Оқушы көп, мұғалім тапшы

Қазақстанда жыл сайын бірінші сыныпқа баратын балалар саны артып келеді. Ал елдегі мектептерде бес мыңға жуық мұғалім жетіспейді. Сарапшылар мұғалімдердің аздығына “аз жалақы мен ауыр жұмыс себеп” дейді.

Самат (толық есімін жариялағысы келмеді – ред.) екі жыл Алматыдағы мектептердің бірінде математика пәнінен сабақ берген. Бірақ қазір кілем орталығында саудамен айналысады. Ол мектептегі “қағазбастылық пен жүйесіз жұмыстан” шаршағандықтан, жұмыстан шыққанын айтады.

“ҚАҒАЗДАН ШАРШАДЫМ”

– Мектепте – қағаз, үйде – қағаз. Әр өтетін сабақтың жоспарын қағазға түсіру керек. Жоспарың дұрыс болса болды. Ал беріп жатқан білімің, оның сапасы маңызды емес. Жоспар жазбай, бастысы нәтижеге жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Қағаздан шаршадым. Мектептен келген соң үйде тағы қағазбен отырасың. Жас маман әрі санатың төмен болғандықтан жалақы да аз. 90 мың теңге айлық отбасын асырауға жетпеді. Қазір саудадағы табысым әлдеқайда көп, – дейді ол.

Мектеп-гимназиядағы бастауыш сынып мұғалімі шәкірттерімен бірге. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Алматыдағы мектептердің бірінде сабақ беретін мұғалім, ғылым магистрі Асхан Шаметов те білім беру жүйесіндегі қағазбастылық пен көп тексеріс жас мамандардың мектептен кетіп қалуына апарып соқтыратын негізгі факторлар екеніне нұсқайды.

Мұғалімдердің санын арттыру үшін жалақы өсіріп, тексерістер мен қағазбастылықты азайту қажет.

– Мұғалімдерге талап өте күшті. Білім сапасын көтеруді қатты талап етеді. Білім стандарты жыл сайын күшейіп келеді. Психологиялық қысым да көп. Жыл сайын тексерістен өту керек. Облыс, аудан орталықтарына барып, білім жетілдіруді талап етеді. Бірақ, материалдық жағынан қолдау аз. Мұғалімдердің санын арттыру үшін жалақы өсіріп, тексерістер мен қағазбастылықты азайту қажет. Мұғалімдерді елдегі ең көп жалақы алатын мамандардың қатарына қоспай білім саласындағы мәселерді шешу қиын, – дейді ол.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биыл ақпанда мекемесіндегі жалпы саны 73-ке жеткен ақпараттық жүйелерді ықшамдап, төрт онлайн платформаға көшіретінін хабарлаған. Ұлттық білім базасы, электрондық күнделік, біртұтас бухгалтерия мен ЖОО-лардың ақпарат жүйесі мұғалімдер мен оқытушыларды қағазбастылықтан құтқарады деп хабарланған. Министрліктің бұл бастамасынан қашан оң нәтиже шығары белгісіз. Ал әзірше ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда 4580 мұғалім жетіспейді. Мектептерге 691 бастауыш сынып, 599 математика, 587 орыс тілі, 445 ағылшын тілі, 299 физика, 259 химия, 217 информатика, 270 ән-күй пәнінің мұғалімі қажет.

Елдегі оқушылардың саны да жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2015 жылы 336 мың бала, 2016 жылы 369 мың бала бірінші сыныпқа барса, биыл 370 мыңнан астам бала мектепте оқи бастайды.

“МҰҒАЛІМ ТАБЫСЫ ОРТАША АЙЛЫҚТАН 35 ПАЙЫЗ АЗ”

“Талап” талданбалы зерттеу орталығының дерегінше, қазір Қазақстан мектептерінде 2,8 миллион бала оқиды. Алдағы бес жылда оқушылар саны 3,5 миллионға дейін өседі деп болжанады. Ал мектептерде 325 мың мұғалім бар. Бес жылда мұғалімдер саны тек 38 мыңға өскен.

Алдағы бес жылда оқушылар саны 3,5 миллионға жеткенде мұғалімдердің осы жүктемесін сақтап қалу үшін қосымша 60 мың ұстаз қажет болады.

– 2010 жылдары Қазақстанда туу деңгейі өте жоғары болды. Сол жылдары дүниеге келген балалар мектепке барып жатыр. Қазір Қазақстанда бір мұғалімге 8,6 оқушыдан келеді. Ал Астанада бір мұғалімге шамамен 17 бала, Алматыда – 14,2 оқушыдан келеді. Алдағы бес жылда оқушылар саны 3,5 миллионға жеткенде мұғалімдердің осы жүктемесін сақтап қалу үшін қосымша 60 мың ұстаз қажет болады, – дейді орталық сарапшысы Рақым Ошақбаев.

Қазақстанда оқушы саны жыл сайын өсіп жатқанымен, мұғалім мамандығында оқитын студенттер саны соңғы бес жылда өзгермеген. 2011 жылы Қазақстан университеттерінде 118 мың адам мұғалім мамандығында оқыса, 2016 жылы бұл көрсеткіш екі-ақ мыңға өскен.

Экономист Рақым Ошақбаев.

Экономист Рақым Ошақбаев.

– Мұғалімдердің аздығына төмен жалақы себеп. Қазақстанда мұғалімдер ең төменгі жалақы алатын мамандардың бірі. Яғни, мұғалімдердің орташа табысы – 92 мың теңге. Олардың жалақысы Қазақстандағы орташа айлықтан 35 пайызға аз. Қазіргі оқушылар – Қазақстанның 2050 жылдардағы адам капиталы. Ал білім саласындағы қазіргі мәселелер шешілмесе, елдің болашағына, экономикасына үлкен қауіп төніп тұр, – дейді Ошақбаев.

Қазақстанда мұғалімдер ең төменгі жалақы алатын мамандардың бірі.

Ал “Ұрпақ тағдыры – білім” қоғамдық қорының төрағасы Ерсайын Ерғожа бұл кадр тапшылығының себебін 1990 жылдардағы оңтайландыру саясатынан көреді. Оның сөзінше, 1997 жылы үкіметтің қаулысымен Қазақстандағы 19 педагогикалық институт жабылып, мұғалім мамандықтары университеттерге берілгенде педагог кадрларды дайындау жүйесі бұзылған.

Қоғамдық белсенді Ерсайын Ерғожа.

Қоғамдық белсенді Ерсайын Ерғожа.

– 2000 жылдары мұғалім мамандығына бөлінген грант саны аз болды. Соның салдары қазір көрініп жатыр. Бұған қоса, мектептерде бұрыннан сабақ беріп келе жатқан мұғалімдердің көбі зейнетке шығып жатыр. Ал жастар бұл мамандыққа барғысы келмейді, – дейді Ерғожа.

Білім және ғылым министрлігі мұғалім тапшылығын шешу үшін осы мамандыққа бөлінген гранттар санын арттыра бастады. 2016 жылы педагогикалық мамандықтарға бес мың грант бөлсе, биыл 6385 грант қарастырылған. Министрліктің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында соңғы үш жылда мұғалімдер санның 10 пайызға, яғни 33120 маманға өскені, “мұғалім мамандығының абыройы артып келе жатқаны” жазылған. Ресми мәліметке сәйкес тек 2016 жылы 366 574 мұғалім түрлі біліктілік арттыру курстарына қатысқан.

Руслан Меделбек, азаттық

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған