Отбасы болу жауапкершілігі

Отбасы мен қоғамда орын алатын келеңсіз жағдайлардың соңы ушықса, бітімгершілік деген ұғымның міндетті түрде сот шешімімен ғана жүзеге асатындығы белгілі жайт. Ал құқығымыздың қорғалып, оқиғаны үлкен дауға ұластырмау үшін де білікті заңгердің көмегі қашан да артықтық етпейді. Осы ретте республикамыздың түкпір-түкпірінен  келіп түскен оқырмандарымыздың хаттарына тұрақты кеңесшіміз Абзал Құспанның жауабын ұсынып отырмыз.

Сұрақ: Сәлеметсіз бе, менің отау құрғаныма 3 жыл болды. Әлі баламыз жоқ. Жақын туысқанымның аяғы ауыр, босана салысымен баланы бізге беруге келісіп отыр. Сәби туыла салысымен оның куәлігінде менің тегімнің жазылғанын қалаймын. Ол үшін мен не істеуім керек, қандай жолдары бар? Қандайда бір бас тарту қағазын алу керек пе, сол жағынан ақыл-кеңес сұраймын. Алдын ала рақмет!

Жауап: Бала асырап алу сот шешімімен жүзеге асады. Ол үшін баланың атаанасы алдын ала нотариус арқылы келісім рәсімдейді. Бала дүниеге келген соң, сол баланы асырап алу туралы сотқа арыз бересіз. Баланың ата-анасы сот шешімі шыққанға дейінгі өздерінің нотариус арқылы берген келісімінен бас тартуға құқылы екендігін де ескерте кеткенім артық болмас.

Сұрақ: Мен 2006 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастым. Кейін маған қызметтік баспана берілген болатын. Қазір он жылдан асты. Қолымда некесіз туылған мүгедек балам бар. Сол үйді жалғызбасты ана ретінде өз атыма аудара аламын ба?

Жауап: Иә, ол үшін сіздің жалғызбасты ана болғаныңыз емес, қызметтік тұрғын үйде 10 жылдан астам тұрғаныңыз жеткілікті. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 101 бабы, 3 тармағына сәйкес, «Мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк ұйымдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыскерлерi, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттiк қызметте, мемлекеттік кәсіпорында немесе бюджеттiк ұйымдарда (мемлекеттiк сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қоса алғанда) кемiнде он жыл (жиынтығында) жұмыс iстесе, қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге құқылы». Сізге жергілікті әкімшілік жанындағы тұрғын үй комиссиясына құжаттарыңызды тапсыру қажет.

Сұрақ: Мен үйленіп ажырасқанмын, ажырасқан әйелімнен екі балам бар, яғни менің жалақымнан қазір 32 пайыз алимент ұстайды. Мен екінші рет отбасын құрдым, қазір бір баламыз бар, әйелім жұмыс істемейді, яғни осы 32 пайызды азайтуға бола ма?

Жауап: Иә, ол үшін сіз тиісті құжаттарыңызды жалғай отырып, жауапкердің тұрғылықты жері бойынша орналасқан сотқа талап арызбен жүгінуіңіз қажет. Талап арызыңызда өзіңіздің отбасылы болып, бала асырап отырғаныңызды және алимент көлемін азайтуға негіз болады-ау деген басқа себептеріңізді көрсетесіз.

Жұлдыз Әбіл

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған