«Химфарм» зауытында жаңа цех іске қосылды  

Таяуда Шымкенттегі ірі өндіріс орындарының бірі – «Химфарм» АҚ-да қатты пероральды дәрі шығаратын жаңа цех іске қосылды. Жылына 200 миллион таблетка шығаруға қауқарлы жаңа цехтың жобасы Polpharma (польфарма) тобы мамандарының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

SANTO зауытының 135 жылдығы аясында іске қосылған цехтың ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР ИДМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Сапарбек Тұяқбаев, Польша мемлекетінің Экономикалық даму вице-министрі Тадеуш Костинский, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюробекова, сонымен бірге SANTO компаниясының бас акционерлері мен компания серіктестері қатысты.

«Польфарм компаниясы фармацевтикалық өнімдердің жаңа түрлерін жаңғырту және өндіру мақсатында «Химфарм» АҚ-на 100 млн. АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазіргі уақытта компания дәрі-дәрмектер өндірушілердің арасында жетекші орын алады және отандық дәрі-дәрмектер нарығының 40 пайызын, ал еліміздегі жалпы дәрі-дәрмектер нарығының 4 пайызын қамтиды. Жаңа цех фармацевтикалық өнімдерге қойылатын GMP талаптарына сай салынған. Қатты дәрі шығаратын өндіріс цехы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда 72 адам жұмыспен қамтылса, олардың басым бөлігі арнайы барып Polpharma тобының үздік өндіріс орындарында оқып келген. Шымкенттегі инвестициялық жобаның маңызды бөлігі болып табылатын аталмыш өндірістің құны 13,5 АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ, ҚР Үкіметі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен SANTO компаниясының өнімдерін сатып алу кепілдігі беріліп отыр», – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Компанияның бас директоры Ижи Урбанецтің айтуынша, бұл цех  – 2011 жылдан бері ашылған, халықаралық GMP сапа стандартына сай келетін үшінші цех екен. Мұнда өндірілген дәрі-дәрмек Қазақстан мен көрші елдердегі амбулаториялар мен стационар емдеу мекемелерінде тиімді қолданылуда. «Химфарм» зауытының өндіріс қоржынында терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фарамацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқалық 200-ден астам дәрі-дәрмек бар. Компания өз өнімдерінің 90 пайызын ішкі нарыққа жеткізсе, қалғанын бес елге – Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Монғолия және Түрікменстанға экспорттайды.

         Нұр МЕКЕН, Оңтүстік Қазақстан облысы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған