ОҚО-да 4278 түлек ҰБТ тапсырды

Оңтүстік Қазақстан облысында алғашқы Ұлттық бірыңғай тестілеутен  Шымкент қаласы мен Сайрам, Мақтарал, Сарыағаш, Созақ, Түлкібас, Бəйдібек, Қазығұрт аудандарының түлектері тапсырды.

Оңтүстік Қазақстан облысында 32964 түлек оқуын аяқтаса, оның 21668-і жоғары оқу орнына түсу үшін сынақ тапсыруға ниет білдірген. Яғни,78,2 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Осының ішінде бүгін 4278 түлек сынақ тапсырып отыр. ҰБТ 20-27 маусым аралығында 4 лекте өткізілетін болады.

Биыл түлектер жаңартылған форматта сынақ тапсыруда. Оқушылар 5 пән бойынша 120 сұраққа жауап беруі тиіс. Олардың ішінде 3 негізгі пән болса, тағы екеуін оқушының өзі таңдауға құқылы.

Жалпы облыстағы 16 Ұлттық бірыңғай тестілеу пунктері барлық талаптарға сай жабдықталған. Олардың төртеуі жоғары оқу орындарының базасында болса,   үшеуі аудан орталықтарындағы колледж базасында, ал тоғызы жалпы орта мектептерінде орналасқан.

Әрбір Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінде 10-14  аудитория даярланған, тестілеу пункттері 222 ұялы телефон сигналдарын тұншықтырғыштармен жабдықталған. Биылғы жылы министрліктің тапсырмасына сәйкес 126 жаңа үлгідегі 4G жиіліктегі тұншықтырғыштар сатып алынды.

 Сонымен қатар, тестілеу пункттерінде 25 рамалы металіздегіштер, 207 салқындатқыштар, тестілеу кезінде бейнежазба жүргізу мақсатында 70 бейнетіркегіштер орналастырылған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған