ОҚО әкімі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаттарымен кездесті.

Оңтүстік Қазақстан облысына сайлаушылармен кездесу үшін арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары -Б.Жылқышиев, Б.Оспанов, А.Смағұлов, Б.Ертаев, М.Махамбетов пен У.Қайназаров.

         Кездесуде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен  халықтың тұрмыстық жағдайы, ауылдық жердегі жұмыссыздықты жою жайы сөз болды.

         Өз кезегінде аймақ басшысы түрлі мемлекеттік бағдарламалардың облыста өз деңгейінде жүзеге асырылып отырғанын жеткізіп,  2016 жыл аграрлы аймақ Оңтүстік үшін табысты да жемісті жыл болғанын атап өтті. Мәселен, өткен жылдың 11 айында  өнеркәсіп кәсіпорындарымен 710,6 млрд. теңгенің өнімі өнідірілсе, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі  415,8 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3 пайызға артық. Ал өнеркәсіп өнімін өндіруде облыс республикада 4-орынды иеленіп отыр.

         Айта кету керек, биылғы жылдың тағы бір жетістігі ол экономиканы әртараптандыру, білім мен денсаулық саласын өркендету, өндіріске жоғары технологияларды енгізу мақсатында аталған сала мамандары яғни, 110 адам тегін Түркия Республикасында тәжірибе алмасып, білімін жетілдіріп қайтты.

Басқосуда  аймақ басшысы мемлекетіміздің ширек ғасырлық мерейтойы облыста жоғары деңгейде тойланғанын айтып, Тәуелсіздіктің 25 жылында өңіріміздің жеткен жетістіктеріне тоқталды.

«Егеменді ел болғаннан кейінгі жылдары өңір халқының саны 1 миллионнан астам адамға көбейді. Еліміздегі әрбір бесінші сәби дүние есігін ашатын облыста өткен жылы бала туу көрсеткіші 80 мыңға жетті. Осы жылдар ішінде облыс экономикасына 3,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Арнайы индустриалды аймақтар құрылып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлардың барлығы жасалды. Нәтижесінде отандық тауарлардың үлесі көбейіп, шетелдерге экспорттала бастады.Ал шиек ғасыр ішінде пайдалануға берілген 347 медициналық мекеме, 491 мектеп, 1491 балабақша ел игілігіне қызмет етсе, облысымызда жалпы көлемі 1 миллиард шаршы метрге жуық баспана салынды»,-деді облыс әкімі.

Елбасының бастамасымен жүзеге асып отырған бағдарламалардың орындалуына қаныққан халық қалаулылары алдағы уақыттада Оңтүстік Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы жобаларға барынша өз үлестерін қосып, қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.

ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған