Павлодар облысының тұрғындарына көмірді қазірден бастап сатып алуды ұсынды  

Көмір өндіретін кәсіпорындардағы қатты отынның бағасы тоннасына екі-жеті мың теңгені құрайды. Өндірушілер қара алтынның бағасы қымбаттамайды деп уәде берді.  

Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында 2019-2020 жылғы жылыту маусымында көмірге деген қажеттілік 430 тоннаны құрайтынын айтты. Облыс тұрғындарының қорында 58 мың тонна көмір бар, бұл көрсеткіш жалпы қажеттіліктің 13,4 %-ын құрайды.

– Жеке саудадағы көмірдің бағасы жеткізуді есепке алғанда тоннасына 6 800 теңгеден бастап 16 500 теңгеге дейін жетеді, – деді басқарманың коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Амангелді Рүстемов. – Егер өткен жылдың қыркүйегімен салыстыратын болсақ, тұрғындардың көмір сатып алу белсенділігі төмен. Өткен жылы халық көмірді тамыз айынан бастап сатып ала бастаған еді. Бұл ұзын-сонар кезектерді тудырмаудың басты шарты. Сондықтан, тұрғындар көмірді ертерек сатып алып, дер кезінде қамданғандары дұрыс.

Қазіргі таңда көмірдің бағасы тоннасына 4800-12000 теңгені құрайды, ал қоңыр көмірдің бағасы 10500 теңгеден бастап 16500 теңгеге дейін. Айта кету керек, тұрғындардың көбі «Майкубен Вест», «Богатырь Көмір» және «Қаражыра ЛТД» ЖШС-тері өндіретін көмірді сатып алады. Жеке нарықта көмірді жеткізумен үш жүзге жуық жеке кәсіпкерлер айналысады.

– Тұрғындарға көмірді қалалар мен аудандардағы ресми сауда орындарына сатып алуына болады, – деді Амангелді Рүстемов. – Мәселен, Павлодарда «Элит.kz» ЖШС-ің базасы Шығыс өнеркәсіп ауданында, ал, «А-Вест Павлодар» ЖШС-ің базасы Товарная, 25 мекенжайы бойынша орналасқан.

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған