Орта білім беру мазмұнын жаңарту жүйесі не береді?

Реформа. Соңғы онжылдықта бұл сөз білім беру саласына қатысты тым  жиі айтылып келеді. Күн тәртібіне қатаң қойылған сол реформалардың көш басында орта білім беру мазмұнын жаңартумен соған сәйкесінше педагогика мамандарының біліктілігін арттыру мәселесі тұр. Елбасы тапсырмасынан негіз алған бұл жаңғырту әлемнің дамыған елдерімен білім және ғылым тұрғысынан иық теңестіру мақсатын көздейді. Білім және ғылым министрінің 2016 жылдың  15 қаңтарындағы  №32 бұйрығында аталған шеңберге сай педагог мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламалары бекітілді. Арнайы әзірленген бағдарламаларға сүйеніп, «Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлескен сипатта аталмыш жаңартуды іске асыру мақсатында ел аумағында 2016 жылдың 30 мамырынан  педагог мамандардың біліктіліктерін арттыру курстарын бастап кетті. Қысқа мерзімді бұл курстарды сертификатталған тренерлер жүргізеді. Ағымдағы жылы барлығы 54036 педагог кадрлардың біліктіліктерін арттыру жоспарланып отыр. Курс барысында педагогтар қауымы қазіргі оқыту мен оқудың бүкіләлемдік жаңашыл әдістемелерімен жіті танысып, отандық білім беру саласын реформалау қажеттілігінің туу себептері мен күтілетін нәтижелер жайлы толыққанды мәлімет ала алады. Әсіресе ұлт мектептерінде қазақ тілі пәнін оқытуға байланысты салмақ арта түспек. Жаңартылған бағдарламаға сүйенсек, мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі күрт өзгерген. Алғашқы мақсат — мектеп табалдырығын аттап кірген баланың жазылым, оқылым дағдыларын емес, тыңдалым дағдысын барынша дамытуға күш салынып отыр. Қазіргі ҰБТ кезінде берілген тест сұрақтарына мүдірмей жауап беріп, ал сөйлеу тілі тым жұпыны деңгейдегі   түлектер жазылым мен оқылым дағдыларын ғана дамытуға назар аударудың толыспаған жемісі екені курс кезінде салыстырмалы түрде  орынды, дәлелді көтеріліп отырды. 18 шілде мен 12 тамыз аралығында өткен орыс мектептерінде қазақ тілінен сабақ беретін педагог мамандардың біліктілігін арттыру курсын басты мысалға ала отырып, отандық білім беру саласының бет бұрған заманауи бағытын топшылауға болады. Курс тренері Қоңырова Ақбота Тұрағұлқызы 20 күн бойы талмастан қазіргі білім көгінде атқарылып жүрген реформалардың алғышарттары мен әлемдік стандарттардан қалыс қалдырмайтын әдіс-тәсілдерді мұғалімдер қауымына үйретумен болды. Ұстаздарға ұстаздық ету жалаң дәріс түрінде өткен жоқ. Алғашқы күннен бастап заманауи оқытудың әдіс-тәсілдерін жанды түрде мұғалімдерге көрсете отырып, шынайы әрекеттерімен, терең мағыналы азсөзділігімен баурап алды. 55-топтағы барлық 28 курс тыңдаушысы бірдей жайлы психологиялық ахуалда табылды. Ондай жайлылық пен өзара сыйластық,  сенімділікті ұялатқан Ақбота Тұрағұлқызының биік мәдениеті мен өз ісіне құлай берілгендігі болды. Жасыратыны жоқ, орыс мектептерінде қазақ тілі пәні жарым-жартылай ғана қазақша өтетіні белгілі. Ал Ақбота ұстаз өзі тәлімгерлік еткен мұғалімдеріне қазақ тілі пәнін толық қазақ тілінде жүргізуге міндетті және құқылы екендіктерін жеткілікті түсіндірді.  Қазақ тілі пәнін 50 де 50 қағидасынан арылтудан басталған бұл курстың берері мол болды. Пәнаралық ықпалдастық, критериалды бағалау жүйесі, оқушының дербес тұлғасын қалыптастыру және үздіксіз білім алуға жетелеу сынды қомақты ұғымдар айшықталды. Әр сабақта дәстүрлі педагогикадағыдай жалпы, үстірт мақсат емес, нақты меже көздеу де үйретілді. Сабақ жоспарларының тың үлгілері таныстырылды. Оқушылардың бойында шығармашылықты дамыта отырып, Қазақстанда ұлтаралық тұрақтылық пен татулық, бірліктің тілі етіп қазақ тілін көтеру деген ұлы мүдде жаңартылған бағдарламаның сүт бетіндегі қаймағы іспетті. Курс алғаш басталғанда мұғалімдердің тосырқай қарағаны тым көп кездесетін шетел ғалымдарының есімдері болды. Курс нәтижесі тестілеумен өлшенетіндіктен, бағдарламада кездескен барлық шетелдік ғалымдардың есімдері мен пікірлерін жазып алып, жаттауға тура келді. Сонда кей шетелдік ғалымдардың айтқан пікірлерінің  асып бара жатқан сонылығы, ғылымилығы шамалы. Мысал келтірсем, Рубиннің «тілдік жақсы әдіс-тәсілдер тілді жақсы меңгерген оқушыларды тудырады» секілді пікірін тіпті жас мұғалім де айта алады. Немесе Бергтің «жазылған мәтінді қайта қарап шығу тиімді әрі пайдалы» деген пікірі де қарапайым. Орыстілді бала былай тұрсын, жазған мәтінін қайта қарап шығып, оның сапасын арттыру жұмыстарын  табиғаты қазақ, тілі қазақ бала да жасамай ма?! Мұндай ежелден таныс көзқарастарды баяндайтын шетелдіктерді үлгі ете бергенше, одан да сыбағалы сыр айтқан ұлттық, отандық ғалымдарымыздың еңбектері пайдаланылса жарар еді. Не дегенмен, мұғалімдер «тестілеуде шетелдік ғалымдардың аты-жөндері анталап тұрмаса игі еді» деген күпті көңілмен 12 тамыз күні Алматы қаласында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде онлайн сынақ тапсырды. Абырой болғанда, 55-топтағы 28 ұстаздың бесеуі отыз сұрақты бірдей дұрыс жауабымен тапсырды. Өзге мұғалімдер де Ақбота ханымның еңбегі мен үмітін ақтап, тестілеуден сүрінбей өтті. Мұғалімдер төрт апта бойы алған білімдері мен арттырған біліктіліктерін жаңа оқу жылында қолдануға белдерін бекем байлап тарқасты.

   Алайда бұл орта білім мазмұнын жаңарту берген не берер деп күттіріп жүрген келеңсіздіктер де баршылық. Ұлт мектептеріндегі қазақ әдебиеті пәнінің қазақ тіліне кіріктірілуі мүмкін дескен сыбыс тарағалы бері пән мұғалімдерінен маза қашты. Себебі де түсінікті: жеке пәнді қазақ тілінің құрамдас бөлігі ету қай жағынан алғанда да ақылға қонымсыз. Әрі қазақ әдебиетіндей бай әдебиетті өзге ұлт өкілдеріне таныстыру машақаты өз алдына бір төбе, енді ол қазақ тілінің жай ғана бір тармағы іспетті болып қалса, Абайды «жатырқайтындар» мен Шәкәрімді «шеттететіндердің» қарасы молаймақ. Сонымен қатар, жаңартылған бағдарлама тек бірінші сыныптар үшін ғана қолданылатындықтан, өзге сыныптар бұрынғы жүктемемен оқытыла бере ме?  6  және 9-ұйғыр сыныптары кезінде министр Б. Жұмағұловтың жасаған «шабуылы» кесірінен барлық өзге сыныптар тәрізді аптасына екі сағаттық жүктемеге қысқарып қалған еді. Басқа сыныптар үшін сағат саны қайта толыққанына қарамастан, 2015-2016 оқу жылында да дәл осы қос сынып жұтаңдықтан арыла алмай, қазақ тілін  аптасына екі рет қана  үйреніп келді. Бұл ала-құлалық биылғы оқу жылында теңесер деген үмітіміз бар.

Қорыта айтқанда, жаңартылған бағдарлама үштілдік оқыту мен заманауи әдістемелерді қамтиды. Бұған қарсы мұғалімдер қауымының қарсы айтар еш уәжі жоқ. Тек жаңарту деген атпен қазақ тілінің құзіреттілігі артса да, оның орнына қазақ әдебиеті пән ретінде  «құрбандыққа» шалынбаса екен.

Айзат РАҚЫШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған