Олжас Сүлейменов Оңтүстікте

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ақын, қоғам қайраткері  Олжас Сүлейменов  және Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполовпен кездесті. Кездесу барысында облыс әкімі аймақтың экономикалық жағдайын, мәдениет, руханият саласындағы атқарылған жұмыстарды сөз етті. 

«Сіздің еліміздің руханият саласына сіңірген еселі еңбегіңіз бен  шығармашылығыңыз  болашақ зиялы қауым мен бүгінгі жастарға үлкен өнеге. Елбасы сіздің ерен еңбегіңізді ерекше бағалап, 80 жылдық мерейтойыңызда «Қазақстанның Еңбек Ері» алтын жұлдызымен  марапаттағанын білеміз. Бұл сізге көрсетілген лайықты құрмет пен баға деп білемін. Сіз қазақ зиялыларының көшін бастап отырған тұлғаларымыздың бірісіз. Сондықтан сіздің Оңтүстікке атбасын бұруыңызға ерекше қуаныштымын», – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Ақын Олжас Сүлейменов өз кезегінде облыс әкімінің ыстық ілтипатына алғыс білдіріп, еліміздегі мәдениетке қолдау білдіріп, әдебиетті дамыту, татулық пен азаматтық келісімді нығайту мақсатында қоғамдық жұмыстардың маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етті.  

«Оңтүстік мен үшін орны ерекше өлке. Мұндағы халықтың ыстық ықыласы жан жадыратады. Жері шұрайлы, елі шырайлы өлкенің даму қарқыны бәсеңдемей, өркендей түсетініне кәміл сенімдімін. Жұмыстарыңызға табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін» , – деді Олжас Сүлейменов. 

Олжас Сүлейменов  оңтүстікке жасаған сапары барасында  облыс жастарымен жүздесіп,  ғалымдары мен зиялы қауым өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр. 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған