Пайғамбардың киікті құтқаруы

Пайғамбар заманында бір аңшы тұзақ құрып, аң аулап, кәсіп етеді екен. Бір күні оның қақпанына бір киік түседі. Оның егіз лақтары бар екен. Аңшы қуанып кетіп, олжасын дереу бауыздамақшы болады. Сол кезде киікке адамша тіл бітіп:
— Әй, адамзат, мені бауыздамай тұра тұр. Артымда егіз лағым қалды. Оларға қорек іздеп жүріп сенің тұзағыңа түстім. Мен өлсем олар аш қалмақ. Барып, емізіп келейін. Содан кейін не істесең де, өзің білесің, — деді. Аңшыға киіктің көз жасынан оның жұмсақ еті тәтті көрінді, Ол:
— Тапқан екенсің, ақымақты. Сені босатқан сәтте зып беріп қашып кетпексің ғой. Жоқ болмайды, — деп, пышағын қынынан суыра берді. Киік көзінің жасын төгіп:
— Ендеше, бірге еріп жүр. Өзің куә боласың, — деді. Аңшы:
— Жоқ, бұл да алдаудың бір түрі. Сәті түскенде құйрығыңды да ұстатпай тайып тұрмақсың ғой. Онан да тезірек сойып тастағаным абзал, — деді. Қанжар киіктің алқымына барды. Киік көз жасын көл қылып:
— Лақтарым мені келеді деп көз жанары мөлейіп жатыр. Мен өлсем, оларда зарығып өлмек. Ең болмағанда, оларға хабар берейін. Өз күндерін өздері көрсін. Мені іздемесін, — деді. Аңшы киіктің өтінішін тағы да елеген жоқ. Киік өлімге амалсыз мойынсұнды. Аңшы пышағын алқымына қатты тақап, енді тартып жібермек болғанда:
— Әй, тоқта,- деген дыбыс шығады. Аңшы артына бұрылып қараса, Мұхамбет пайғамбар екен.
Бұл кезде Расул Хира тауында құлшылық етіп, үйіне қайтып бара жатқан еді. Ол киіктің жапан далада зар жылаған даусын естіп, шапшаң жеткен беті болатын.
Аңшы:
— Саған не керек? – деді. Пайғамбар жұмсақ сөйлеп:
— Киік баласын емізіп келсін. Оған дейін мен кепіл бола тұрайын. Қашып кетсе, құнын менен өндіресің. Қаласаң түйе, болмаса бие берейін. Жанымды алсаң да ықтиярмын. Тек бір сәтке тез барып келсін, — деп киіктің арқасынан сипады. Аңшы «Мұхамбетті сырттай сиқыршы» деп ойлайтын. Оған іштей жаулық ұстап жүрген еді. Ол Мұхамбеттің олжаға түскеніне қуанды.
— Жақсы жіберейін. Тек бір шартым бар. Күн батамын дегенше киік қайтып келсін. Болмаса сені басыбайлы құлым етемін. Жаның менікі, — деді. Пайғамбар келісті. Киікті босатып, лағына жіберді.
Киік желе лезде көзден ғайып болды. Келді де, екі құралайын емізе бастағаны сол-ақ екен, лақтары:
— Анашым, үстіңнен бір жәннаттың жұпар иіс аңқып тұр. Біз білсек, бұл ақырдың пайғамбары Мұхамбеттің иісі. Оны қайдан көрдің? — деді. Анасы бәрін айтып берді. Олар:
— Әй, анашым, Алланың сүйікті пайғамбары Мұхамбетті қалайша кәуірдің қолына қидың. Оның жолында құрбан болғаның абзал еді ғой. Ол кепілде тұрғанда біз қалайша тойып емеміз. Тезірек барып оны босатайық. Пайғамбар құрбан болғанша, біз өзіміз жан тәсілім етейік, — деді.
Сөйтіп, үшеуі желіп отырып, қас қарая аңшыға жетті. Киіктің лақтары:
— Әй, адамзат, анамызбен бірге біз де келдік. Бізді де бірге олжа ет. Анамыз өлсе, біздің қылтанақ теріп жер қауқарымыз жоқ. Аштан өлгенше, саған ауқат болайық. Бірақ, пайғамбарды жылдам босат, — деді.
Аңшы киіктің еліктерін көріп, жүрегінде мейірімнің дәні бүршік жарды. Өзінің қатыгездігіне ұялып:
— Иә, Мұхамбет, сені жұрт «мейірімді, әлемнің шапағатшысы» деуші еді. Расымен, де киік үшін өз жаныңды қимақ болдың. Қамқор мінезіңе тәнтімін. Сені қиын хәлге салғаным үшін кешірім сұраймын. Мына киік пен оның қос лағына азаттық бердім. Бұдан былай сенімен дос болғым келеді, — деді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.