен энергияны, психологиялық және эмоциялық энергияны талап етеді.  Әрине, бұл іс өзіме ұнағандықтан жұмыстың қиындығына шыдаймын.. » деді.

ЭКСПО біте сала бензин бағасының күрт көтерілуі  халық арасында девальвация болуы ықтимал деген қауіпті күшейткені белгілі.

Осы сарындас сауалға Ел президенті алаңдауға негіз жоғын алға тартты. – Мұның бәрі

алып-қашпа әңгіме. Дәл қазір оған ешқандай алғышарт жоқ. Теңгенің еркін бағамы дұрыс. Егер оны тізгіндеп ұстар болсақ, мемлекет қаржысын жұмсауға тура келеді. Әрине, мұнай бағасы  40 долларға құлаған жағдайда күрт өзгерістер болады. Қазір ондай қауіп жоқ. Мұнай қазір 52-55 доллар бағаны ұстап тұр» деп өрікпіген көңілдерді басып қойды.

Білім саласындағы олқылықтар баспасөзде аз жазылған жоқ. Сапасыз оқулықтар, білім гранттарына байланысты ата-аналардың жан айқайы қаншама.  Олар туралы осындай жиында айтылмаса журналисттерге сын болар еді. Айтылды. Елбасы тарапынан тұшымды жауап берілді.

Сапасыз оқулықтарға қатысты Елбасы мынаны айтты. – Мәселенің мән-жайын анықтайық. Балаларды дұрыс тәрбиелеп, дұрыс оқыту үшін, сұранысты қанағаттандыру үшін дұрыс оқулықтар қажет. Ата-аналар да риза болуы шарт. ҚР Білім және ғылым министрлігіне проблеманың неден туындағанын анықтап, түсіндіруге тапсырма беремін, – деді.

Ал білім гранттары туралы даулы мәселеге президент басқа қырынан келді. – Неге олай болды? Гранттар алу үшін тиісті балл болуы керек қой. Тиісті балл алмағаннан кейін анау деп, мынау деп шыға келеміз. Солай білімді бола ма? Әр адам өзінің біліміне сай өтуі керек. Мына Назарбаев университетіне түсу үшін жыл сайын 1 мың адам арыз береді. 10 мың адамның көп дегенде 450-500-і ғана аталған оқу орнына түсе алады.  Университеттің  ішкі жұмысына ешкім араласа алмайды. Өйткені Университетті басқарып отырған жапонның азаматы. Біз де адамбыз ғой. Әсіресе қазақпыз.  Туған-туыстар,  дос-жаран көп.  «Мына жерде отырсың ғой» айта салсаңшы дейді. Мен сондай да «ол жерде Катсу деген кісі бар. Сонымен сөйлес» деймін де қоямын. Нені меңзеп отырғанымды түсінген боларсыңдар?

Егер Білім министрлігі заңды бұзған болса, мәселені қараймыз. Заңды түрге келтіреміз. Заңды бұзбаған болса, өткен балалар грантты алуы керек, өтпегендері алмайды.

          «БІЗДЕ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮРГЕН ҰСТАЗДАР ҚЫЛМЫСКЕР ЕМЕС»

Бір кездегі Қазақ-түрік лицейлері (Бүгінгі Білім және иновация лицейі) ұстаздарының Түркиядағы саясатқа байланысты алаңдаушылығы   Елбасыға да мәлім болып шықты. – Түркияда болған төңкеріске тоқталайын. Төңкеріске байланысты (Түркия билігі) Фетхуллах Гүлен деген түріктің төңірегінде жүрген адамдарды кінәлі деп санап, көп адамдарды жауапкершілікке тартты. Түрмеге отырғызды. Соның ішінде Гүленнің қоры құрған бізде Қазақ-түрік лицейлері бар. Соның ішіндегі мұғалімдердің барлығы соныкі (Фетхуллах Гүлендікі) деп маған Ердоған мырза 2-3 рет айтты. Мен «Бізде жұмыс істеп жүрген адамдар қылмыскер емес. Мен оларға жаманшылық жасай алмаймын» дедім. Олардың кейбіреуі «Түркияға барсақ, бізді отырғызады, жібермеңіздер» деп сұрайды. Біз осы мәселені шешу үшін қазақ-түрік лицейлерінің барлығын Білім және ғылым министрлігіне бердік. Өзіміз қор құрдық. Біразын аталған қорға бердік. Сондықтан оларға Түркияның да, Гүленнің де қатысы жоқ.

Түрік мұғалімдері жөнінде айтарым мынау. Олардың ішінде Түркиядағы төңкеріске кінәлі дегендердің біразын біз қайтардық. Меніңше, 11 адам. Ал біразы өздері сұранып шетелге кетіп қалды. Енді қалғандарын кеше келгенде Ердоған мырза менен қайтадан сұрады. Мен «Қалғандарының ешқандай қылмысы жоқ. Егер бізге қылмысы бар деп дәлелдер көрсетсеңіздер, онда құқық қорғау органдары біріге отырып, қарасын. Қылмысы жоқ адамдарды отырғызып немесе сіздерге байлап бере алмаймын» деп кесіп айттым. Менің ойымша, бұл мәселені жаптық» деп соңғы нүктесін қойғандай болды..

Баспасөз мәслихаты барысында Президенттің таяу арада  Өзбекстан, Түрікменстан және Ресейге қандай мақсатпен барғалы отырғаны да белгілі болды.

«Кітап оқитындар компьютерде отыратындарды басқаратын заман келетінін де»  президент осы жиында көптің есіне салды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы туралы жан-жақты әңгімелер өрбіді.

Жиын соңында Елбасы барша Қазақстандықтарға сәлем жолдады.

 «АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН ЖАННЫҢ АУЫРМАЙ ӨЛЕТІНІН» ДЕПУТАТ БАЖКОНЫҢ БІЛМЕГЕНІ ҚАЛАЙ?

Газет халықтың жаршысы болғандықтан, қоғамдық ойдан бейтарап қала алмаймыз. Бүгіндері әлеуметтік желілер ақпарат таратуда алдыңғы лекке шықты. Кез келген өзекті мәселе сол жерде «тұтанып», қоғамға жайылатыны белгілі. Бұл бір жағынан «Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын» боқтампаз шенеуніктерге, бос сөзге үйір басшыларға «Үй артында кісі бар екенін» естеріне салуға таптырмайтын құрал болып тұр. Әйтпесе, «Күлдіремін деп бүлдіретін, жұбатамын деп жылататын» «данышпандар» не істемей жатыр. Күлкіге қарық қалған министр, тұрғындарына мазақ болған әкім, параға құныққан жол сақшысы т.б жағымсыз әрекеттер әлеуметтік желіге «азық» болып жүр. Жасыратыны жоқ ол жақта да отыратындар ала-құла болғанымен, көбінің көзі ашық, көкірегі ояу. Сондықтан да болар белсенді. Билік тарапынан айтылған әр сөзге терең мән беріп, артық-кемін саралап отырады.

«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген тәмсілге сүйенсек, оғаш қылығымен халықтың ашу-ызасын тудырған қайраткерлер көп. Өнерімен елді тамсандырған әзілкеш Бауыржанның қонақ үйдегі дөрекі мінезі мен былапыт сөздеріне атақ-абыройы қорған бола алмады. Бет-пердесі ашылды. Досқа таба, дұшпанға күлкі болды.   Мұндай мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады.   Әріге бармай-ақ қоялық, елдің ашу-ызасын туғызған даулы оқиғалар Парламентке де сабақ болса керек еді. Өйткені Мәжілісте табаны күректей 10 жылдан артық отырған «ең көне» экс – депутат Мұхтар Тінікеев Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Николай Полевойды ұрып, балағаттаған видеосы оның абыройын тас – талқан еткені есімізде. Сол кезде көпшілік халық біз сеніп отырған депутаттар осындай қадамға барса, ертеңіміз не болмақ?- деп  өкпе-наздарын жасырмай жазып жатты. Негізінен ел алдында жүретін азамттар «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ» қойып жүргені дұрыс – ау. Әйтпесе бастарынан дау-дамай арыла қоймас.

Күні кеше Мәжілісте өткен үкімет сағатында вице-спикер Владимир Божко ауыл жастарының қалаға келуіне шектеу қою керектігін айтамын деп әлеуметтік желінің «қан қысымын» көтеріп жіберді. Айтар ойын дұрыс жеткізе алмай қалды ма, әйтеуір, көптің қарсылығына тап болды.

Парламентте өткен Үкімет сағатындағы Владимир мырзаның мына сөзін көпшілік жүректеріне ауыр алып қалды. «Виртуалды кеңістікте зұлымдықтың, экстремизм мен радикализмнің, өтіріктің тілі басымдық алып отыр. Мәселен, «Абу-Даби Плаза» кешенінде болған жағдай бізді ойландырып қойды. Әрине, бұл жағдай ІІМ, ҰҚК өкілдері мен Астана әкімдігінің дер кезінде әрекет етіп, уақытылы ақпарат таратып отыруының арқасында ауыздықталды. Бірақ, осымен қатар әлеуметтік желілерде ойдан құралған жалған ақпарат тартып, жағдайды ушықтырғысы келетіндер саны көп болды. Бұл ақпараттарға ауылдан қалаға жұмыс істеуге келген жастар бірінші болып үн қатты», – деді ол.

Бажко мырза мұнымен тоқтамай, осыдан бірнеше жыл бұрын Астанадағы “Артем” базарындағы оқиғаны еске түсірді.  Бір әйелдің жалған ақпаратының соңы жаппай төбелеске ұласқанын әңгімеледі.

Сосын ойын былай өрбітті. «Бұл жағдайлар бізге алдын алу керектігін көрсетіп отыр. Ең алдымен ауылдан қалаға келіп жатқан жастардың санына шектеу қою керек. Жастардың қалаға келуіне себеп болып отырған ауылдағы жұмыссыздықты жою керек ең алдымен. Ауыл жастары лайықты өмір сүруі үшін олар жұмыспен, баспанамен, заманауи әлеуметтік-мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек», – деп нақтылауды да ұмытпады.

Депутаттың осы мәлімдемесіне қарсы жазылған әлеуметтік желідегі ашу-ызаға толы пікірлерді көшіріп басуды қолай көрмедік. Өйткені онда жеке басқа қатысты, ұлт араздықты тудыратын сөйлемдер көп. Оны кез келген адам сол жерден оқи алады.

Әрине, депутат,  ауыл да жастарды ұстап қалу үшін әлеуметтік проблемалардың шешілуі керектігін  айтып отыр. Бірақ өзі сол ауыл жастарының жұмыссыз жүргендігін алға тартып, олардың келешегінің қандай болатынына жүрегі ауырып,  тым болмаса Үкіметке бір рет депутаттық сауал жолдамағанын ұмытып кеткені қалай?  Ауылда жастарды ұстап қалатын небір керемет бағдарламалардың іске аспай жатуына кінәліні іздестірсе оған кім қой депті! Содан кейін құрылыста табан ақы маңдай терімен жұмыс жасап, отбасыларын асырап отырғандарға да бір сәт көңіл бөлсе қанекей.   Қолында білдей бір депутаттық мандаты бар адам кез келген министрлікті тарыдай қуырып жіберуге қауқарлы емес пе?.

Сосын депутат мырза мынаны да есте ұстағаны абзал. Кешегі кеңес заманында қазақтарды қалаға есеппен орналастыруға байланысты жасырын қаулы да болыпты. Соның зардабын тартқан адамдар ортамызда жүр.

Белгілі саясаткер Мурат Абенов депутат Бажконың осы мәлімдемесіне әлеуметтік желіде былайша тіл қатты.  «Ауыл жастарына қарсы шықты ма Божко?

Эй мынау депутат не дейді? Қай елге қай халаққа қызмет жасайды өзі?

Ауылдың жастарының қалаға келүін азайту керек деген ұсыныс баяғы СССР ды аңсау ма сонда. Ол кезде ауыл тұрғындарын қалаға көшуді «прописка» арқылы шектеп, тек басқа республикардан келгендерге жағдай жасалған еді. Дәл соны қайтадан жасамақшы ма сонда?

Абу Даби төбілесінен кейін қазақстан жастарын ауылдан шығармай, барлық жағдайды шетелдіктерге жасаумыз керек екен ғой?

Ел басы “Серпін” бағдарламасы арқылы жастарды ауылдан қалаға көшір деп қайта қайта тапсырма бергенде, Божко керісінше қаладан қайту керек ауылға деген ұсынысы мемлекеттік саясатқа қарсы емес пе? Керісінше аулдың жастарын көбірек көшіріп жақдайын жасау керек деудің орнына, бүкіл Қазақ елінің ақшасына салған қалаларды өз азаматтарымызға қимаймыз ба?

Бұл ұсынысын Конституцияға сәйкестігін тексеру керек. Ата заңымыздын 14 бабына сәйкес бір де бір азамат тұратын жері бойынша дикриминацияға ұшырамау керек делінген.

Сонда депутаттың бұл ұсынысы ауыл жастарын құқығын шектеу болып табылмай ма?

КӨШІ-ҚОН ПРОБЛЕМАСЫ ӘЛЕМДІ АЛАҢДАТЫП ОТЫР

18 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Екі дағдарыс тарихы: Көші-қонның, білім мен дамудың, ырықсыз экстремизмді болдырмаудың өзара байланысы» атты өңірлік семинары өтті.

Іс-шара Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттінің (USAID)«Абырой және құқық» атты жобасы аясында өтті. Оны Халықаралық көші-қон ұйымы, Елбасы кітапханасы, БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасы мен ЮНЕСКО-мен бірлесіп ұйымдастырды.

Аталмыш өңірлік семинардың мақсаты – радикализацияға қарсы шараларды іске асыру және күшейту саласындағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан елдері үкіметінің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарының әлеуетін күшейту, экстремизмнің білім мен даму арқылы алдын алу амалдарын талқылау. Семинар барысында мигранттардың осалдық факторларына, олардың ырықсыз экстремизм насихаты ықпалына түсу мүмкіндіктеріне айрықша көңіл бөлініп, Орталық Азия мигранттарына тән негізгі қасиеттерге талдау жасалды.

Жиында алғашқы болып сөз алған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдардың кандидаты Тимур Шаймергенов былай деді.

– Көпшілік көші-қонды трансшекаралық ауысулар статистикасының бірыңғай цифрлары ретінде, еңбек нарығының индексі мен заңнамалық бастамалар ретінде қабылдайды. Бүгінде біз әріптестерімізбен бірге көші-қонның адами келбетін көрсетсек дейміз. Сандар астарларында адамзат тағдырының бар екенін түсінген жөн, – деді ол. Орталық Азиядағы USAID өкілдігінің демократия және мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі бөлімінің аймақтық директоры Стефани Гарви ойын былай өрбітті.

– Күллі әлем азаматтарымен бірге біз ырықсыз экстремизмге қатысты алаңдаймыз. Өкінішке қарай, бұл құбылыстан ешбір аймақ қорғалмаған. Біздің жобамыз экстремистік топтардың еңбек мигранттарын жинауына септігін тигізетін факторларды төмендетуге бағытталған. Бұл семинар өңірлік мигранттарды ырықсыз экстремизмге итермелейтін қозғаушы күштерді тереңірек ұғынуға, аталмыш факторларды төмендету шараларын анықтауға мүмкіндігін береді. Семинар барысында біз білім мен БАҚ рөлін, әлеуметтік инклюзивтіліктің маңыздылығын, ырықсыз экстремизмді болдыртпау стратегиясын қабылдаудағы маңызды факторларды ортаға саламыз. Бар күш-жігерімізді біріктіріп қана біз бұл ахуалға ықпал етіп, экстремизм пайда болуының алғышарттарына кедергі жасай аламыз, – деді Стефани Гарви.

Семинар бағдарламасы аясында ХКҚҰ Алматыдағы кеңсесінің жетекшісі, Орталық Азия жөніндегі ХКҚҰ үйлестірушісінің орынбасары Татьяна Хаджиэммануэльде өз  пікірімен бөлісті.

– USAID пен ХКҚҰ 2001 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеді. Бірер жыл бұрын біз Орталық Азиядағы осал әлеуметтік топтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жобаға кіріскен болатынбыз. Елге қайта кіруге тыйым салынғаннан кейін еңбек мигранттарының Ресей Федерациясынан Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдеріне қайту үдерісін байқадық. Сондай-ақ көші-қон бағытының өзгергенін де айта кеткен жөн. Көптеген еңбек мигранттарының енді Қазақстанға жол тартуы Орталық Азия елдері азаматтарының Қазақстан халқымен мәдени жақындастығынан қарқындап келеді. Мұндай құбылысты ХКҚҰ болжаған болатын. Еңбек мигранттары ретінде әйелдердің көші-қоны өсті. Осал санатқа кіретін әйелдер қауымы жанұясын тастап, табыс көзін іздеуге кеткенде жанұя мен ондағы балаларға қауіп тиеді. Біздіңше, мигранттардың құқығы оларды өзге елге жіберуші мемлекеттен бастап қорғалуы керек. Оларды жөн-жосық көрсетудің, бара жатқан елге қатысты толық ақпарат берудің, тууы мүмкін қауіптерден хабар берудің маңызы зор, – деп Татьяна Хаджиэмануэль іс-шара қатысушыларына «Мигранттар: Орталық Азиядағы көрінбейтін күш» атты оқиғалы суреттер трейлерін ұсынды.

ОА ХКҚҰ дайындаған трейлер мигранттардың тұрмысы мен болмысынан сыр шертеді.

Іс-шараның келесі бөлімінде ХКҚҰ,USAID, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Мигранттардың осалдығы және Орталық Азиядағы ықпалдастықтың қажеттігі» атты бірлескен өңірлік зерттеулеріне шолу жасалып, «ЕЭО-дағы Қырғызстан мүшелігінің екі жылдығы: аралық нәтижелер» тақырыптық зерттеуі жүргізілді.

ХКҚҰ аймақтық бағаларының нәтижелері мен ұсыныстарынан кейін жерігілікті халық тұтастығының,  осал мигранттар мен аймақтық ынтымақтастық құқықтарының мәселелері ұсынылып, мигранттар құқығын жүзеге асыруға ықпал ететін мүмкіндіктер мен сынақтар, әлемдік тәжірибелер талқыланды.

 

Нағашыбай Қабылбек

 

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған