Оралда жазушы Бақтығұл Ойшыбаевты еске алу кеші өтті

Бүгін Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақтығұл Ойшыбаевты (1940-1997) еске алуға арналған «Қаламы жүйрік жазушы» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.  Осынау шараға Алматы, Астана қалаларынан арнайы келген меймандар мен Жайық жұртшылығы алдымен Қадыр кабинетінде жасақталған Бақтығұл Ойшыбаевқа арналған естелік бұрышымен танысты. Концерт залында өткен еске алу кеші жазушы-журналистің өмір белестері бейнеленген театрландырылған қойылыммен ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов өңірдің баспасөз саласында ұзақ жыл қажырлы еңбек еткен қаламгердің есімі ұмытылмайтындығын жеткізді.

Сондай-ақ ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева, жазушылар, Мемлекеттік сыйлықтың және М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов пен Алтыншаш Жағанова естеліктерімен бөлісті. «Бақтығұл небәрі 57 жасында өмірден озды. Ол өзінің даңқты жерлестері, Алаштың көрнекті қайраткерлері Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер жөнінде деректер жинастырып, роман жазуды ойластырып жүрген. Өкінішке қарай, үлгере алмай кетті. Ол өз туындыларында, әсіресе, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін, мінез-бітімін шынайы бере білді.

Сондықтан да Бақтығұлды замандастары ерекше құрметтейтін», деді өз сөзінде жазушының досы С.Досанов. Бақтығұл Ойшыбаев Сырым ауданында жергілікті газетке басшылық жасай жүріп, өзінің көрген-білгенін көркем тілмен кестелеп, әділдік туын көтере білді. Қаламгердің жары Мәнира Зәкірқызы мен ұлы Кемелбек Ойшыбаев құрметті қонақтар мен шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Шара барысында облыс өнерпаздары әуелете ән шырқап, кеш шырайын аша түсті. Айта кетейік, бұрынғы Тайпақ (қазір Ақжайық) ауданында дүниеге келген Бақтығұл Ойшыбаев 1966 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін республикалық «Лениншіл жас», Тайпақ, Жымпиты аудандық газеттерінде қызмет етті. Әсіресе, Жымпиты (қазіргі Сырым) аудандық газетіне көп жыл басшылық етіп, жастарды тәрбиелеп, кейінгі буынның қалыптасуына айрықша еңбек сіңірді. Ауылда жүріп те, көркем шығармалар жазуын тоқтатпаған қаламгер 1983 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне қабылданды. Көзі тірісінде «Алыстан көрінген от», «Қимас күндер» атты жинақтары жарық көрсе, 2010 жылы ұрпақтарының құрастыруымен «Өмір белестері» кітабы басылып шықты.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/oralda-zhazushy-baktygul-oyshybaevty-eske-alu-keshi-otti_a3053658

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған