ОҚО-да Президент жанындағы жастардың көшпелі отырысы өтуде

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі Пленарлық отырысы басталды.

Кеңестің жұмысына Үкіметтің мүшелері, Парламент депутаттары мен ОҚО әкімі Ж.Түймебаев, еліміздегі жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар саясаты саласындағы сарапшылар қатысауда.

Пленарлық отырыстың күн тәртібінде қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясындағы қазіргі қазақстандық жастардың құндылық пайымдары және өзекті аспектілері мен жастардың мәдени – демалыс қызметтерін ұйымдастыру жайы қаралды.

Жастармен болған жиында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев бүгінде Қазақстандық жастар бейбіт өмірде, әлемнің кез келген мемлекетімен терезесі тең дәрежеде өмір сүріп жатқанын атап өтті.

«Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен Үндеулерінде де жастарға айрықша көңіл бөліп келеді. Ал биылғы «Бес әлеуеметтік бастамасы» жастарымызға серпін беріп қана қоймай, студент жастардың кедергісіз білім алуына, сондай-ақ жатақхана мәселесі және болашақта өз кәсібімен айналысуға, баспаналы болуды да қарастырып өтті. Ал біздегі жоғары оқу орындарында 7200-ден астам студент-жастар тұратын 26 жатақхана қызмет көрсетеді. Соңғы екі жылда облыста екі мемлекеттік жоғары оқу орнында 1000 орындық жатақхана соғылып, пайдалануға берілді. Ал ағымдағы жылдың ІІ жарты жылдығында студент жастарымызға арналған тағы да екі жатақханың құрылыс жұмыстарын бастау көзделіп отыр»,-деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, әкім Шымкент қаласы аумағында ең үлкен  «Қазақ жаңа инновациялық университет» салу жоспарланып жатқанын мәлім етті. Бүгінде білім ордасына 150 га жер бөлініп отыр екен. Он мыңға жуық студенттер білім алатын инновациялық университетте барлық салалар қамтылып, студенттерге жатақханалар, тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар салу қарастырылған.

Жиында қоғамдық сананы жаңғырту және жастардың мәдени – демалыс қызметтерін ұйымдастыру туралы Дін істері және азаматтық қоғам, Мәдениет және спорт министрлері мен «Жас Отан» жастар қанатының, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағаларының баяндамалары тыңдалды.

Ең бастысы жастардың тарихқа, ұлттық мәдениет пен дәстүрге деген қызығушылығын оятуды айтқан Мемлекеттік хатшы ол үшін үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп  жастар жобаларын әзірлеуді және ұлттық құндылықтарды зерттеу және қолдау орталықтарын ашу қажет екенін атап өтті. Сонымен бірге ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне Алматы, Астана қалалары мен облыс әкімдіктерімен бірлесіп жастардың мәдени – демалыс оырндарын қажетті материалдық-техникалық базамен нығайтуды және спорттық үйірмелерге тегін қатысуына мүмкіндік жасауды айтты.

Бүгінде жалпы облыстағы жастардың саны 750 мың шамасында, яғни, облыс халқының жалпы санының 26 пайызын жастар құрайды. Сондықтанда жастарды жұмыспен қамту жергілікті биліктің басты назарында. Мәселен, «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Серпін», «Жасыл ел» секілді жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда Оңтүстік өңірі алдыңғы қатарда. Атап айтар болсақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 905 жас маман, «Жастар практикасы» бойынша 5204 жас жұмысқа орналасты. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша бөлінген 15 мыңнан астам мемлекеттік гранттың 50 пайызы немесе 7587-сі Оңтүстік жастары. Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланушы жастардың саны да күннен күнге артып, 2015 жылмен салыстырғанда 53,1 пайызға артқан.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.