Сенің әкең… (Әңгіме)

– Әке, қалай, зерікпедіңіз бе?

– Жоқ.

– У-шу, күйбеңі көп қаладан өкпеңіз қысылмады ма дегенім ғой.

Жарылқап үнсіз қалды. Баласының не айтқысы келгенін түсінді. Кеше ғана ұлы келінімен сөзге келіп қалған еді. Жарылқап сол күні таңертең немересін саябаққа ертіп кеткен. Күн арқан бойы көтерілгенде пәтерге оралды. Сонда ас бөлмеден шаң-шұң еткен дауыстар естілді.

– Екі ай болды ғой, қашанғы жүре береді?

– Енді кішкене шыдашы.

– Жетер. Шаршап кеттім. Сенің әкеңнің қас-қабағына қараймын деп шашым ағаратын шығар. Кір-қоңын жуудан ығырым шықты. Болды, енді өзі жусын, не сен жу. Мен енді шыдай алмаймын. Басқа балалары да бар емес пе, соларға барсын. О, несі-ей!

Жарылқап есіктен не кірерін, не кірмесін білмей дал болды. Құдды біреу үстіне оқыстан бір шелек су құйып жібергендей. Жүрек тұсы шым етті.

– Мама, біз келдік, – деп немересі ас үйге қарай жүгіре жөнелгенде, ұлы мен келінінің ұрыстары сап тиылды. Бір кезде дәлізге Нұржан шықты.

– О, әке, қалай жеттіңіз? Шаршап келген шығарсыз? Жанар, шай құйсаңшы.

Жарылқап шөлдеп тұрса да, шай ішкісі келмеді. Келіні қанша сыр білдірмейін десе де, қарт әке оның өзін жақтырмай тұрғанын сезді. Шайды сүлесоқ құяды. Не жымимайды, не сөйлемейді. Атасына қарамауға тырысты. Қар жауған қабағын көрсеткісі келмесе керек. Осы сәтте Жарылқап беймаза күй кешті. Есіне Жанарды келін қылып түсірген кезі түсе берді.
…Жанар осыдан ширек ғасыр бұрын Шуақты аулына келін болып түскен болатын. Ол алғашқы күні таңғы сағат 4-те тұрды. Сыртқа шықса, дала қап-қараңғы. Бұрын біреулерден естіген: «Келін деген таң атпай сағат 4-те тұруы керек». Бірақ, тұруын тұрғанымен, не істерін білмей, есік алдында ары-бері сенделді. Таң намазына оянған енесі Айша есік алдында жүрген Жанарды көргенде:

– Қызым, жайшылық па? – деп таң қалған. Таң қалмай қайтсін, ол таң қараңғысында есік алдында көлбеңдеген сұлбаны ұры ма десе, сөйтсе кеше түскен келіні екен.

Арада бір ай өтсе де тамақ пісіруді жарыта алмады. Түк ебі жоқ. Бірақ, енесі Айша алтын адам еді, шіркін. Келініне еш қабақ шытпай, бар білгенін жалықпай үйретумен болды. Қызындай көрді. Мүмкін алғашқы келіні болған соң шығар. Жанар ауылға пысықтығымен танымал болмаса да, ибалылығымен талайларды тамсандырды. Қайындары да мәз:

– Біздің жеңеше керемет жан. Айтқанымыздан шықпайды.

…Сондағы биязы келіні бұл күнде енші алғалы қатты өзгерген. Баяғы елгезек, көңілі жаңа жауған қардай аппақ Жанар жоқ.

– Жандар, саябақта не істедіңдер? – деп ұлы мына үнсіздікті бұзғысы кеп немересін сөзге тартты.

– Атқа міндім, мылтық аттым. Атам тәтті кәмпит алып берді, – деп 5 жасар Жандар 65 жасар Жарылқапты құшақтады.

…Кешке пәтерде Жарылқап пен ұлы Нұржан ғана қалды. Келіні немересімен бір жаққа шығып кетті. Күйеуі: «Қайда?» – деп те сұрамады. Бәрі алдын-ала ойластырылған нәрсе екенін Жарылқап та сезген.

– Әке, қала лас. Оны өзіңіз де білесіз. Соңғы кездері жөтел, тұмаудан көз ашпайтын болдыңыз. Денсаулықты күту қажет дегендей… Сізге емделу керек қой, әке… Мені дұрыс түсініңіз. Мен әрқашан деніңіз сау болса екен деймін… Кеше Есжан хабарласты. Әкем менікіне келсін, ет жейді, саумал ішеді дейді. Мен жоқ дей алмадым. Қалай қарайсыз? – деп ұлы әзер дегенде тоқ етерін айтты. Айтуын айтқанымен, әкесіне тіке қарай алмай, жер шұқылады.

Осы мезет Жарылқап әлем-жәлем күй кешті. Тіпті, өле салғысы келді. «Қайран, жалған-ай». Жас кезінде бүкіл ауылды шулатқан көшбасшы ұлы бұл күнде әйелінің айтқанынан шыға алмайтын езге айналған. Бірақ, баласына да кінә арта алмайды. Екі ай болды, асты-үстіне түсумен бәйек болып жүр. Бірақ, әйелі көнер емес. «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Байғұс баласы екі оттың арасында қалды. Не әкесін, не әйелін таңдау керек. «Осылар мен үшін айырылыспай-ақ қойсыншы. Бақытты болып кетсе болғаны. Мен үшін сол да жеткілікті».

– Өзім де Есжанға барып қайтсам ба деп жүр едім.

– Ойбай, әке, сәті түсті деген осы екен ғой!

…Ертесіне ымырт түсе бастаған шақта баласы, келіні, қос немересі бұны шығарып салу үшін вокзалға келді.

– Ата, жиі, жиі келіп тұрыңыз, – деді келіні жылы жымия. Әрине, үйіндегі қарт масылдан құтылғанына риза да. Әйтпесе, дәл осылай қуана жымия ма?

…Обалы не керек, Есжаны бұны құшақ жая қарсы алды:

– Әке, келмейсіз, иә? Бізді ұмыттыңыз ба? Сізді мен де, үйдегі немерелеріңіз де сізді сағынды ғой. Қаладан шаршаған боларсыз? Енді мен сізді ауылдан жібермеймін. Ет жейсіз, қымыз ішесіз. Жайлауға аунайсыз ба, не істесеңіз де өз еркіңіз.

Не ойлағанын кім білсін, бұл келіні атасы келгенде ыстық ықыласын танытты.  Бар дәмдіні алдына қойды. Сағат сайын шайын демдеді. Қысқасы, ханындай күтті… Бірақ, өкінішке орай, ол да пенде екен. Бір айға жетер-жетпес сыр берді. Бір күні ол ештеңе істемей төсегінде бүк түсіп жатты.

– Қатын, тұрсай. Не мынау? Бала-шаға аш. Әкеме намаз оқуына жағдай жасамапсың.

– Ауырып тұрмын. Өздерің істей беріңдерші.

– Ауырып тұрған бәлең де жоқ. Кеше ғана аттай шауып жүрген едің ғой.

– Тұра алмаймын.

– Қазір көрсетемін сен бәлеге тұра алмағанды, – деп есерсоқ ұлы жатын бөлмеге жұдырығын ала жөнелді. Сол кезде:

– Тоқта! – деп Жарылқап бар даусымен айқайлады. Есжан жұдырығын түйген күйі әкесіне: «Не болып қалды?» деген кейіппен бұрылды. Жарылқап баласының сырын біледі. Әйелін көкала қойдай қылып сабамақшы. Таяқ жеген әйелі талай рет төркініне кетіп қалушы еді. Сонда бұл келінді алып қайту үшін талай абыройын айрандай қылып төккен. Бар кінә өзінен екенін түсінді. Келіні бұны жақтырмай жатыр. Ал, бұл өзін жақтырмайтын жерде бір секунд та тұра алмайды. Біреуге масыл болғанды жек көреді. Кеше дастархан үстінде баласы: «Әкем енді бізбен өмір бақи тұрады» дегенде келінің түрі өрт сөндіргендей болып өзгеріп кеткен еді.

– Мен үшін әйел, бала-шағаңды ұрма. Мен бүгін-ертең өліп кетемін. Ал, әйелің өмір бойы сенімен бірге болады. Егер сен оны ұрсаң, ол сені жек көреді. Қажеті жоқ. Мен ертең Ержаныма кетемін.

– Оныңыз не, әке?

– Сенің үйіңде әбден мауқымды бастым. Енді Ержанымды көрсем деймін. Ол күшікті әбден сағындым.

…Ержаны әкесін салқын қарсы алды. Жарылқап сүт кенжесі Ержанды бетінен қақпай ерке қылып өсіріп еді. Енді мұнысы несі? Кемпірі Айша екеуі: «Қарашаңырақта Ержан қалады» деуші еді. Бірақ, кенжелері қызмет қуып Астанадан бір-ақ шықты. Сөйтіп, ата-анасына айтты: «Қызметке орналастым. Енді Астанада тұратын үй керек». Бала дегенде жаны шығатын олар: «Баламыздан аяғанды ит жесін», – деп өздері отырған үйді сатты. Жетпегенін қарызбен толтырып кенжелеріне Астанадан үй де әперді. Содан үшеуі Астанада бір жылдай тұрды. «Орта жолда қатының өлмесін» деген рас екен, Айша қайтыс болғанда күйі болмай мазасы қашты. Баласы да шаршаған болуы керек, сол екі арада үйге келін әкелді. Келін – Солтүстіктікі екен. Жарылқап алғаш келінді көргенде тіксініп қалған болатын. Орыс мінезді, ибадан жұрдай, бет-жүзің бар демейді. «Ұлым екеуі бір-бірімен үйреніссін. Мен еліме барып қайтайын». Еліне барған соң, не болғаны белгілі…

– Сәлеметсіз бе, ата! Қашан қайтасыз?

Дәл осылай қарсы алды келіні. Жарылқап не айтарын білмей қалды. Пойызда келе жатқанда кенжеме: «Сендерге біржолата келдім», – деп айтамын деп еді…

– Ертең.

Үйлері қу мазардай суық екен. Сәби үні естілмегендіктен ғой. Шай үстінде: «Қашан үшеу боласыңдар?» – деп еді келіні: «Сіз не деп тұрсыз? Қайдағы бала? Алдымен қызмет. Одан кейін көре жатармыз» – деді шапылдай.

…Зеңгір көкті қан қызыл түске малындырған қашқын күн жүзі қызара заңғар тау артына жасырынды. Мөлдіреген бейкүнә аспанды қанға бөктіргеніне өкіне ме, соңғы рет болса-дағы көз ұшынан жер бетіне өртене сығалады… Сол күні Жарылқап пойызға отырды. Жалғыз өзі. Қызмет бабымен жүрген баласы әкесін шығарып салуға келмеді… Жарылқап сонда жауына тілемес шерменде күй кешті. Түн шымылдығы түскенде Жарылқап ұйқыға кетті. Бірақ, қайта оянбады…

…Таңертең нөсер жаңбыр шелектеп құйды. Аспан екеш аспанда қартайғанында бейшара күй кешкен Жарылқапты аяп жылаған болса керек…

Абылай Сматуллаұлы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған