Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.) тоғыз өсиет

 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген екен:

«Тәңірім маған тоғыз өсиет айтып қалдырды, мен соларды сендерге жеткіземін. Ол былай деді:
1. Өзіңе де, өзгелерге де адал бол;
2. Ренжісең де, қуансаң да әділ бол;
3. Бай болсаң да, кедей болсаң да сабырлы қалпыңнан айныма;
4. Сені кеудеден итергісі келгендермен де достық қарым-қатынасыңды үзбе;
5. Саған шығын келтіргендерге сен пайда жаса;
6. Саған зиян жасағандарды кешіре біл;
7. Үнсіз тұрсаң да санаң ойға толы болсын;
8. Әр сөзің Алла Тағаланы еске түсірсін;
9. Таным-түйсік мүмкіндігі оқу үшін беріледі».

Міне, бұл Алла Тағаланың пайғамбарымыз Мұхаммедке (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) берген маңызды кеңестерінің бірқатары төмендегідей:

  1. 1.   Адалдық.Бұл – ислам этикасының бірінші қағидасы, бұл адамның жүрегі мен ойларының (ниеті) тазалығын, шыншылдық пен туралықты білдіреді. Адам жалғыз өзі отырса да, көпшілік арасында болса да, оның ой-санасы таза, адал болуға тиіс. Дүниеде қараниет адамдар көп-ақ. Олар екіжүзді ғұмыр кешеді. Бұл жандар біреулерге өздерін адал секілді етіп көрсетуі мүмкін, ал жалғыз қалғанда құлқыны өзгеріп шыға келеді. Адалдықтың көзі – Құдайдан қорқу. Құдайдан қорықпаған адамнан бәрін күтуге болады.
  2.  Әділдік. Әрқашан досыңа да, қасыңа да, бейбіт күндерде де, қиыншылықтарда да тек әділдік көрсеткен жөн. Бар жағдайың жасалып, ешқандай жаманшылық көрмей жүрген кезіңде әділдік жайында айту оп-оңай-ақ, ал басыңа күн туғанда сен әділ қалпыңда қала аласың ба, міне, сынақ дегеніміз – осы. Тіпті, сені біреу жек көретін және саған деген осы көзқарасынан ешқашан таймайтын адамның өзіне сен әділдік таныта білсең – онда сен Құдайды сүйген құлысың. Әділдік тек сөзбен емес, іспен де дәлелденуі шарт.
  3. 3.  Сабырлық. Бұл қандай жағдайда да байсалды, ұстамды, төзімді болу деген сөз. Өмір болған соң, адамға әртүрлі қиыншылықтар жолықпай тұрмайды, міне, осы кездері ең бірінші сабырлық керек. Адамдар көбіне қиын жағдайларда қиналып, өмірден түңіледі, ашуға басады. Әсіресе, дәулетті жандар сабырлық қасиетін алдымен жоғалтады. Сабырлы болу – әркім үшін де, әр кезде де пайдалы қасиет. Қазақ «Сабыр түбі – сары алтын» деп бекер айтпаған.
  4.  Кез келген мұсылманмен қарым-қатынасты үзбеу(Бұл, бірінші кезекте, туысқандық қарым-қатынасқа қатысты). Бұл, бірінші кезекте, отбасылық байланыс. Бір жанұяның барлық мүшесі арасында жақсы қарым-қатынас ешқашан да үзілмеуге тиіс, бірі қиналса, екіншісі оған қолұшын созуға даяр тұруы керек. Бұл да адамға берілген бір сынақ. Тек өзіңе ұнайтын немесе пайдасы тиетін ғана емес, тіпті ұнамайтын әрі ешқашан ешқандай пайда әпермейтін бауырыңа да жәрдем берген абзал. Отбасының бар мүшесіне олар сені жақсы көрген кезде де, тіпті олар сені жақтырмаған кезде де тек ақкөңіл пейіліңді таныт. Қазақтың «Ағайынның азары болса да, безері жоқ» деген мақалы осыдан келіп шықса керек.
  5.  Жомарттық.Хақ сенімдегі жандар әрқашан жомарт келеді. Олар қай кезде де, кімге де болсын қолындағысын беруге даяр тұрады. Адамдарға қиын шақта қолұшын беру – үлкен сауап.   Алайда,   үлкен   адамгершілік  қасиеттерге ие жандар өзіне ештеңе таттыр-майтын адамдарға да, тіпті өзіне шығын келтіретіндерге де қолындағысын беруге асығады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сараңдар жұмаққа кірмейді»,- деген.
  6.  Кешіре білу. Өзіңе жамандық жасаған адамды кешіру оңай емес. Дегенмен, Ислам діні адамдарды кез келген уақытта кешірімді болуға шақырады. Ең жаны сұлу адамдар тіпті өзін ренжіткен кісіден өш алатын, сазайын беретін мүмкіндігі болып тұрғанда оны кешіреді. Бұл тұрғыда бізге пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі істері мысал бола алады. Ол әрқашан өзінің жауларын да, баласын өлтірген адамды да кешірген. Кешірім – ең көрікті мінез.
  7. 7.  Ой-толғау.Көп ойланып, тек қажет кезде ғана сөйлей білу – тамаша қасиеттердің бірі. Алайда, адам үнсіз тұрған шақта оның санасы игілікті ойларға толы болғаны жөн.
  8.  Зікір, яғни сөйлеген сөзімізде Алланы еске алу. Біздің тіліміз – Алла Тағала берген ұлы сый. Біздің басқа жан-жануарлардан ерекше жеріміз де осы – тіл. Тілімізді біз Алланы мадақтауға, Оған алғыс жаудыруға пайдалануымыз шарт, біз аузымызды ашқан сайын Аллаһты еске тұтуымыз керек. Өтірік, балағат, өсек, жаман сөздер секілді тілмен айтылатын көптеген күнәлар біздің Алланы ұмытуымыздан пайда болады.
  9.  Оқу, білім және сабақ. Біздің көзіміз бен санамыз өмірдегі әртүрлі заттарды білу және қоршаған ортамыздан сабақ алуымыз үшін қашанда ашық болуы керек. Әр мұсылман ойшыл болуға міндетті. Құран Кәрімнің бірінші аяты «Оқы!» деп түскенін ұмытпайық!

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған