Павлодарлықтар Ұлттық домбыра күнін атап өтті

Облыс орталығындағы Гагарин саябағында Ұлттық домбыра күніне орай 200-ге жуық өнерпаз бір мезетте Жаяу Мұса Байжанұлының «Құм жылан» күйін орындады. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтың айтуынша, шараға облыстың аудандарынан және жергілікті өнерпаздар жұмылдырылған.

– Бүгін өңірде айтулы мерекеге орай түрлі мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылды, – деді Ардақ Райымбеков. – Бұқар жырау атындағы өнер және әдебиет музейінде ашылған залда жергілікті белгілі тұлғалардың 20-дан астам домбырасы қойылған. Облыстық көркемсурет музейінде жергілікті суретшілердің картиналар көрмесі, мәдениет және демалыс саябағында Ақсу қаласы көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы өтеді. Кешке төменгі жағажайда «Әсерлі ән сал, домбыра» атты фестиваль жоспарланған.

Сонымен қатар басқарма басшысы қазақ ұлттық аспаптар ансамблі мен музыкалық колледждің домбыра ұлттық оркестрі Елбасының қатысуымен Астанада өтіп жатқан үлкен фестивльде  өнер көрсетіп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, орталық саябақта Қазақстан халқы ассамблеясы мен татар-башқұрт этномәдени орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі Сабантой мерекесі атап өтілді.

– Жыл сайын Сабантойға бірнеше мың адам жиналады, – дейді республикалық татар-башқұрт конгресі жастар қозғалысының төрайымы Элина Паули. – Оған татарлар мен башқұрттар ғана емес, басқа да ұлт өкілдері қызығушылықпен қатысады. Бүгін 40-тан астам қолөнерші өздерінің жұмыстары мен ұлттық тағамдар ұсынып отыр. Қала қонақтары мен тұрғындары ұлттық асханадан дәм татып, жәрмеңкеден өзіне ұнаған затты сатып ала алады.

Бұл күні сахнада орталықтың ардагерлері мен мен оқу орнын бітірген жастарға, жас  отбасыларға құрмет көрсетілді.  Балаларға арналған алаңдарда түрлі ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйылықтар табыс етілді.

Сондай-ақ, Ұлттық домбыра күні №1 перзентханада Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық депутаттар  алғашқы болып туған сәбиге домбыра табыстады.

– Бүгін түнгі сағат 2.55-те перзентханада қыз бала дүниеге келді, – деді перзентхана бас дәрігерінің орынбасары Ермек Күшіков. –  Салмағы 3 келі 164 грамм, бойы 54 сантиметр. Нәресте мен  анасының жағдайы жақсы. Жалпы бүгінгі мереке қарсаңында босанған келіншектерге осындай сыйлық жасалып жатқаны қуантады. Домбыра  үйдің төрінен табылып жатса, оған қараған жас ана әр мезетте баланың туған сәтін есіне  түсіріп отырады деп ойлаймын. Перзентхана қабырғасында алғашқы болып туған сәбидің атын ата-анасы Виктория деп қойды.

– Бұл менің бірінші балам, – деді – Лариса Лузина. – Қуанышымда шек жоқ. Сыйлық үшін алғысымды білдіремін. Виктория өскеннен кейін міндетті түрде домбырада ойнайтын болады. Жас ананы қалалық мәслихат депутаттарының атынан  Аурика Дяк құттықтады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.