Отбасылық бақыттың кілті — әйел қолында

Отбасы құндылығын  насихаттау мақсатында жас отбасыларға арналған кеңесімді «Жақсылықтың бірін ұмыт, бірін ұмытпа» деп бастағым келeді. Бұл «Өзің біреуге еткен жақсылығыңды ұмыт, ал біреуден көрген жақсылығыңды ұмытпа» дегенді меңзейді.

Ең алдымен жақсылықты өзіңнен, өзіңнің жақын адамдарыңнан бастау керек. Отбасының негізін құрайтын ерлі-зайыптылар алдымен бір-біріне жақсылық жасап, бір-бірімен ақылдасып, келісіп отырса, жақсылықтың үлкені сол. Мұндай отбасында тәлім-тәрбие алған бала да қоғамға отбасынан көрген жақсылығының шуағын шаша жүреді.

Қазақта «әр отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөз бар. Бірақ сол ыдыс-аяқты сылдырлатпау әйелдің қолында. Алайда бұл сөзді тек өз-өзімізді жұбату үшін ғана айтатын сияқтымыз. Өйткені әйел отбасының тыныштығын сақтаса, күйеуіне мойынсұнса, балаларына жақсы тәрбие берсе, «ыдыс-аяқтың да сылдыры» естілмейтін болады.

Отбасының берекесі көп жағдайда неліктен әйелге байланысты деп айтылады, білесіздер ме? Отбасыдағы жағдайы ер-азаматқа қарағанда әйелмен  тығыз байланысты.

Егер әйел шынымен қаласа, шаңырақта бақыт орнайды. Егер қаламаса, ер адам қанша тырысып, отбасын сақтап қалғысы келсе де, шамасы келмейді. Отбасылық бақыттың кілті  әйелдің қолында. Мен мұны өзімнің өмірлік тәжірибемнен білемін және көп жылдан бері отбасылық психолог болып жұмыс істеп келемін.

Бақытты отбасының сыры ең алдымен әйелдің еріне деген құрметінен басталады. Егер күйеуі бір шаруаны ақылдасатын болса, оған қарсы шықпай, сенің көңіліңе қонбай тұрса да, соңына дейін тыңда! Одан кейінгі сиқырлы сөз – «Иә, қымбаттым! Барлығы да сен айтқандай болады».

Егер әрбір әйел осыны түсінсе,  күйеуімен арадағы байланыс жақсара түседі. Бұл сөздерді айтқанмен, тура сол күйеуіңнің айтқанындай етіп орындау шарт емес, бұл жердегі ең басты маңыздысы жылы сөз.

Жұбайынан мұндай жылы сөз естіген, оның пікіріне келіскен әйелмен ер-азамат келісімге келгіш болады. «Жақсы, отағасы, айтқаныңа келісемін, солай еткеніміз жөн шығар» деп әрдайым айтып, әйеліне күйеуі мейірбан болады. Балаларына да көңіл бөлуге уақыт табады.

Ешбір ер-азамат әйелдің бұйрығын орындағысы келмейді, олардың талап қойғанын көтере алмайды. Табиғатында ер адам өзінің ойына алғанын әйеліне мақұлдатуға, орындатуға әрекет жасайды. Ер адам өмір бойы әйелінен әрбір сөзін құптағанын қалайды. «Иә, қымбаттым, сенікі жөн, сенің айтқаның болады», «Дұрыс айтасың, келісемін!» деген сөздерді естігісі келеді. Жұбайлар жарасымдылығын арттырып, отбасындағы ұрыс-керісті тыятын сиқырлы сөздерді сіз де сынап көріңіз, өзіңіз де өзгересіз, жолдасыңыз да сізге риза болады. Ең бастысы, отбасыңызда тыныштық, береке орнайды.

Дана Ертай, ОҚО

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған