Нұртөре Жүсіп. Елбасының ұлттық идеясы

Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазіргі қазақ қоғамының алдына өте үлкен, айрықша маңызды мәселелерді қойды. Абай өзінің әйгілі «Қарасөзі» арқылы қазақты ХХ ғасырға даярласа, Нұрсұлтан Назарбаев ел-жұртты ХХІ ғасырға даярлаудың жолын нұсқады. Өте қуатты, жасампаздық пен жігерге толы мақала.

Елбасы сөз басын, яғни кіріспеде «Мен еліміз мықты, әрі жауап­кершілігі жоғары Бір­тұтас Ұлт болу үшін бо­лашаққа қалай қа­дам басатынымыз және бұқаралық сананы қа­лай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көр­дім», – деп бастаған. Осындағы Біртұтас Ұлт деген ұғым­ға ерекше екпін бере қараған абзал. Мемлекет басшысы осыған дейінгі ширек ғасырлық сындарлы саясатында «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген ұстанымды басшылыққа алып келді. Енді, еліміз Тәу­елсіз мемлекет ретінде мық­тап орнықты. Мем­лекет­тіліктің барлық атрибуттары қалыптасты. 25 жылдық межеден кейін еліміз жаңа дәуірге – жа­ңару, жаңғыру заманына аяқ бас­ты. Пре­зи­денттің би­ылғы халыққа Жол­­да­уын­­да Қазақстанның үшін­ші жаң­ғыруы туралы айтылды. Міне, нақ­ты сая­си және экономикалық жаң­­ғырулардың қатарына Рухани жаңғыру идеясы қосылды. Осы арқылы Елбасы қазақ­тың ұлттық идея­сын тұтас тұжырымдап, нақ­ты ай­қын­дап, жаңа ға­сырдағы ау­қым­ды мақсат­тар мен мін­деттерді бел­гілеп берді.

Қазақтың ұлы ойшылы Абай туралы текке айтып отырған жоқпын. Абай өз заманынан озып, «көп тұ­ман келер заман» деген ке­лешек көк­жиегіне көз жүгірткен жан. «Мал тапса, қарын тоя­ды. Онан соң, бі­лім түгіл өнер керек екен. Со­ны үй­ренейін, не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. За­ра­рынан қа­шық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғы­лымын білмек керек. Оның себебі, олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, кө­кі­рек-көзің ашылады», – деп кетті Абай. Биыл құрыл­ғанына 100 жыл тол­ған «Алаш» қозғалысының ба­сы-қа­сында жүргендердің бәрі де Абайдың шәкірттері. Абай қа­зақтың бір ғасырлық даму кезеңін ерте бағдарлап берді. Алаштықтар сол Абай идеясын жүзеге асыруға ұм­тылды. Бірақ тағдырдың тезіне түс­ті, солақай саясат­тың сығымына тап болды, қанаттары тым ерте қыр­қылды.Ұлт жолында құрбан болды.

Нұрсұлтан Назарбаев та Абай сияқты келешектің кел­бетін елдің бәрінен бұрын көріп отыр. «Табысты болу­дың ең іргелі, басты фак­торы білім екенін әр­кім терең түсінуі керек. Жастарымыз басым­дық беретін меже­лердің қатарында бі­лім әр­дайым бірінші орын­да тұруы шарт. Се­бебі, құндылықтар жүйесінде бі­лім­­ді бәрінен биік қоятын ұлт қана табыс­қа жетеді», – деуінде үлкен мән-мағына бар.

Нұрсұлтан Әбішұлының ағыл­шын тілін меңгеру тұрғысында айтқан мына сөзіне зер салайықшы: «Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапа-тармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үй­ренуіміз керектігі еш дә­лелдеуді қажет етпейтіндей. Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма? Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жа­һандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты. Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді. Бірін­шіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қа­тысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Екін­ші­ден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзге­рістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тә­сілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өз­ге­реді. Біз бұған да дайын болуымыз керек. Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық же­тіс­тіктерін бойға сіңіру мүм­кіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі».

Абай тірі болса, тап осындай мазмұндағы сөзді ай­татын еді! Ұлы ойшыл мен ұлы саясаткердің ойы бір төңіректен шығып отыр­ғанына қалайша қайран қалмайсыз?!. «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арза­нырақ түседі… Мал­ды қалай адал еңбек қыл­ғанда табады екен, соны үй­ретейік, мұны көріп жә­не үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұрт­қа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көн­бес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек», – дейді Абай. Жұртына жауығып айтқан жоқ, жаны ашып айтты. Ке­мел ойлы кемеңгер сондай сөзді айта отырып, қа­зақтың кертартпа мінезі мен қалыбын сын тезіне салған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев та тап солай жол сілтеп, ба­ғыт-бағдар беріп отыр. Жүре жұққан зарарлы дағ­ды, кежегеден кейін тартар кесір мінездерден арылу керектігін Президент те нұсқап кетеді. «Жаңа тұр­патты жаңғырудың ең басты шар­ты – сол ұлттық кодыңды сақ­тай білу. Онсыз жаңғыру деге­ні­ңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді ны­­ғайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық».

Біртұтас ұлт болу, бәсе­келік қабілетті арттыру, мәдени және сана ашық­тығына ұмтылу, қанымызға сіңген, тамырымызда бүл­кілдеген ізгі қасиеттерді қай­та түлету, қана­ғат­­шыл­дық, қарапайымдылық, үнем­­шілдік сияқты болмыс-бітімге қол жеткізу – ұлт мұраты. Әсіре­се, ұлт­­тық бір­­­тек­тілікті сақтау, ұлт­тық код­­­ты жойып алмау деген өзек­ті мә­селелерді со­қырға таяқ ұстат­қан­дай етіп, көр­сетіп беруі Елбасы мақа­ла­сы­ның салмағын арттыра түседі.

«Іс тетігін кадр таба­ды» деген мазмұндас мә­телді тіл ұшына тиек етер болсақ, Елбасы ай­қын­дап, белгілеп берген ұлан-ғай­ыр істердің бәрін жүзеге асыруға ма­қалада айтыл­ғандай, «бәсекеге бей­ім­делген мамандар» керек. Ол қайдан шығады? Жаңа буыннан, жас ұр­пақтан шығары сөзсіз. Сондықтан, Елбасының мақаласын бар­­ша қазақ баласы жата-жас­тана оқуы, ой тоқуы, бел буып, білек түрініп, жүзеге асыруға жаппай атсалысуы тиіс деп есептеймін.

Тұтас ұлттың намысын қай­рай­тын, жігерін ұш­тайтын осындай сөз керек еді. Елбасы сергек сая­саткерлігін көрсетіп, Алты алаштың баласына аталы сөз айтты. Ендігісі – ел-жұрттың қолындағы, Тәуелсіздік жолындағы мәселе. Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Egemen.kz 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған