САЙЛАУДЫ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ӨТКІЗУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

1. Сайлау өткізу туралы бастама дер кезінде көтеріліп отырған мәселе. Басы бар дүниенің аяғы болатыны заңды. Билік транзитін аяқтау керек. Сайлау өткізу қажеттіліктен туындап отыр. Демін ішіне тартып отырған халықты да, елімізге сұқтанып отырған сырт көзді де сабасына түсіру қажет. Сондай-ақ биліктегі тұрақтылықты қамтамасыз етіп, мемлекетті дамытудың жаңа кезеңін бастау керек.
2. Сайлауды өткізіп, қазіргі кезеңнен тезірек өткеніміз өзіміз үшін жақсы. Қалай болғанда да, бұл сайлаудан бірінші кезекте ұтатын халық. Себебі, халықтың тұрмысы түзеліп, әл-ауқатының жақсы болуы биліктің тұрақтылығына байланысты.
3. 20 күннен бері елдің тыныштығы кетіп, алып қашпа әңгіме   салдарынан халық алаң-елең күйде отыр. Сайлау өткізу туралы шешім халықтың көкейіндегі сан сауалдың жауабын беретіні сөзсіз.
4. Келесі 2020 жылы елімізде он жылда бір келетін маңызды кампания – халық санағы болатыны белгілі. Сайлауды сонымен қабаттастырмай, биыл өткізіп алғанымыз өзіміз үшін жақсы.
5. Қазақстан экономикасына қаржысын салған инвесторлардың қазіргі билік мәселесіне алаңдап отырғаны анық. Жағдайды реттеу үшін елдің тізгіні тұрақты президенттің қолында болуы керек.
6. Сайлау мәселесі қажеттіліктен туындап отыр. Өйткені, қазір халықтың көңілі алаңдаулы. Түрлі қауесеттер мен арандатушылар елдегі осы кезді өз ұпайларына пайдалануға тырысатыны анық. Біздің елде ең бірінші кезекте халықтың амандығы мен тыныштығы тұратынын ескерсек, сол тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет-ақ.
7. Әлемдік қауымдастық санасатын ел болу үшін мемлекеттің уақытша емес, тұрақты президенті болуы керек. Сол себепті, президент сайлауын өткізу дәл қазіргі күні қажеттіліктен туындап отырған мәселе. Ең бірінші кезекте оның астарында ұлттық мүдде тұр.
8. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінің жаны бар. Алмағайып кезеңде
жылдам әрекет етпесек болмайды. Алда сындарлы кезең күтіп тұр. Бәрібір 1,5 жылдан соң осы кезеңді бастан өткізетініміз анық.
9. Тоқаевтың бұл шешімі өз уақытында қабылданған шешім. Себебі, сайлауды кешіктіруге болмайды. Елді сайлау арқылы, халқы таңдаған президенті басқаруы керек, соны Тоқаев жақсы түсініп отыр.
10. Тоқаевтың сайлауды өткізу туралы шешімі өте дұрыс. Себебі, президентті халық сайлау керек. Елбасы Конституциямызға сәйкес Тоқаевқа мемлекеттік билікті қолына бергенімен, ол уақытша президент ретінде қабылданып отырғаны жасырын емес. Ал елде саяси тұрлаусыздық пен белгісіздік болмау үшін сайлау арқылы сайланған президентіміздің нық отырғаны дұрыс. Бұл президентке толыққанды ішкі-сыртқы саясатымызды жүргізіп, мемлекеттік даму стратегиямызды әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік береді.
Саятхан Сатылғанов

elana.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған