Президент айтқан 2 млрд. шығын кімдерге жұмсалды?

Халықтың ауызында жүрген кез келген сөзді алсаң, астарында телегей-теңіз жүйрік ойлар мен тәлім-тәрбиелік мән жүреді. Жаңа болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ә» дегеннен айтқан сөзі ел-жұрттың көңіліне қона кеткені айдан анық. Осы уақытқа шейін имидждің шырмауына шырмалған біраз әкім-қаралар бюджет қаржысын «ән-думан мен арзанқолды мақтан үшін түсірілген фильмдерге» оңды-солды шашуға келгенде алдарына жан салмайтынын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Кей кезде ойпырм-ай бюджет қаржысы әкесінің ақшасы емес, халықтың маңдай терімен келген табысынан жиналған дүниені ысырап қылмай үнемдеп пайдалануға неге болмайды деген ой санаңа еріксіз ұялайды.

 

Алматы облысы еліміздің ең бай өңірлерінің бірі. Қазірдің өзінде екі миллион халқы бар. Жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларының шұғыл шешуді қажет ететін күрделі мәселелері жетерлік. Бюджет қаржысының есебінен жамалатын жыртықтар да аз емес. Алайда соңғы жылдары өткізілетін іс-шараларға неше түрлі әншілерді, бишілерді сонау Астана мен Алматының төрінен шақырту кеңінен етек алуда. Бір салтанатты жиынға қатысқан ақын қыз арнайы шақыртумен келген, атағы «жер жарған» әнші, бишілерді көріп:
— Мыналардың кез келген адамның қалтасы көтере бермейтін қаламақысын кім төлеп отыр? Бюджет пе? Бірер әні үшін миллиондарды талап етіп жүрген, долларовой әншілер ғой, —деп таңғалды.
Екінші бір талантты қаламгер жігіт,
— Осындай өнерпаздар өзіміздің өңірде де жетерлік қой. Бір тиынды шығартпай-ақ ән салып, би билеп береді, — деп күбірлеп қынжылып қойды. Аттай қалап шақыртқан әншілері мен жастар ансамбльдері фонограммамен ертеректе жаздырып алған әндеріне ауыздарын қимылдатып, көрерменді өтірікті шындай қылып алдады. Бұндай жағдайлар бір рет болса жарайды ғой, әр мейрам сайын қайталанып жатады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың концерттерге жұмсалған 2 миллиардтай «нәтижесіз» шығынды тіліне тиек етіп. Аса қымбат дүниелерді сатып алуды, имиджді көтеру мақсатында өткізілетін атжарысқа айналған шараларды тоқтату керек деген сөздері бекер айтылған жоқ. Халықтың мұң-мұқтажына жұмсалатын қаржыны аспанға ақша шашып, масайрап жүрген әншілердің онсызда қампиған қалталарын толтыруы барып тұрған сорақылықтың бір түрі дер едім. Мұндай көзбояушылыққа салынып, халық үшін «өткізілетін» шаралардың шығынын ел-жұрт білсе әлдекімдердің бет-жүзі аймандай болатынын ұмытпаған жөн. Біздің халық шыдамды да сабырлы. Бас аман болсын деп несие алып, оны жүйкелерін тоздырып, төлеп жүре береді. Алайда «Шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынатынын» білмеу жарға жықтыруы мүмкін.
Тіпті сонау Лондоннан келдім деп бір блогер пысық жігіт облыс әкімінен өңір журналистері шетелге іс-тәжірибе алмасу үшін бұдан былай да жіберіле ме деп дәмелі сұрақ қойды. Әрине, егер бюджет қаржысынан қыруар шығын шықпаса кез келген тілші бара берсін. Бірақ бізде де көз бар, құлақ бар күнбе-күн теледидардан, ғаламтордан барлық жер жүзінде болып жатқан оқиғаларды көріп, біліп отырамыз. Екі күннің бірінде халқы көшеге шығып шерулетіп, шу шығарып жатқан шетелдерден не үйренуге болатынын түсіне алмай дал болдым. Біз де солардың кебін киіп «фейковый» жаңалықтарды жалаулатып, елдің шырқын бұзуға бейім болуымыз керек пе?
Елбасымыздың рухани жаңғыру туралы үлкен бағдарламалық мақаласын орындау үшін де қыруар қаржы бөлінгені белгілі. Біраз шаруалар да жасалды. Алайда оның нәтижесі қандай? Осы адамның рухани дүниесін жаңғырту барысында іске асырылған іс-шаралардың тоқ етерінде қаншама жастар қазақ әдебиетіне, оның ішінде тарихи дүниелермен танысуға ден қойды. Қаншасы қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарын жаздырып алып, жастанып оқып, білген-түйгендерінің шеңберін ұлғайтты? Қағаз жүзінде бар да, шын мәнісінде жоқ «нәтижелер» қарақұрым. Жалпақшешейлік пен қағазбастылық шенеуініктердің қызметінде мықтап орын алған. Әй, дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ болғандықтан соңғы жылдары біздің өңірде орыс тілді блогерлерді «құрметтеу», «төбеге көтеру» саясаты белең алып кетті. Ғаламтор қаншалықты мықты болса да кітап пен газетті алмастыра алмайды. Қазіргі жіберген олқылығымыз үшін бірнеше буынның ұрпақтар легі келешекте зардап шегетіні айдан анық.
Тіпті қатардағы қарапайым адамдар мен жастар тұрмақ облыс, аудан әкімдіктерінің қанша қызметкері соңғы рет әдеби шығарма оқып, қазақ басылымдарын жаздырып алыпты? Шенеуініктер қазақ газеттерін менсінбейді, оқуға құлықсыз. Олар аталы сөз бен ар-ұяттың, абыройдың жүгін көтеріп, жағдайы төмен халықтың мұң-мұқтажын шаршамай жазып келе жатқан басылымдарды жақтыра бермейді. Керісінше ғаламтордың ақиқатынан гөрі жалғандығы басым дүниелеріне мықтап тұрып «шырмалған». Әрине, еріктері өздерінде ғой. Алайда олар қарапайым халықпен қалай жұмыс жүргізеді? Білімділік деңгейін қалай көтереді? Не деп сөйлеседі? Қандай өнеге, тәлім-тәрбие бере алады?
Ішкі саясат саласындағылар мейрамдарда атағы жер жарған әншілерді, бишілерді шақыртып, би билеп, өлең айтқызсақ болды, қараша халық деген айдауға көніп, мал сияқты алдымызға түсіп жүре береді деп ойлайды-ау шамасы. Жоқ. Егерде Алладан бір жас кіші Халық ашу шақырса алдына шығып, жалғыз ауыз сөз айта алмайтын бөзөкпе «саясатшыны» шыбын ғұрлы көрмей таптап өтеді ғой. Оның беті аулақ болсын. Аулақ болуы үшін қарапайым халықтың арасында жүру керектігін тағы да Президентіміз ескертіп отыр.
Ал, жыл он екі ай қара бастарын күйттеп, бюджет қаржысын оңды-солды шашуда алдарына жан салмайтын қазақи намыс мінезділіктен жұрдай кадрларды сүзгіден өткізіп, жасаған іс-әрекеттерін ұлғайтатын әйнекпен қарау қажет болатын күн де алыс емес. Жағаларын жайлауға салғандар үшін бір тосқауылдың болары анық.

Нұрила Бектемірова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған