ОҚО ДА ШАТҚАЛ БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 400 МЫҢНАН АСТАМ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысында «Шатқал» бағдарламасы жер-жерлерде қолға алынғалы бері өңірдің аудан, қалаларында аталған бағдарлама аясында 386631 түп жасыл желек отырғызылды. Бұған бағдарлама аясында Шымкентте ашылған төрт саябаққа егілген 20 мың түптен астам ағаш көшеттерін қоссаңыз, жасыл желектердің жалпы саны 406631-ді құрайды екен.
c434a691-0211-4d01-936d-3d4923c4085f

Сая беретін жапырақты ағаштарды отырғызу жұмыстарының көшбасында аудан, қалалар ішінде Бәйдібек ауданы тұр. Ондағы табиғат жанашырлары бүгінгі таңда бағдарлама аясында 172 мың тұт ағашын, 3050 шырша және 22800 түп гүл көшеттерін Ақбастау ауылдық округіндегі «Домалақ ана» кесенесінің маңындағы 20 га қоршалған жер мен Шаян-Екпінді жол бойындағы 5 га жерге отырғызды. Желектерді отырғызу жұмыстарының кезектікөшбасын Отырар мен Төлеби аудандары жалғайды. Отырардағы Шілік, Темір, Шәуілдір, Отырар, Қоғам және Талапты ауылдық округтерінде бүгінге дейін 53294 түп жасыл желек отырығызылса, Төлебиде 28 мың түптен астам қарағаш, арша және жеміс ағаштарын Леңгер қаласы мен Алатау ауылдық округінің шекарасындағы Ленгер-Екпінді тас жолының екі жақ бетіне, Кемеқалған ауылдық округі, Абай елді мекенінің Леңгер-Рабат тас жолының бойына, Бірінші Мамыр ауылдық округі, Жаңажол елді мекеніндегі Наурыз төбеге және елді мекендердің жол бойларына еккен. 3290b302-a1bc-4ef1-bad4-3e95c2bd7601

Сарыағашта да қайнаған шаруа. Ондағы республикалық маңызы бар автожолдың бойында орналасқан ауылдық округтерде аумағы 11 шақырымды құрайтын сайлы, төбелі жерлерге 20 мың түп декоративтік ағаштар – шырша, боз арша көшеттері егілді. Шардарада ауданында бағдарлама аясындағы көгалдандыру жұмыстары жолға қойылған. Ауданда «Жасыл аймақ» құру жоспары түзіліп, «Шардара-Абай» мен «Шардара-Арыс» тас жолдарының бойында 3300 дана көшет жайқалып тұр. Шатқалдарды игеру шаруасы мұнымен тоқтамайды дейді аудандық жауапты мамандар. Сәуір айының соңына дейін 1 мың түпке жуық көшет көзделген орындарға отырғызылады деп күтілуде.

Созақтықтар «Шатқал» бағдарламасына сәйкес, 6 мың түп тал егу жоспарланғанын айтса, бүгінде оның 1030 түп декоративті көшеті аудандағы 8 су қоймасының маңына отырғызылған. Және мұнда қазіргі кезде 800 түп раушан гүлі өсіріліп жатыр. Сайрам ауданының табиғат жанашырлары да бағдарламаға қатысудан шет қалған жоқ. Сайрам мен Түлкібас аудандарының шектесер тұсында, яғни Машат асуындағы халықаралық автожолдың бойына 1200 түп түрлі жеміс ағаштарымен қоса, қылқанжапырақты және қаратал көшеттері отырғызылды.  img_20170410_154105_246

Мақтаарал ауданында «Шатқал» бойынша 11 мың түп тал көшеттерін отырғызса, қазығұрттықтар 40,8 га жерге 25610 дана көшет егуді жоспарлап, бүгінде 25,8 га жерге 16343 дана көшет отырғызды. Түркістанда да апта сайынғы сенбілік бос өтпейді. Онда бүгінгі таңда 17 мың түп ағаш көшеттері күтіп, бапталуда. Ал Кентаудағы  «Көк төбе» учаскесіне қондырылған 552 түп қарағаш келешекте шаһар тұрғындарына сая болар желектердің қатарына кіреді деген жоспар бар. Арыстағы ағайынның да бағдарламаға қосқан үлесі мол. Шаһар тұрғындары қазіргі таңда «Қалау Датқа» тұрғын ауданындағы шатқалға 1100 түп көшет ексе, Арыс-Шымкент тас жолының бойындағы 12 га жер теліміне 5797 көшет отырғызды. Жасыл желектердің жартысы үйеңкі болса, қалғаны қаратал ағаштары. Түлкібастағы 15 ауылдық округте «Шатқал» бағдарламасының 6 мың көшеті өсіріліп, бапталуда. Ауылдық округтердегі 34 га жерге түлкібастықтар емен, шырша, қаратал, терек, бозарша, сәмбі ағаштарының көшетін отырғызған.  Ал Ордабасылық тұрғындар бүгінге дейін 24165 түп ағаш көшетін егіпті.

Жалпы, өңіріміздегі сай, салаларды көгалдандырып, абаттандыруды көздейтін «Шатқал» бағдарламасын іске асыру жұмыстары мұнан кейін де жүргізіле береді. Алаңдарға жасыл желек қондыру шаруасы жыл соңына дейін жалғасын табады.

 

       ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған