Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап…

Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге  достығы  жоқ жандар  шығады.

 Абайдың үшінші қара сөзінен

Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі.

Абай

 

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз.

Абай

 

Жаман сөйлер лепіріп,

Орамалын желпініп,

Соза түсіп өңешті.

Мақтағанмен жарамас,

Пайымы аз, кем есті.

Тентек бір-ақ аттайды,

Белес пенен дөңесті.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Үш нәрсе бар жер қылатын адамды

Үш күнә бар, оттай қарыр табанды

Біріншіден – арсыз, мақтан, жамандық,

Екіншіден – алдау, арбау, арамдық

Үшіншісі – алып сатар, сараңдық

Ақымақ қылар осы үш түрлі надандық

Жүсіп Баласағұн

  

Бармын деп мақтанба,

Жоқпын деп қорланба.

Қазақ мақалы

Мақтанба сұлумын деп ажарыңа

Ажарсыз адамдарды ал назарыңа

Зылыха, Жүсіптердей сұлу өткен

Тұрмаған ажар ара ажалына!

Ыбырай Алтынсарин

Малым бар деп мақтанба, боран соқса қайтесің,
Басым бар деп мақтанба, ажал келсе қайтесің,
Тілім бар деп мақтанба, тіл байланса қайтесің,
Бағым бар деп мақтанба, сорға айналса қайтесің,
Ақылдан артық хандық жоқ, жомарттан артық нарлық жоқ

Айтқожа би

Надандықтың белгісі-
Өзін-өзі мақтайды.
Көкірегі соқырға
Өмірде таң атпайды
Шешеннің сөзі дария
Қап түбінде жатпайды.

Жанқұтты шешен

 

Мақтау – жел сөз жанға қас,

Кошеметшіл шығарған

Бір мақтаса боқтамас

Ел табылса, құмарлан

Абай

Дос мақтасса, не пайда онан саған,
Дұшпан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса иә боқтаса,
Мақтау — пайда, зиян ба жамандаған?

Шәкәрім Құдайбердіұлы

 

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,

Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.

Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,

Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,

Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,

Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме.

Абай

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған