Рамазаннан алдыңғы түнде жасалатын амалдар

          Ертең Рамазан деген түні мынадай амалдарды орындау керек:

 1. Жаңа айды көргенде айтылатын дұғаны оқу. Бұл дұғаны тек Рамазанда емес, әрбір жаңа ай туғанда оқу сүннет.

2. Барлық туған-туыстарыңызға, достарыңызға және бүкіл таныстарыңызға телефон шалып, хат жазып, оларды Рамазан айымен құттықтап, оларды  осы ұлы айда құлшылыққа, тура жолға шақырыңыз.

3. Мүмкіндігіңізше балаларыңызға қуаныш, шаттық сыйлаңыз. Оларды Рамазан айының келуімен береке, бірлік, бақыт келетінін айтып, сыйлықтар жасаңыз. Осылайша сіз балаларды әр Рамазан айын қуанышпен күтуге үйретіп, бұл қасиетті ай барлық мұсылмандардың асыға күтетін қуанышы екенін түсіндіресіз.

4. Бұл күні тарауих намазы басталады. Бұл намазға ерекше дайындалып, құлшылықты мешітке барып мұсылман бауырларыңызбен бірге атқарыңыз.

5. Рамазан айы – құлшылық айы, сондықтан тек жақсы істерге  ниеттеніп, оларды амалға асыруға тырысыңыз:
– Ораза ұстауға, Алла Тағалаға толық оралуға, барлық күнәлардан арылып, шынайы тәубеге келуге ниеттеніңіз;
– Әдеттегіден артық көбірек құлшылықтар жасауға ниеттену, мысалы, Құранды хатым түсіру, тахажжүд намазын оқу, дұға жасау, нәпіл істерді көбірек атқару т.б.
– Бауырмашылдықты күшейту, ренжіскен адамдар болса, олармен татуласу, кешірім сұрау
– Исламдан алыс адамдарды дінге шақыру, уағыз айту, білім беру, білгеніңді туыстарға, достарға үйрету, оларға дініміздің құндылықтарын жеткізуге тырысу, өйткені, Рамазанда шайтандар кісенделеді және адамдар да имандылыққа жақын болады.

       Осы мүмкіндіктерді қолдан жібермей, өзіңізге де, өзгеге де пайдалы істерді орындасаңыз, Жаратушымыз бұл амалдарыңызды сауапсыз қалдырмасы анық.

Ал осы түнде кейбір мұсылмандар жасайтын және одан ешкімге ешқандай пайда келмейтін сүйкімсіз бір амал бар, содан сақ болыңыз. Ол жылсайын болатын – ай бүгін көрінді, жоқ көрінбеді, мен бүгін бастаймын, жоқ мен ертең бастаймын – деген тартыс пен таластар. Ақылы бар мұсылман бұл нәрсеге жоламайды, ол қай елде болса сол елдегі дін басшысының белгілеген күнімен жасауы керек. Басқасына араласу ол біздің міндет емес, біз тек діни басқарма көрсеткен кестемен бастап сонымен аяқтауымыз қажет. Оған жауап беретін адамдар не болса да, өздері көтереді. Бізге мұсылмандардың бірлігі керек.

muslim.kz
Д. Рағиб Сиржәни,

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған