Прокуратура органдарының құрылғанына 25 жыл

Бас прокуратурада прокуратура органдарының 25 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты жиналыс өтті. Салтанатты іс-шараны ашқан Бас Прокурор Жақып Асанов тәуелсіз Қазақстанның прокуратура органдары жүйесінің құрылуына тарихи шолу жасады.

Қадағалау ведомствосының басшысы 25 жыл ішінде прокуратура органдары жеткен жетістіктерді атап өтті. Прокуратураның беделі, оның әлеуметтік маңыздылығы еселеп өсті. Тәуелсіздік жылдары ішінде, Мемлекет басшысының қолдауы арқасында, прокуратура мемлекеттік билік жүйесінде ерекше орын алды. Бүкіл құқық қорғау жүйесінің өзегі болып табылады.

Бүгінгі күні адам, оның құқықтары мен бостандығы, азаматтардың сенімі, қоғамдық келісім, Қазақстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі прокурорлар қызметінің маңызды басымдықтарына айналды. Осынау торқалы жылда прокуратура ауқымды бастамаларды іске асыруды бастады. Бұл жұмыс Ұлт жоспары «100 нақты қадамға» және бес институционалдық реформаны іске асыруға жұмылдырылған.

Жақып Асанов, әрбір прокурор қызметкер үшін бүгінгі күннің маңыздылығына тоқталып, әріптестерін құттықтады және прокуратура органдары алдында тұрған жауапты міндеттерді орындауда үлкен жетістіктер тіледі. Ардагерлер мен ведомствоның бірінші басшыларының сіңірген еңбегі жеке аталып, олардың мінсіз қызметі мен кәсібилігі барлық прокурорлар буыны үшін жарқын үлгі болып қала беретіндігі айтылды.

«Біздің басты конституциялық міндетіміз – заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Мен 21 ғасыр прокуратурасын өмірдің барлық саласында қоғамымыздың  ең тиімді, қазіргі заманға сай,  сенімді серіктесі ретінде көремін», – деп сөзін қорытындылады Бас Прокурор.

Кәсіби мереке құрметіне мінсіз қызметі мен өз міндеттерін үлгілі орындағаны үшін бірқатар қызметкерлер сыныптық шендермен және ведомстволық наградалармен марапатталды. Жас қызметкерлер прокуратура органдарына, мемлекетке және Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант қабылдады.

Салтанатты жиын прокуратура қызметкерлерінің күшімен дайындалған мерекелік концертпен аяқталды.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған