Озық тəжірибе Оңтүстікте жүзеге асады

Оңтүстік Қазақстан облысы мамандарының Түркия Республикасында тәжірибе алмасуы жалғасуда. Анкараға барған оңтүстiкқазақстандықтардың бұл жолғы құрамында қаржы, жол құрылысы, энергетика, туризм салаларының мамандары мен БАҚ өкілдері, жалпы 22 адамнан тұратын делегация барып қайтты.

Түркиядағы сапарлары туралы ОҚО Аймақтық коммуникация қызметінің алаңына келіп өз ойларымен – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Н.Көшеров, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшының орынбасары Қ.Тастанов, қаланың сәулетшісі Н.Архабаев бөлісті.

4758f3d2-e61b-4c75-9794-506fcfd350c8

Олардың айтуынша, өңірден барған делегаттарды Анкара қаласы Мэры орынбасарының көмекшісі Юнус Алуч күтіп алып,  қаланың тарихы мен қазіргі таңдағы жағдайы туралы және алдағы даму жоспарларымен таныстырған. Сонымен қатар, оңтүстікқазақстандықтарды Анкара қаласының Мэры М.Гекчек пен Түркия Республикасының  Анкара қаласындағы Қазақстан  елшілігінің  үшінші хатшысы  М.Отарбаев  қабылдаған.

Сапары барысында делегаттар «Дикмен» шатқалына, «Солтүстік Анкара» жобасы бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің  құрылысы және шатқалдарды абаттандыру барысын, көпқабатты тұрғын үйлердің сырт келбетімен танысты. Мамандар аралау барысында  Анкарадағы құрылыстың қысқа мерзімде және үш жолақты көшелердің құрылысы 5 ай мерзімде аяқталатынын жеткізді. Сонымен қатар, олар ірі өндіріс орындары шоғырланған   «Синджан»  индустриалды аймағында болып, бірқатар кәсіпорынның   жұмысын аралап көрген.

Өз кәсібін ашып, жұмысын дөңгелетем деген адамға «Cинджан» аймағында  жер  телімі сатылады. Билік  сол  қаражатқа  инфрақұрылым тартып, кәсіпкерге 3 жыл мерзім береді.  Осы уақытта өзін көрсете алмаса, жер мемлекет меншігіне қайта өтеді екен. Бүгінде онда 6 экономикалық  аймақ бар болса, оларда 35 мың азамат еңбек етеді.   Туризмі дамыған және өнеркәсібі кеңге қанат жайған бұл елде жұмыссыздық жоқтың қасы дейді.

Брифингте сондай-ақ, спикерлер қоқысты да кәдеге жарататынын айтып, Анкарада күніне 15 мың тонна тұрмыстық қалдықты қайта өңдейтін 2 кәсіпорынның жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Сонымен қоса, олардың әрқайсысы сағатына 45 МвТ электр энергиясын өндіретінін мәлімдеді.

Сонымен қатар, осы күндері облыстағы 15 дәрігер Анкара қаласында болып, онкология, кардиология, травматология, ана мен балаға медициналық жәрдем көрсету бағыттарында тәжірибе алмасып, біліктіліктерін жетілдіріп келді. Айта кетейік, бұған дейін, өңірімізден өз саласының дамуына үлес қосқан білім, денсаулық және мәдениет салаларының қызметкерлері жалпы 110 адам Түркия Республикасында тәжірибе алмасып, білімін шыңдап келген болатын.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған