Ресейліктер шағын су электр станциялары салады

Бүгінгі күннің талабы инвесторлармен жұмыс жасау. Осы мақсатта президент Нұрсұлтан Назарбаев министрлер мен әкімдерге тиісті тапсырмалар бергені есімізде. Аталған тапсырма бүгінде өз жемісін бере бастаған тәрізді. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі былай деп хабарлайды: «Астанада «Шымкент» ӘКК мен «Росатом Орталық Азия» аймақтық орталығы өзара ынтымақтастық пен әріптестік келісіміне қол қойды. Ондағы мақсат Оңтүстік Қазақстан облысында шағын су электр станциясы мен басқа да баламалы энергия саласын дамыту. Сондай-ақ, табиғат қорын тиімді пайдалану мен сақтау болып табылады. Құжатқа басқарма төрағасы Айтмұхаммед Алдажаров пен «Росатом Орталық Азия» бас директоры Виталий Драгунов қол қойды.

Қос тарап Оңтүстіктің таулы аймақтарында қуаттылығы 2МВт-қа дейінгі, контейнер типтес шағын су станцияларын салудың инновациялық пилоттық жобасын бірге құрмақ. Контейнердегі шағын СЭС шығарумен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының «Атомэнергомаш» компаниясының құрамына кіретін Венгрияның Ganz Engineering and Energetics Machinery llc. (Ganz EEM) компаниясы айналысады. Шағын СЭС-терді тұрғындары электр желісіне қосылмаған аймақтарда қолдануға болады. Олардың турбинасы және басқару тетігі бар контейнерлер жеткізілген соң бір айдан кейін 1МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады».

Міне, Оңтүстікте осындай жетістіктер болып жатыр. Адағы уақытта жағымды жаңалықтар бұдан да көп болғай!

Шалқар БЕК,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған