ОҚО-ғы дарынды мектеп еліміздегі үздік ондыққа енді

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданындағы Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп интернаты өткен оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздегі үздік 10 мектептің қатарына енді.

Себебі, аталған білім ұясын бітіріп шыққан түлектердің 98 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, мемлекеттік грант иелері атанып отыр. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып отырған 10 жыл ішінде озат мектептер ондығына ену – бұл білім ұясы үшін үлкен мәртебе.

Мұнда бүгінде аудан, қалалардан келген 400-ге жуық оқушы оқып жатыр. Ал балаларға 48 жоғары білімді мұғалім, 2 физика математика ғылымдарының кандидаты, 2 доцент пен педагогика ғылымдарының кандидаты дəріс береді. 

Мектеп директоры Жаңабай Ахметовтың айтуынша, мұндағы мұғалімдердің 20-сы деңгейлік курстан өткен. Барлық оқу материалдары жаңартылған. Арнайы физика, математика, химия, биология, информатика мултимедиялық кабинеттер заман талабына сай жабдықталған.

Үш қабатты ғимаратта 29 оқу кабинеті, 2 мультимедиялық кабинет, пәндік кабинеттер, зертханалар мен спорт залы, кітапхана, 7 интерактивті құрылғы, 15 сынып кешені бар. Сонымен қоса, балаларға арналған 300 орындық жатақхана мен үш мезгіл ыстық тамағы бар.

Жаңа оқу жылын жақсы жаңалықпен бастаған білім ошағы енді сол биікте қалуды мақсат тұтып отыр.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған