ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ӨНЕГЕСІ

Бірде Алла елшісі Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір адам келіп, оған өзінің бақшасында піскен бір бума жүзім ұсынады. Пайғамбарымыз жүзімді алып, дәмін татады да, күлімсірейді. Риза пішінде және біреуін алады. Сөйтіп, барлығын да өзі тауысады. Жүзім әкелуші кеткен соң, сахабалар сұраулы жүзбен Алланың досына қарап қалған. Бірі шыдай алмай:

— О, Алланың елшісі, бұрын кім не әкелсе де бізбен бөлісуші едіңіз, ал бұл жолы жүзімнің бәрін өзіңіз жеп қойдыңыз ғой. Оның себебі бар ма? — деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоңыр даусымен үн қатады:

— Жаңағы жүзім ұсынушы адамның жүзін көрдіңіздер ме, мен оның сыйын хош алып, дәмін татқан сайын сондай нұрланып, риза болып тұрды. Шындығында, жүзім өте қышқыл екен. Егер оны сендермен бөліскенімде, біреуің болмаса біреуің әлдене деп қалып, әлгі кісінің көңіл күйін түсіріп жіберер ме едіңдер. Мен содан сақтандым, — деп жауап қатады.

О, Құдіреті Күшті Құдайымның шын досы,

Мінез-құлқың қандай көркем десеңші!

Бізге сенің үлгі-өнегең жол болсын,

Мұсылман дос, өсіп-өркендесеңші!

Мұнайдар Балмолда

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған