Осы жұрт не боп барады?

Бүгін жексенбі. Әйелім бала-шағасымен төркін асып кетті. Қашып кеткен жоқ, балаларым нағашыларын ұмытып қалмасын деп, төбе көрсетуге жібердім. Жалғыз жатсам да ұйқым қанбады. Таң атпай шырылдаған есіктің қоңырауынан жынданып ояндым. Осы жұрт неге маза бермейді?..

— Кім бұл?

— Ағай, мен ғой, Торсық.

— Айналайын, Торсық емес, борсық болсаң да, ертелеп біздің үйді неге мазалап тұрсың?

— Ағай, папам танкі сатып алып еді ғой, соны келіп көріп кетсін дейді.

— Танкі?! Кіммен соғысайын деп жатырсыңдар? Қарағым, папаңа сәлем айт, самолет сатып алса да, баратын уақытым жоқ. Бар, тайып тұр…

Айқайлап қуып жібердім. Төсегіме құлай кеттім. Есікті біреу тепкілеп жатыр. Осы жұрт жынды ма?…

— Кім бұл? Қоңырауды баспайсың ба?

— Кешіріңіз, қоңырау жасамайтын шығар дедім. Мен ғой, Қопаштың баласы Нөкенай…

— Иә, неменеге келдің?

— Папам суда жүзетін үлкен кеме сатып алып еді ғой, соған келсін дейді, көрімдігін берсін дейді.

— Папаңның есі дұрыс па? Бұл ауданда теңіз түгілі, аяқпен кешетін шалшық су жоқ. Кемені қайтеді?

— Ағай, келесіз бе, келмейсіз бе? Келмесеңіз, тізімнен сызып тастаймын.

— Бармаймын, бар әкеңе сәлем айт!

…Жұрт сияқты үйде ешкім жоқта бір тынығып алайын десең, міне, көретін күнің осы. Кеме деген қымбат емес па? Оны қалай сатып алған?

Біреу терезені тырсылдатып тұр. Жапқышты ашып қалсам, көршінің баласы екен. Терезенің форточкасынан айқайладым.

— Есік тұрғанда терезені неге қағасың?

— Ағай, бәрібір емес па?

— Иә, жәй жүрсің ба?

— Қатты жүрсем терезеңіз сынып кетер еді.

— Қылжақтамай шаруаңды айт! — дедім ашуланып.

— Папам Ташкенттен үй салатын қырық өзбек сатып алды, соған той жасап жатыр. Тойға келсін дейді.

— Өзбек сатып алғаны қалай? Бұл адам саудасы ғой. Бұл қылмыс.

— Сіз тойға келесіз бе, келмейсіз бе?

— Келмеймін!

— Неге?

— Шаруаң болмасын, табаныңды жалтырат!..

— Қызғанып тұрсыз ба? Ішіңіз тар екен, — деді де, әлгі жүгірмек терезеге былш еткізіп бір түкіріп, тайып тұрды.

Мына баланың қорлығы өтіп кетті. Бұлар қонаққа шақырғанымен қоймай, адамның жүйкесін тоздырып кетеді.

Осы жұрт не істеп пысық болады?…

Ойланып жатырмын, бұрын қазақ келін түсіргенде, құда келгенде қонаққа шақыратын еді. Қазір не болса соған шақыратын болған ба? Тағы біреу есікті соққылап жатыр.

— Соншама ұрғылап не болды?

— Енді тал түсте есікті жауып алып, не істеп жатырсыз?

— Жексенбі күні демалып жатырмын. Онда сенің не шаруаң бар?

— Ағай, біздің папа деген аудан әкімін, аудандық ішкі істер бөлімін, жер комитетін, қаржы басқармасын сатып алды ғой.

— Қалай?

— Мен қайдан білейін?

— Көкем-ау, олар зат емес қой сатып алатын.

— Білмеймін, сатып алды.

— Мәдениет үйінің директорын неге сатып алмадыңдар?

— Папам айтады, олар мәдениетті қайыршылар ғой дейді.

 — Папаңа айт, министрді сатып алса да бара алмаймын, ұқтың ба?

— Ағай, көре алмайсыз ба немене?

— Иә, көре алмаймын, — дедім жынданып.

— Қазақ сол ғой, «бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды», — дейді әлгі бала. Өзінің жасына жетпей мақалшылын қара.

Осыдан кейін ұйқы бола ма? Есікті ашып тастадым да, беті-қолымды шайып, теледидарды қостым. Тым жақсы жарнама қарап отыр едім, біреу кіріп келді.

— Ассалаумағалейкум, аға!

— Уағалейкумассалам, бұл қай бала?

— Мен ғой, Жанталаптың баласы Қанталап.

— Иә, папаң қонаққа шақырып жатыр ма?

— Папам ақша жеп, былтыр шетелге қашып кеткен.

— А, жолы болсын, жәй жүрсің ба?

— Мамам айтады, біздер ауданды түгел сатып алып едік қой, соған құжаттарын алып келсін дейді.

— Ауданды халқымен сатып алса, мен де сатылып кеттім ба?

— Иә, солай шығар, оны мамамнан сұраңыз.

— Айналайын, қайда шақырып жатыр?

— Үйге.

— Жақсы, міндетті түрде барамын.

Бұған бармасам болмайды. Ауданды қалай сатып алған? Біз бір машина сатып алуға қаражат таппай отырмыз. Қыруар қаржыны қайдан алады?

Осы жұрт қалай жейді?..

Нұрлыбек Жұбатқан

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған