Павлодарда Азаматтық альянс үйі ашылды

Азаматтық альянс үйінде өңірдегі 12 ең тиімді үкіметтік емес ұйымның кеңсесі мен зал, коворкинг орталық орналасқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.  Мұнда ұйымдар кездесулер мен тренингтер ұйымдастырады. Азаматтық үйі Лермонтов көшесі, 44 мекенжайы бойынша бұрынғы «Жігер» клубында орналасқан. Бұл жерде Мейірімділер клубы, облыстық «Жасыл ел» жастар штабы, География үйі, өңірлік «Жартылай қызыл ай» филиалы, «Үміт үзбеу» және басқа да белгілі ұйымдар жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеке кіретін есік жасалған.  Павлодар облыстық Азаматтық альянсының төрайымы Светлана Могилюктың айтуынша, ең тиімді үкіметтік емес ұйымдарды бір шаңырақтың астына біріктіру туралы шешім жуырда өткен Азаматтық форумда қабылданған. Бұл бастаманы облыстық әкімдік те қолдаған. – Өзіңнің жеке кеңсең болғанда көп жоспар құруға болады, – дейді Светлана Могилюк. – Әріптестермен қай жерге кездесу ұйымдастыру керек деп бас қатырмайсыз. Павлодар облысының үкіметтік емес ұйымдары жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленеді. Біз мұндай орынның ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұл мейірімділер клубы үшін – екінші кеңсе. Аталған ұйымның кеңейгені соншалықты, тіпті, Еріктілер үйінде орын тар болды. Сондықтан Азаматтық альянсында қоймасы бар тағы бір кабинет ұсынылды. Мұнда кез келген адам демеуге мұқтаж тұрғындар үшін материалдық көмек жеткізе алады.  – Мейірімділер клубының 30 шақты белсендісі бар, көмек қажет адамға қолұшын беруге ниетті өңірдің әрбір бесінші тұрғынын «пассивті» ерікті деп айтуға болады. Бұл кабинет біз үшін үлкен қолдау. Бұдан бөлек, біздің айналамызда адамдарға пайдасын тигізетін жандар болады, – дейді ерікті Олеся Бехтер. Азаматтық үйдің ашылуында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа жылдың басында тұсауы кесілген «Асық Party» жобасы таныстырылды. Соның арқасында асық ойынына шамамен қаладағы 30 балабақша қосылған.  Аймақ басшысына қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі мен География үйіне әлемнің әртүрлі жерінен жеткізілген бірегей экспонаттар көрсетілді.  – Мұнда сан алуан ойлар мен ойындар бар. Кез келген кабинетте жаңа жобалар таныстырылады. Біздің облысты сіздермен бірге жақсарта түсеміз, -деді Болат Бақауов. Айта кетейік, Павлодар облысында барлығы 700-нан астам ҮЕҰ тіркелген.

Фото: Светлана Воронова

Рavlodarnews.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған