Рәбиға Сыздықова: Қазақ тілі заңдылықтарының сақталмауына мектеп кінәлі

Белгілі тіл ғалымы Рәбиға Сыздықова «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген сұхбатында бүгінгі күні журналистердің пунктуациялық қателіктерге көп ұрынатынын, теле-радио тілшілерінің орфоэпиялық нормаларды дұрыс сақтамайтындығын айтып, оған «Қазақ тілі» сабағына немқұрайды қарайтын мектептердің кінәлі екенін айтады, деп хабарлайды Baq.kz.

Жетпіс жылға жуық қазақ тіл біліміне қалтқысыз қызмет еткен ғалым бүгінгі күні басылым беттерінде пунктуациялық қателердің көп екенін айтты.

«Соңғы жылдары әркім өз бетімен жазып, қоспайтын сөздерді қосып, ажыратпайтын сөздерді ажыратып, қойылмайтын жерге үтір қойып жазып жүр. А.Байтұрсынұлы заманында өйткені, себебі, бірақ, алайда сияқты жалғаулықтар екі жай сөйлемнің ортасында тұратын. Қазіргі кезде алдыңғы сөйлем тым ұзақ болып кете ме әлде орыс тіліндегі аудармаларға қарай ма, – сондықтан, өйткені, себебі, бірақ дегендерден басталатын сөйлемдер кездеседі. Ол сөздердің соңынан үтір қою дұрыс емес. Үтір жалғаулықтардың алдынан қойылғанмен, соңынан қойылмайды»,-дейді ғалым.

Академиктің айтуынша тыныс белгісін орынсыз пайдалану да қазіргі қаламгерлер арасында көптеп кездесетін қателіктердің бірі.

«Көңіл күй, алдын ала, кез келген сияқты тіркестерді дефис арқылы жазуға ешқандай уәж жоқ. Бұлар – қос сөз емес, тіркестер. Сондықтан дефис қою негізсіз. Сызықшаның, дефистің, үтірдің қойылатын орындары бар. Оларды бейберекет қоя беруге болмайды. Ол туралы «Қазақ тілінің анық­тағышы» атты кітабымда нақты тоқталғам. Сол ережелерді негізге ала отырып, ала-құлалыққа жол бермей, біріздендіру керек. Мектепте тыныс белгілерді оқытуға ерекше көңіл бөліп, сағат санын көбейту керек»,-дейді ол.

Сондай-ақ, ғалым қазіргі теле-радио тілшілерінің орфоэпиялық нормаларды дұрыс сақтамайтынын айтады.

«Соңғы кездері бірнеше мақаламда сөздердің дұрыс жазылуы, дыбысталуы туралы айтып, кей сөздерді ұяңдаған түрде жазу керектігін ескерткем. Бірақ біреулері ұяңдатып, біреулері ұяңдатпай айтып жүргендіктен, екі түрлі айты¬лып кетті. Теледидар мен радио тілшілері техниканың көмегімен алдындағы материалды бірден оқиды. Бұрынғы дикторлардай алдын ала дайындалып, жаттықпайды, таспада қалай жазылса, сол күйінде оқи береді. Жазылған күйінде оқу, орфо-эпиялық нормалардың сақталмауына, ең алдымен, мектеп кінәлі. Мек­­­теп­терде «Қазақ тілі» сабағында орфо­­эпия­­лық заңдылықтарға көңіл бөлінбейді»,-дейді Сыздықова.

Ескерту!

Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған