Ауыл шаруашылығын несиелендіруге – 3,2 миллиард…

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасымен жыл басынан бері ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары мен кооперативтердің артықшылықтары туралы барлық аудан-қалаларда мамандандырылған көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастырылып  келеді. Түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарының арқасында өңірде 55 мыңнан астам ұсақ шаруа қожалықтары 596 кооперативтерге біріктірілді. Бұл – республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Жуырда Шымкент қаласында дәл осындай семинар ұйымдастырылып, онда өңірдегі сүт кластерін дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудағы мәселелер мен кедергілерді анықтап, шаруаларға әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсету тақырыбы талқыға түсті. Семинар барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кооператив төрағаларына 10 модульді сүт қабылдау бекетінің кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

Айта кеткен жөн, құны 5 млн теңге тұратын сүт бекеттерінің 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланған. Су жаңа бекеттер сүт сақтауға арналған танкер, арнайы зертхана, тоңазытқыштармен жабдықталған. Бұл өз кезегінде шаруалардың табысын еселеп қана қоймай, өңірдегі сүт өндірісін өркендетуге сеп болмақ. Жалпы алғанда өңірде мемлекеттік қолдау көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы саласын несиелендіруге республика бойынша 27 млрд. теңге бөлінсе, соның 3,2 млрд теңгесі Оңтүстік Қазақстан облысына бағытталып отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұдан бөлек «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы және «ҚазАгро» АҚ ОҚО еншілес мекемелері арқылы шаруалар мен кооператив мүшелеріне түрлі бағдарламалар бойынша жылдық 6 пайызбен несиелер берілуде. Бүгінгі күні мүшелер саны 20-дан жоғары кооперативтерде 33 сүт қабылдау бекеттері жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда сүт қабылдау бекеттеріне ауыл шаруашылығы арқылы 439 млн теңге инвестициялық субсидия  берілген. Оның ішінде 18 сүт қабылдау бекетіне 50,8 млн  субсидия төленіп отыр.

            Нұр МЕКЕН, Оңтүстік Қазақстан облысы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған