Сайрагүлдің жеңісі — еліміздегі бірліктің демократияның жеңісі!

Бүгін еліміздегі әлем көз тіккен, дүйім қазақ жұртын алаңдатқан мәселеге нүкте қойылды. Осыдан бірнеше ай бұрын Қазақстан шекарасын заңсыз өтті деп айыпталған Сайрагүл Сауытбай сот залынан босап шықты. Бұдан Қазақстан үкіметінің Пекиннің экстрадициялау туралы өтінішін қабылдамай тастағанын көреміз. Бірілері бұл оқиғаны «тәуелсіздік кезеңіндегі ең маңызды оқиғалардың біріне» бағалап үлгерсе, енді бірі «қазақ халқының еліміздің құқық қорғау орындарына, прокуратураға, сотқа деген сенімін оятқан оқиға» деп сипаттады. Ақын Құл-Керім Елемес болса, «Қазақстанның өзін алпауыт мемлекет санайтын елдермен дәрежесі бірдей, терезесінің тең екенін, демократиялық ел екенін дәлелдеді» деген пікір білдірген. Ең алдымен бұл қазақ қоғамының белсенділігін танытты. Демек, бұл қуаныш егемендігіміздің, бірлігіміздің жеңісі екені сөзсіз!

Алматы облысының Панфилов аудандық соты Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға ҚР ҚК 392 бабының 1 бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, 6 ай бас бостандығынан айырып, 63 бабының негізінде оны бас бостандығын шектеуге ауыстырып, сот залынан босату туралы үкім шығарды. Бірақ оны “жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына” байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім кесті.
Сот үкім оқыған кезінде сот барысында Сайрагүл Сауытбайдың қылмысты “отбасымен қауышу мақсатымен жасағаны” анықталғанын, қылмысы “ауыр емес” деп есептейтінін айтты. Сайрагүл Сауытбайға жаза тағайындауда Қазақстан қол қойған БҰҰ-ның халықаралық Бала құқықтары жөніндегі конвенцияны басшылыққа алынғанын, Сайрагүлдің этникалық қазақ екені әрі Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бар екені ескерілген.
Cайрагүлдің қорғаушысы, адвокат Абзал Құспан айыптаушы прокурордың сұраған жазасымен келісетінін айтты. Адвокат шетелдік құқық қорғау ұйымдарының, HRW-дың, Германияның адам құқықтарын қорғау ұйымдарының Қазақстан президентіне хат жазғанын, New York Times, Washington Post сияқты халықаралық басылымдарда 150-ден астам мақала жазылғанын, қорғаушы «Пана іздеуші тұлға» куәлігі табыс етілген Сайрагүл Сауытбайға БҰҰ жанындағы босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссариат өкілдерінің алаңдаулы екеніне де назар аударды. Бұл жерде бір ғана адамның тағдыры емес тағдыр таразысында Қытайда қыспақ көріп жатқан мыңдаған қандастың өмірі тұрғанына назар аударды.
Сот залынан босап шыққан Сайрагүл Сауытбай ең бірінші Қазақстан сотына, Елбасына алғысын жеткізді:
— Алдымен өздеріңізге шексіз рақметімді білдіргім келеді. Өйткені іс қозғалғалы бері барлық құқықтарымды қамтамассыз етіп, барлық құқықтарымды шектемей заңды түрде құрмет еткендеріңізге шексіз алғыс білдіремін. Елбасына рақмет айтамын. Елім, жерім деп аңсап келген Қазақстанымда қалатыныма, сол арманыма қолым жетті. Мені қолдаған барлықтарыңызға рақмет! Қазақ елінің болашағы нұрлы болады! — деді.
Сайрагүл Сауытбайдың сотына арнайы келіп қатысқан саясаткер Расул Жұмалы Қытай үкіметі Сайрагүл Сауытбай мәселесіне түсіністікпен қарап, бүгінгі оқиғадан сабақ алу керек деп есептейді. Себебі Қытайда Сайрагүл сияқты бір-бірінен ажырап қалған мындаған отбасы болуы ықтимал. Заңсыз түрде өз азаматтарының құжаттарын тартып алуы, отбасы мүшелерінің қауышуына бөгет жасауы, жеке құқықтарын шектеу халықаралық заңдарға қайшы келеді. Қытай үкіметі елдегі бюрократияға тұсау салып, азаматтарды дәл осындай жағдайға мәжбүрлемеу керек деп есептейді саясаткер.

Елімізді әлемдік өркениет тәуелсіз адам құқығын қорғайтын, ашық жариялы, өз халқының талаптарымен, қоғамдық пікірмен санасатын әлемдік өркениет тәуелсіз ел деп таныды. Сот Сайрагүлдің талабын орындап, біріңғай мемлекеттік тілде өтіп, өз ішіміздегі орыстілділер мен көрші Ресейдің ұлтшыл шовнистеріне қазақ тілінің мәртебесі мен құзіретін көрсетті..! Прокуратураға, сотқа деген, халықтың сенімін оятты. Қоғам белсенділігін, ел бірлігін көрсетті…!!
Тәуелсіз сот шешіміне қуанған жұрт тәуелсіздігіміз-дің беріктігі мен елдігіміздің нышаны болды деп тарқасты. Газетіміздің тілшісі, редактордың орынбасары Жанбақыт Борантаев та сотқа арнайы барып қатысты. Сайрагүл Сауытбай мәселесі газетіміздің, сайттарымыз беттеріінен түскен емес. Сайрагүл Сауытбайдың жеңісі – еліміздегі бірліктің, демократияның жеңісі! Шыңжаңдағы әділетсіз түрде қудалауға ұшыраған барша этникалық азшылық топтардың, соның ішінде қандастарымыздың тауқыметі жуық арада оңынан шешілсін деп тілейміз! Елдігіміздің,бірлігіміз жеңісі, құтты болсын Қазақ елі. .! Аллаға сансыз шүкір,, отарсызданудың жаңа дәуірі басталды..! Жеңістің бастамасы құтты болсын, Қазақ елі..!

Халық Қорған

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған