Сарғайдым…

Бұл өлең Мағжанның қоштасу өлеңі болса керек…

Сарғайдым күннен күнге қуат кеміп.
Қалың ой – қара жылан жүректі еміп.
Ақырын бітіп барам жанған шамдай,
Көзіме ыстық жастар мөлт-мөлт келіп.

Апырмай, ауыр болды-ау күнді өткізу,
У жұтып, айдан ұзын түнді өткізу!
Қозғалып, сөйлеп, ойлап, тірі жатып,
Өлем деп жас өмірден күдер үзу.

Соғасың жиі-жиі, жүрек, неге?
Соққанмен жандана ма солған дене?
Сары су денені улайды тамырларда,
Тазартып енді оны қан етем деме.

Қалмады көздің нұры, көрге айналдым.
Алмадай пісіп тұрған екі бетім,
Қуарып, қаны қашып, күлге айналдым.

Жайылды бар денеме уы дерттің,
Мінекей, екі ай болды жалын жұттым.
Күндіз – Күн, түнде күміс ай көрмеймін,
Дариға, жаным азат, денем тұтқын.

Барады күннен күнге азап асып,
Өлім тұр анадайдан қойнын ашып.
“Қинала түссін әлі!” – дегендей-ақ,
Аяғын күлімсіреп, санап басып.

Жасаған!
Тез алатын ажал жоқ па?
Қинама, тез өлейін, ұшыр оққа.
Шыжылдап дене, шырқырап жан берейін,
Жалыны көкке шыққан түсір отқа!

Сағат Жүсіптің парақшасынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған