Сəуле Мешітбайқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ пен БИЛІК арасы алшақтап кетті оны жақындату өз қолыңда, үкімет!

Соңғы уақытта халық пен биліктің арасы алыстап барады деген ой-пікірлерді әлеуметтік желілерден, баз бір оппозициялық газеттерден жиі көзім шалып қалады. Біреу ашынып айтар, біреу ашылып айтар, біреу басынып айтар, біреу ауыз өзімдікі деп тасынып айтар. Ерік өздерінде. Шындығына келсек, мұндай ашықтық — елімізде демократияның бар екенінің белгісі. Сөз бостандығына шектеу жоқтығына да бір мысал. Әйтпесе президенттен бастап, билікті «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққанша» сыбап жататындар, ашық жазып табалап, «талап» жататындар қоғамда толып жүр. Олардың «тауығының аяғы сыныпты» дегенді өз басым әлі естіген емеспін (Ана бір қоғам белсенділерінің істі болып кеткендері жайлы әңгіме бөлек).

Сəуле Мешітбайқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

Қалай десек те, билікке қарата айтылған ғайбат сөздердің бәрі бірдей «саф алтын» емес. Қоспасы көп, құны арзан дүниелер жетіп артылады. Мұны есте ұстаған абзал. Ал нысанаға дөп тиіп, халықтың ашу-ызасын тудырып жататын іс-әрекеттер, билік өкілдері арасында аңғал сөйлеп «қақпанға» түсіп қалатын кептер де баршылық. Сондықтан жер бетінде жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың, сатқындық пен аңғалдықтың, бай мен кедейдің әлімсақтан бар болуы — бізді сабырға шақыруы тиіс. Біздегі билік қалай болғанда да, революциялық жолмен емес, эвалюциялық бағытпен дамуы керек. Кейбір топтардың арандатушылық ойларын байқағанда, олардың көксегендері ел қамы емес, ұлан байтақ даланы ту-талақай етіп ойрандау ма деп қорқамын. Осы күнімізге зар болып қаламыз ба деп те шошимын. Өйткені азға қанағат етпеудің арты — қайыршылыққа жол ашуы бек мүмкін. Асылдың қадірін кеш білу де — орны толмас өкініш қой. Әріге бармай-ақ, Саддам Хусейін мен Каддафи сынды әміршілердің сүттей ұйыған мемлекетін сыртқы күштердің қалай іріткенін көзіміз көрді. Берекесі қашқан халықтың бүгінгі тірліктері өте аянышты халде. Оның бер жағында көршіміз қырғыз жұртының да алашапқын болып атқа міне беруі де — бізге үлгі емес… Тыныштық пен ынтымақтан асқан байлық жоғына, даму — тек бірлікте екеніне ақылды жанның бәрі ынтазар. Татулық бар жерде демография да, қарыштап даму да бола бермек. Әрине, жеріміздің асты мен үстінің байлығы да — талайларға көз түрткі… Ол да халықтың наразылығының асқар шыңында тұрған өткір талаптың бірі.

Халық неге ашынады?

Сол халықтың ішінде жүрген қарапайым адам ретінде жауап іздеп көрейін. Әріге бармай-ақ беріден орағытайын. Мысалы, пиғылыңды адамнан жасырғанымен Алладан жасыру мүмкін емес қой. Ол бір. Екіншіден біздің байлардың (көбі үкімет мүшелері) артын әлемдік «Forbes» журналы ашып тастайды. Өйткені Елбасы қаншама айтқанымен, ескерткенімен олар ақшаларын шетелде ұстайды. Мұның өзі-ақ олардың президентке, халыққа адал еместігін көрсетіп тұр. Демек, елдің саясатына, болашағына күмәнді. Халық ақымақ емес, осындайларға ашынады.
Тәуелсіздік алғалы қаншама ала аяқ, Елбасыны жер қылып, мемлекет қаржысын алдына «өңгеріп алып» шетел асты. Бір ғана мысал: Алматы қаласы әкімі Храпунов, екі самолетке бар жиһазын, дүние-мүлкі мен алтындарын тиеп «ырғалып-жырғалып» Швейцарияға көшті де кетті. Ал оның қылмысы жайлы құзырлы органдар білмеді дегенге кім сенеді? Демек, тамыр-таныстық арқылы бәрі реттелген. Яғни, жоғары жақта оның жақтастары отыр деген сөз! «Жау кеткесін қылышты боққа шауып» қала бердік. Халықты бұл ашындырмай ма? Бұл біздің білетініміз, ал білмейтініміз қаншама. Соңғы 10 жылда Қазақстаннан 10 млрд. доллар көлемінде қаржы ұрланып шетел асқан. Бәлкім одан да көп болуы мүмкін.
Шетелдік инвесторлардың жергілікті жұртты басынуы, реті келсе таптап өтуге деген өлермендігі де халықтың арқасына шаншудай қадалып тұр. Жұмысшылардың да бас көтеруі жиілеп барады. Бұл теңсіздіктің нәтижесі!
Билік пен халықтың арасын алыстатып бара жатқан мәселенің бірі — депутаттар мен шенеуніктердің миллиондап айлық алып, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақының мардымсыздығынан туып отыр. Тіпті бес баласы бар ананың — 16 мың теңге жәрдемақы алуы күлкі шақырмай ма? Бұдан асқан қандай әділетсіздік болуы мүмкін?
Мысалы, әлем елдерінде көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері мынадай болып келеді:
АҚШ 200 доллардан бастап;
Франция. Отбасы табысы 5000 евродан аз болса, әрбір отбасы мүшесіне ай сайын 180 евродан бастап;
Германия. Әрбір балаға 170 евро;
Австрия. Әрбір балаға 160 евро;
Біріккен Араб Әмірлігі; Шаңырақ көтерген жас отбасына елдің Неке қорынан әрқайсысына 20 мың доллар өсімсіз несие беріледі. Бұл қаржыны қайтару міндет емес, себебі тұңғыш бала туған бойда бұл қарызды мүлде ұмытып кетеді. Дүние есігін ашқан сәби қыз болса 50 мың доллар, ұл болса 200 мың доллар шамасында сыйлық беріледі. Бұл ақшадан бөлек кішігірім вилла кілтін де қоса тапсырады екен.
Көршіміз, өзіміз үлгі тұтатын Ресейде; Үшінші баладан бастап сәби 3 жасқа толғанша 6000 рубль.
Осымен тоқтайын, сілекейді шұбырта бермей.

ТАСЫРАҢДАҒАН ДЕПУТАТ… АҚСАҒАН ИДЕОЛОГИЯ…

Депутат демекші, халықтың ақшасына кердеңдеген Косарев секілді депутат, бір үйлі жан қара жамылып, бес қыз бала мерт болғанда, таңданысын жасыра алмай: «аналары балаларына қарамай, оларды бақпай қайда жүр?» деуі, «аңдамай сөйлегеннің ауырмай өлетінін» көрсетіп берді емес пе? Балаларға жәрдемақы жетіп тұрса, анасы түнгі ауысымға өлсе шығар ма еді? Мұндай сөзге халық ашынбай тұра ала ма? Елбасының атына кір келтіріп жүрген бұл секілді қартаңдардың билік төрінде шалжиып отыруы ақылға қонымсыз-ақ іс!
Ашынғаннан шығады ащы дауысым демекші, халық дүрліккен сол оқиғаның ертесіне Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жакупова журналистердің «Көпбалалы аналар неге түнгі жұмыс істеуге мәжбүр болды?» — деген сұрағына: «Это иx выбор» (Бұл олардың таңдауы), — деп былш еткізді! Сонда тірідей өртке оранған бес баладан айырған түнгі жұмысты беймезгіл қаза тапқан бейкүнә періштелердің анасы өзі таңдап алды ма? Байқайсыздар ма, мәселе қайда жатыр?
Жалпы соңғы жылдардағы Ақордада Елбасының қатысуымен өтетін жиындардың бәрі дерлік, «ұстаздың алдында сабақ айта алмай басы салбыраған бала кейпіндегі» үкімет мүшелерінің кейпімен халықтың есінде қалды. «Жайшылықта ауыз жаппас, жиын-тойда өлең таппастың» кері бұл. Өзіне тапсырылған міндетті атқара алмай немесе ақтала алмай қызарған министрлер үшін халық ұялатын жағдайға жетті. Тым құрыса біреуі қара қылды қақ жарып, «Не бел кетеді, не белбеу кетеді», — деп намысқа басса, өз ісінің нағыз маманы болып, қалың елдің мұңы мен мұқтажын жеткізе білсе, халықты былай қойғанда, Елбасының өзі ризашылығын білдірері сөзсіз! Елбасының алдында төменшіктей беру — қорқақтық па, әлде жалтақтық па? Егер осы екеуінің бірі болса, ондай басшының барынан жоғы. Бұл да халықты әбден ығыр еткен, күнде көре бергесін жалықтырған кино секілді дүние ғой.
Сосын ел-жұрт реформасына қарсы шыққан, үш тілділікті күштеп енгізіп, балалардың басын атала қылып жатқан Білім және ғылым министрі соңғы жиында Ақордадан мақтау естіп, үстіне «шаң» жұқтырмай өтті. Халықтың өкпе-ренішіне селт етпеген биліктің, реформатор министрді қолдауы — шынымен-ақ билік пен халықтың аражігін ашып берді.
Бірде теледидардан Түркия жайлы хабар таратылып, үйіндінің астында қалған қыз баланың жаназасына Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның қатысқанын, кейін сүйекті жерлеуге бет алғанда, табытты көтеріп алып жүргенін көріп риза болдым. Бұл ел президентінің халықпен біргемін деген шын ниетінің көрінісі. Бізде қысылтаяң күн туса да шенеуніктерді қайғылы отбасының қасынан көруің қиын. Өйткені жұмыстан қолдары босамайды. Бірақ тындырып жатқандары аз. Осының өзі-ақ билік пен халықтың аражігінің қаншалықты алыстап кеткенін көрсетіп тұрғандай…
Жапонияда бір қыз бала үшін шалғайдағы ауылға арнайы поезд екі жыл қатынағанын барлық БАҚ жарыса жазды. Себеп: қыз бала оқудан қалмауы керек екен. Ол үшін қаржы үнемдеу мәселесі қаралмаған. Бұдан артық халыққа құрмет көрсету – әй, бола қоймас. Бізде кейбір шағын ауылдарда баланың аздығынан мектептер жабылып жатыр. Оларды орталыққа шоғырландыру ісі — қарқын алып тұр…
Халық неге ашынады? Әділетсіздік белең алғасын — ашынады. Өз елінде, өз жерінде құл болғасын күйінеді. Тәуелсіздік алғаннан бері өзгенің қас-қабағына қарау, олардікі бұрыс болса да бұра тарту, бас жарылып, қол сынса да, өзге ұлт өкілінің табанына салып беру — үздіксіз жалғасып келеді. Өзгелердің тыныштығы үшін, өз бауырыңды қан қақсату — биліктің ең сорақы қадамы. Халық бұған қалай ашынбайды?
Біздің қоғамда қыры кетіп, «арқасы жауыр болған», аяғы қатты ақсап тұрған проблеманың бірі — идеология. Бұл ұлттық болмыстың, ұлттық жігердің маталған тұсы. Бұған дейінгі бассыздықтарды теріп жазсам, бәле іздеген болармын. Күні кеше ғана, қазақтың қалың тобы шоғырланған Маңғыстауда жынойнақтың өтетіні белгілі болды. «В Актау пройдет акция ко Дню влюбленных «Самый масштабный поцелуй» депті «Lada.kz». Еш зиянсыз көрінгенімен мұның арты — азғындық қой! Қай ата-бабамыз жастарды сүйістіріп бәйге беріп еді. Бүгіндері идеологияның әлсіздігінен біреулер өзінің қаңсығын бізге таңсық қылып көрсетуге күш салуда. Бұлай жалғаса берсе, арты жақсылыққа апармасы белгілі. Маңғыстаудағы жынойнақ жарнамасы сөзімнің нақты дәлелі. Билік тарапынан мұндай істерге тоқтам болмаса, халық ашынбағанда қайтеді? Ұлттық идеология босаңсыған жерде, ұлдан ізгілік, қыздан қылық қашады. Имансыз ұрпақ өсіп-өнеді. Имансыз ұрпаққа отан керек емес. Қай жерде қарны тояды, сол жерді мекендеп қала береді? Онда бүгінгі билік ата-баба қарғысын арқалайды. Демек, бүгінгі саясат өзгермесе, елдігімізге сын болғалы тұр…
Күні кеше Астана төрінде орын алған алапат өрттен бес қыз баланың қазаға ұшырағаны халықты біраз дүрліктірді. Көпбалалы аналар биліктен өз құқықтарын талап етіп, сақылдаған сары аязда әкімдіктің алдына жиналды. Билік өкілдері халықпен санасатындарын айтып жатыр. Осындай да бірдеңені талап ету үшін тағы да біреулер өртеніп өлуі керек пе деген ой мазалайды?
«Шыдамның да шегі бар» дейді қазақ. Төзімділік те — жақсылық бастауы. Алайда ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың: «Төзім тамаша сипат. Бірақ шексіз ұзақ төзуге өмір тым қысқа ғой» дегені бүгінгі біздің жайттан хабар беретіндей..

ТҮЙІН СӨЗ:
«Айтпаса сөздің атасы өледі» дейтін ұлттың ұрпағымыз ғой. Ашу-ызаны келтірген, намысымызды таптаған іс-әрекеттерді көргенде бүгінгі биліктен түңіліп кеткіміз келетіні кейде рас. Ақылды патшаны, ақымақ уәзірлердің орға жыққаны туралы аңызға бергісіз оқиғалар мен әфсәнәлар да санамызда жаңғырып тұр. Баз бір министрлер мен депутаттардың ісін көргенде ойға оралатыны осы. Бұл енді әлемдік саясатты жетік білетін, сұрқия тіршілікті жіліктеп шағатын әміршіге ескеретін жәйт. Айтқанды екі еткізбейтін жылпостан көрі, шындыққа бір табан жақын көмекшілердің бәсі артық тұратынын ұлы тұлғалар жоғары бағалағанын Елбасының білмеуі мүмкін бе? Ғұмыр бойы билікті бермей — ақыры күңіренумен өткен хандар мен патшалардың тарихынан да бейхабар деуге дәтім бармайды? Тіпті бір кезде өзіне жақын тартып баулыған азаматтардың, кейіннен болып-толып өзімен бәсекеге түскені де үлкен сабақ болғаны анық. Халықтың жайын бір білсе — Елбасы біледі деп сенімді айта аламын. Өзінің өткен өмірі туралы жазған бір мақаласында, президентіміз, әкесінің әр түп алма бағына салынған салықты естіп күйінгеннен, әр түпті балталап тастайтынын ашық жазады. Себебі алма ағаштарының түбірі көбейген сайын салықтың еселей түсуі, ешқандай жеңілдіктердің қарастырылмауы шаруаның еңбегін қанау еді. Осыны түсінген Әбіш қарт ашуға мінеді. Бұл еңбек адамының өзін қанаған үкіметке наразылығы емей не? Бала Нұрсұлтан қара халықтың арасынан осындай әділетсіздіктерді көріп өсті. Кіжініп өсті… Алла бақ беріп, халқының қолдауымен биікке көтерілді. Енді өз халқының да мұңы мен мұқтаждығын сезінуі керек.
Негізі біздер, жақсылықты тез ұмытып, жамандықты кек тұтатын пенделерміз ғой. Әйтпесе, Елбасының қазақ үшін жасаған толайым табыстары — атан түйеге жүк болардай қомақты емес пе еді? Оны біз көзге ілмегенмен, тарих безбені саралап, өз бағасын беретін күн де туар. Қателігін тізіп шығар… Олай деп жатқаным: қателеспейтін пенде жоқ. Оны асқынбай тұрғанда түзету ердің ерінің қолынан келер іс.
Кешегі өткен Сталин мен Гитлерді, кеңестік небір қасқаларды, бертіндегі Брежнев пен Қонаевты да сын тезіне алып, отбасылық жағдайларын сөз етіп, жеке басына мін тағып жатқандарға, біздің Елбасы сөз болып па?
Бірді айтып бірге кете бердім-ау, бес періштенің өлімінен соң аналардың көшеге шығуы, заңда жазылған «мемлекеттің құнды байлығы — адам» деген баптың толыққанды жұмыс жасамай тұрғанын алға тартуы — ашынған ананың тірлігі. Бұған дейін көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақының мардымсыз болып келгені аз айтылды ма? Неге біз осы, «Болары болып, бояуы сіңгенде» қимылдаймыз. Неге өтірік «ах» ұрамыз. Күні кеше сенат депутаты Бірғаным Әйтімова аналарға жанашырлық танытыпты: «Әсіресе, мол пайда тауып отырған құрылыс компаниялары қол ұшын созуы тиіс. Яғни, олар өздері салып жатқан тұрғын үйден көпбалалы аналарға пәтер берсін. Еліміздің әр аймағында осы шаруаны қолға алуымыз керек», — деген сыңайда. Дұрыс ұсыныс, қолдаймыз. Алайда бұдан сәл ертерек бұл мәселе жоғары палатада көтерілгенде «салмағы бұдан да ауыр болар ма еді» деген ой маза бермейді маған.
Ертеректе әйгілі күйші Әбікен Хасенов қайтыс болады да, марқұмды жерлеу комиссиясын басқару қазақтың әйгілі актері, режиссер, КСРО халық артисі Шәкен Аймановқа тапсырылады. Шәкен Әбекеңді жерлеу рәсіміне қаржы сұрап, тиісті қызметте отырған Асқар Закаринге келеді. Жағдайды айтады да, бес мың сомға рұқсат етуін сұрайды. Сонда А.Закарин: «Шәкен-ау, бес мың сомың бір адамға көптеу емес пе?» — деп тартыншақтаса керек. Шәкен болса іле тіл қатып: «Асеке-ау, бір бес мың сом үшін тағы да біреуіміз өлуіміз керек пе!?» — деп қалағанын алып шыққан екен.
Мен мұны неге айтып отырмын: Жоғарыдағы көкелер халықпен санасуы керек. Баланың қарусыз қалуы — жанбағыстың салдарынан туып отыр… Билікке аналардың сөзі өтуі үшін, (Алла бетін әрі қылсын), тағы бір отбасының шаңырағы отқа орануы керек пе?
Қай заманда да патшалар сарайы — қулық пен сұмдыққа, арсыздық пен жасандылыққа, жомарттық пен кеңпейілділікке толы болған. Тек салиқалы басшылар үлкен көрегенділікпен жақсылық пен жамандықтың аражігін айыра білген. Құр мақтанға құрылған қоғамның да ұзаққа бармасын пайымдаған. Сол үшінде халықтың хал-ахуалын жіті назарда ұстап, тақ пен сордың арасы таяқ тастам екенін естен шығармаған.
Қасиетті құранда «…өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар», — дейді. Дұрыс. Билікке қазақтай бой ұсынған ел жер бетінде некен-саяқ. Хадиске жүгінейік. Хадисіміз «Патша — Алланың жердегі көлеңкесі» дейді. Бұл да жөн. Жөн демейтіндей Пайғамбарымыздан озып не айта қоймақпыз. Өкілеттік — Алланың жердегі көлеңкесі. Ол өкілеттікті ханға беруші — халық. Ал халық — Алланың бір аты. Ендеше халықпен санаспау — ел басқарған тұлғаға сын!
Құрметті көпбалалы аналар! Сіздердің сөздеріңіз бен өтініштеріңіз жерде қалмады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құлағына жетті. Елбасының тапсырмаларынан соң көпбалалы аналарымыз баспаналы болуы әбден мүмкін. Үкімет сіздердің өтініштеріңіз бойынша жұмыс жасап жатыр. Тек сабырлы болайық.
«Сабыр түбі сары алтын» демекші, жақсы жаңалықтар жазатынымызға аз уақыт қалғандай. Елбасының тапсырмасы мен үкімет тиісті жұмыстарын шұғыл қарастырып жатыр.
Иә, мемлекет көпбалалы аналарға көңіл бөле бастады. Бұл шынында да қуантарлық жағдай. «Ештен кеш жақсы» деген осы. Кешегі бес періште қызымыздың қазасынан басқа да ондай жан ауыртар оқиғалар қадау-қадау көрініс беріп жатыр. Басқа қалаларда да отқа оранған сәбилердің жан дауысы естіледі. Біздіңше, бұлардың тамыры тым тереңде жатқанын бағамдадық па? Меніңше, жоқ. Сона-ау тоқсаныншы жылдар еншісіндегі ауылдан басталған көш, халықаралық тілмен айтақ урбанизация әлі де толастаған жоқ. Олар еріккеннен көшкен жоқ. Күнкөріс үшін, бір түйір нан үшін қалаларға ағылды. Әсіресе Алматы мен Астананың іргесіне қопарылып келіп, орналасты, қоныстанды. Шаңырақтағы, Бақайдағы қанды оқиғалар соның белгісі. Бірақ мемлекет оларға бірден көңіл аударған жоқ. Әлі де толық емес. Қалың қазақ әлі де баспанасыз. Қуықтай ғана жалдамалы пәтерлерде өмір сүріп жатыр. Міне, осы жағдайларды, урбанизация мәселесін үкімет тереңдеп, бүге-шігесіне дейін зерттеп, менімше арнайы заң немесе қаулы қабылдауы тиіс қой деп ойлаймын. Сонда ғана халықтың ашынысы басылады, сонда ғана баспана, жұмыссыздық мәселесі оңынан шешіліп, мұндай сұмдық апатты жағдайлар тоқтайды. Қашықтап кеткен халық пен биліктің арасын жақындату үкімет, тек өз қолыңда. Ең бастысы, қалың бұқараға деген мейірім жетпей тұр. Қалтаның қамын емес, халықтың жағдайын ойлайық, ағайын!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған