Сапалы бензин – Батыс Қазақстанда!

«Конденсат» АҚ-ның К5 экологиялық классты жоғары стандартқа сай жанар-жағармай өндіру жобасы биыл шілде айында Елбасының рұқсатымен іске қосылған болатын.

 Арада бірнеше ай өткенде аталған кәсіпорын өзінің жаңа өнімін саттыққа шығара бастады. Осыған орай, кәсіпорын басшылары жақында өндіріс орнында баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, сапалы өнімнің саттыққа шығарылуын салтанатты түрде атап өтті.   Жиынға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, «Қазақстанның Даму Банкi» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Абай Сарқұлов, «Қазақстанның Даму Банкi» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Данияр Темірбаев, Бөрлі ауданының әкімдігі мен серіктес кәсіпорын өкілдері және «Конденсат» АҚ ұжымы қатысты.  

    «Конденсат» АҚ директорлар Кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісовтің айтуынша, кәсіпорын жаңа жоба бойынша жылына 200 000 тонна бензин өндіруге қабілетті. Зауыт айына 15 000 тонна АИ-92 және 2000 тонна АИ-95 жанар-жағармайын өндіруді жоспарлап отыр. Қараша айынан бастап күні бүгінге дейін 3 млн. литр бензин сатылған. Жаңа маркадағы сапалы жанар-жағармай өндіру жобасын жүзеге асыру үшін 40 пайыз кәсіпорынның өз қаражаты және 60 пайыз  «Қазақстанның Даму Банкi» АҚ қаржысы жұмсалған. Аталған банк осы жобаны жүзеге асыру үшін несие қаражатты 7 пайызбен 11 жылға берген. Бір айта кететін жәйт, «Конденсат» АҚ еліміз бойынша күні бүгін АИ-92-К5 және АИ-95-К5 сынды сапалы бензин шығарып отырған тұңғыш және әзірге жалғыз кәсіпорын.

     Жиын барысында Валерий Кенжеғалиұлы зауытқа қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен «Қазақстанның Даму Банкi» АҚ-на және құрылыс-монтаж жұмысын жүргізген құрылысшылар қауымына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

   Салтанатты шара барысында Валерий Жүнісовпен бірге лента қиған облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов сапалы бензин өндіріп, тек өңіріміздің ғана емес, барша ел мәртебесін асқақтатып отырған зауыт ұжымына жемісті еңбек пен толағай табыс тіледі.

Айша ӨТЕПАЛИ,

Батыс Қазақстан облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған