Нұрсұлтан Назарбаев: «Солтүстік Қазақстан – астық өндірудің үздік өңірі»

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы жұмыс сапары аясында дәнді дақыл алқаптарымен танысып, Спорт сарайында облыс жұртшылығымен кездесті деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жұмыс сапары аясында Н.Ә. Назарбаев ең алдымен Петропавл қаласындағы халықаралық әуежайдың жолаушылар терминалы мен ұшу-қону алаңын қайта салу жұмыстарымен танысты.

Қазақстан Президентіне рөлдік жолақ пен перронды, жарықтандыру құрылғыларын, жолаушылар терминалын жаңғырту жұмысының барысы мен әуежайдың даму болашағы туралы ақпарат берді.

dsc_3318

Одан әрі делегаттар тобы Қызылжар ауданында орналасқан «Шағала Агро» ЖШС алқаптарындағы дәнді дақылдардың жай-күйімен танысады деп жоспарланған. Мұнда астық үю мен бастыру жұмыстары жүргізілуде. Онда егін орағы туралы шаруашылық директоры Жомарт Омаров баяндады. 

Мемлекет басшысы аталған шаруашылықтағы және жалпы Солтүстік Қазақстан облысындағы астық ору науқанының қарқынына оң баға берді. Биылғы жылы СҚО бойынша астық және бұршақ тұқымдас дақылдар 3 миллион 217 мың гектардан астам жерге егілсе, ал майлы дақылдар 512 мың гектардан астам аумаққа себілген.

«Өткен жылы астық дақылдарының өнімділігі гектарына 25,5 центнерді құраса, ал майлы дақылдардың әр гектарының өнімділігі 12,7 центнерді құрады», – деді ЖШС директоры Жомарт Омаров.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев механизаторлармен әңгімелесті. Ұлт көшбасшысы серіктестік жұмысын жоғары бағалап, бұл еңбек Солтүстік Қазақстан облысының келешегінің көрінісі екенін жеткізді.

«Сіздің шаруашылығыңыз Солтүстік Қазақстан облысы тек қана астықты өңір емес екенін дәлелдеді. Бұл жерде майлы дақылдардың барлық түрі жақсы өседі. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылық саласында барлық негізгі мәселелер шешілді. Ендігі кезекте өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

dsc_3167

Өз кезегінде шаруалар Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан тиімді мемлекеттік саясат пен жан-жақты қолдауы үшін алғыстарын жеткізді.

Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға өнімді еңбек пен табыс, береке тіледі.

Сондай-ақ сапар барысында Қазақстан Президенті Солтүстік Қазақстан кәсіпорындарында шығарылған ауыл шаруашылығы техникаларының үлгілерімен танысты.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов кәсіпорынның өнімділігі мен даму болашағы туралы баяндады.

Мемлекет басшысына өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуы жөнінде негізгі көрсеткіштер бейнеленген стендте облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ақпарат береді.  

dsc_3581-1

Одан әрі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Шағала Агро» ЖШС аумағында ұйымдастырылған солтүстікқазақстандық өнім көрмесімен танысты. Мұндағы көп сауда белгілерімен таныс екенін Елбасы кездесу барысында атап өтті.

Петропавл қаласында Мемлекет басшысы Спорт сарайына барды. Онда солтүстікқазақстандық спортшылардың қатысуымен оқу-жаттығу сабақтары мен көрсетілімдер өтті.

Әрі қарай Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев акт залында Солтүстік Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті.

dsc_3999

Кездесуге кәсіпкерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, ардагерлер, жастар белсенділері, бұқаралық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің көшбасшылары қатысты.

Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысы республикалық астықтың үштен бірін өндіретін мемлекетіміздегі алдыңғы қатардағы аграрлық-индустриялық өңір екенін атап өтті.

«Мен жаңа диқандармен кездестім. Осындай астық пен осындай орақ науқанын көрудің өзі бақыт. Қуатты комбайндар, гектарына 25-30 центнер өнім алу – бұрын-сонды болмаған жақсы көрсеткіш. 5,6 млн. – бұл рекордтық көрсеткіш. Солтүстік Қазақстан – ең алдымен астық қоймасы, астық өндірудің ең үздік өңірі. Биылғы жыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен дәл келіп отыр. Оны жақсы көңіл-күймен қарсы алатын боламыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

dsc_4100

Сонымен қатар Қазақстанның бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудағы облыс үлесіне үлкен назар аударылды. Қазақстан Президенті тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерге тоқталып, қазақстандық отбасының одан әрі дамуы мен гүлденуі жолында әлі де талай жұмыс атқару қажеттігін айтты.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов баяндады. Өңір басшысы тәуелсіздік жылдарында ауыл шаруашылығы кешендерінде еңбек өнімділігі үш есеге дейін артып, адам басына 1,7 млн. теңгені құраған.

«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің тапсырмаңыз бойынша облыста егін алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Шаруалар май, астық және бұршақ дақылдарын өсіру мен өңдеудің экономикалық тиімділігін бағалап үлгерді. Мысал ретінде, жасымықтың бір тоннасы 200 мың теңгеден артық бағаланады, бұл астық бағасынан 4 есеге артық», – деп хабарлады Ерік Сұлтанов.

Облыс әкімі өз баяндамасында әлеуметтік маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды.

dsc_3940

«Мемлекеттік қолдаудың арқасында былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артық пәтер салып, пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 33%-ға арттырамыз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 2014 жылы магистральді желілердің тозу көрсеткіші 88%-дан асқан болатын. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен атқарылған жұмыстардың арқасында бүгінде аталған көрсеткіш 72%-ға төмендеді. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасып, тозу көрсеткіші 60%-ға дейін төмендейді», – деді өңір басшысы.

Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатының артқаны жөнінде солтүстікқазақстандықтардың өздері де айтты. Кездесуге түрлі сала мен кәсіп иелері қатысты. 

«Якорь СК» ЖШС директоры Владимир Очеретенко өз кәсіпорынының Президент тапсырмасын орындаумен айналысатынын атап өтті. 

«Сіз өз баяндамаларыңыздың бірінде канадалық шаруаларды мысалға келтіріп, гектарына 25 центнер өнім алатыны туралы айтқаныңызды естіген едім. Біздің алқаптарда көрсеткіш бұдан жоғары. Бидай өсіру – біздің жұмысымыз, өміріміз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында СҚО мемлекеттің басты астық қоймасы болды және солай бола береді», – деп атап өтті шаруа.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысушылардың назарын Солтүстік Қазақстан облысының жетістігі – ауқымды әрі бірлескен жұмыстардың қорытындысы екеніне аударды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы кооперативтер құрып, экспорт көлемін ұлғайтуды, өндірісті әртараптандырумен айналысуды және жаңа жетілдірілген бидай сұрыптарын енгізуді қолға алуды тапсырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған