Павлодарлық «ArInvest» ЖШС елімізді қабыршық қапталған құбырлармен қамтамасыз етіп отыр

Павлодарлық жоғары технологиялық заманауи «ArInvest» ЖШС елімізді полиэтилен және пенополиуретаннан жасалған оқшауланған құбырлармен қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы өңірлік комммуникациялар қызметі «Шағын және орта бизнесті қолдау» тақырыбында өткізген көшпелі брифинг барысында кәсіпорынның бас директоры Серік Рамазанов айтып берді.

Мұнда жердің астына төселетін құбырларға диаметрі 90, 315, 460, 560, 1000 миллиметр қабыршық салынады. Оның ішінде қалыпқа келтірілген және тік құбырлар бар. Барлық заттар арнайы цехта дәнекерлеуден өткеннен кейін оқшаулау жүргізіледі.

– Полиэтилен химиялық тұрғыдан төзімді болып келеді, – дейді Серік Рамазанов. – Сондықтан ескі технология бойынша жердің астынан өткізілсе 10-15 жыл тұрады. Одан кейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Пластикалық қабыршық 50 жылдай жатады. Бұл тәжірибе жүзінде тексерілген. Барлығы құбырдың орналастырылған жеріне байланысты. Болат құбыр жеке дәнекерленіп, толығымен пластикалық қабыршықпен қапталады. Қабыршық ешбір тесік болмау үшін нығыздалғаннан кейін полиуретан көбігі қолданылады.

– Біз Бүкіл Қазақстан бойынша 20 мердігер ұйыммен тұрақты жұмыс істейміз. Олардың әрқайсысында 4-5 нысан бар. Темір құбырлар жергілікті және Алматы қалаларының зауыттарынан жеткізіледі. Сондай-ақ, Челябі, Уральск, Новосібір зауыттарымен келісімшарт жасалған. Диаметрі кішкентай отандық, 500 мм-ден жоғары құбырлар ресейлік құбырлар қолданылады. Мердігер қандай құбыр сұраса, сол бойынша жұмыс істейміз, – дейді Серік Рамазанов.

Серіктестік басшысының айтуынша, өндіріс орнында барлығы 50 адам еңбек етеді. Кәсіпорын биылғы жылы ғана «Даму» қоры арқылы алты пайызбен «Банк Центр Кредит» филиалынан несие алуға жүгінген. Бұған дейін өз қаражатын жұмсап келген.

 

Әлихан Рахметоллаұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған