Н.Нығматулин: Базарда жүресіз, енді өңірлерді аралаңыз!

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке өңірлерді аралауға кеңес берді.
«Руслан Ерболатұлы, өз қызметіңізде базарларда түсірілген фотосуреттерді белсенді қолданатыныңызға қарағанда, сіз сонда жүресіз. Бұның өзі жақсы. Егер өңірлерге шыға бастасаңыз, ол жерлерде тағы бір проблеманы көресіз. Биыл Павлодар облысынан бастап, бүкіл Қазақстан бойынша картоп пен қияр сатылымы құрдымға кетті. Бұның себептерінің бірі — нарықта тауарлардың көптігі, оның ішінде екіжақты келісімшарттар бойынша төмендетілген баж салығымен келген тауарлардың көптігі. Сіз министр ретінде бүкіл осы тізімді қарап шығыңызшы. Себебі, біз қазақстандық тауар өндірушілердің, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін Үкімет тарапынан қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін істеуіміз керек», — деді Нұрлан Нығматулин.
Еске салсақ, Ұлттық экономика министрі Үкімет отырыстарының біріне базардағы көкөніс пен оның бағасы бейнеленген фотосуретті әкелген болатын. Осылайша, Руслан Дәленов нарықтағы бағаны қадағалауда ұстап отырғанын көрсеткен еді.

Е.Назым

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған