Сериалдар сиқырынан сиқымыз кетті

Бір кездері Мексика, Бразилия мемлекеттерінің телехикаялары көк жәшіктің көрігін қыздырып, көрерменнің көзайымына айналған еді. Жасты да, кәріні де ұятсыздыққа үндейтін сол сериалдардың салдарынан қазақ қоғамы кинодан көргенін істеп кеткеніне бәріміз куәміз.

Десе де, депутаты бар, қоғам белсенділері бар, әйтеуір, ұлтының болашағына немқұрайлы қарамайтын азаматтардың арқасында Үкімет аталмыш мемлекеттерден ағылып келетін телехикаялар толқынына тосқауыл қойды. Бірден дүңк еткізді десек, өтірік, әрине. Бірақ 2000 жылдардың басында түрік және кәріс сериалдарының республикалық белді арналарда көрсетілуі көрермен атаулыны Латын Америкасы елдерінің «өнімдерінен» жиіркендіре бастады. Алайда мың жерден Шығыс елі десек те, кәрістердің «импорты» тез бұзылды. Ал дастарқанына қол жумай отырмайтын, ас қайтармай орнынан тұрмайтын өзіміздің дүниетанымға жақын әдет-ғұрпы бар түріктердің сериалдары жаһандану процесіне бірден жұтыла қоймады. Қазақ көрерменіне таңсық емес көріністер берілсе де, кәрістер секілді қыз мінезді, сырғалы дүлдүлдерді экранға шығармады. Дегенмен, «Асау жүректен» бастап есептесек, табаны күректей он жеті жылдың ішінде бауырлас елдің телехикаяларының да тоқырауға ұшырағанын байқамай қалмадық. Тіпті, таңнан кешке дейін әрі апта бойына түрік пен үнді сериалдары көрсетілетін «Астана» арнасынан бұдан он жыл бұрын қалың көрерменмен қауышқан телеөнімдер де ұсынылып жүр. Солардың өзінде басыңды айналдырып алса да, бір грамм жақсы ой сала алмайтын көрініс көп-ақ. Баяғы Мексиканың «Паломасынан» асып түспесе, кем емес.

Түрік телехикаяларынан да халықтың жалыға бастағанын өзгеден жақсы білген телеарналар сериалдардың көшін үнділерге берді. Кезінде «Үнділердің махаббатын тілеймін» деген тілекті талай естіген біз, көңілімізді осыдан бес жыл бұрын атақты Анандиы бар «Келінге» бұрдық. Әрісін қазсақ, Амитабх Баччан, Митхун Чакробортилердің және олардың ізін қуған Акшай Кумар, Шахрух Хандар ойнайтын екі сағаттық үнді фильмдерін үзбей көрген көрерменнің бірі мен едім. Махаббат үшін, әділдік үшін күресті ұятсыз және өшпенділік көріністерсіз-ақ насихаттаған сол шедеврлердің сынығы шығар деп мойын бұрған «Келін» көңілден шықпақ түгілі, Жер бетіндегі үнді аталған халыққа қарғыс айтуыма сеп болды. Алты тарабың аз екен, неше түрлі ракурста бір адамның бейнесін көрсеткенде басың айналып, қан қысымың жоғарылап кетеді. Ол — ол ма, әсіресе жас жеткіншектер үндінің діни салты мен ұлттық танымын бойына сіңіріп қана қоймай, көз алдымызда көрсете бастағанда жүрегіміз ұстап, «Жедел жәрдем» шақыруға аз-ақ қалғанымыз шындық. Енді мына қызықты қараңыз. Көз ашқаннан «қолтырауын тістеген қыз» туралы фильмді («Жажда мести») көріп өскен біз Будда дінінің түрлі ғибадатын, Үндістан халқының өздеріне ғана тән әдет-ғұрпын көріп өстік. Бірақ есімізді жиып, діңгегіміз болған дін Ислам ортамызға қайта оралған шаққа балалық дәурені дөп келген мына біздер, сериалдан көрген іс-қимылдың бірде-бірін қайталап немесе насихаттаған емеспіз. Қазір ше?

Қазір бес жасар баланың өзі намазыңды бұрыс оқып жатқаныңды бетіңе басатын уақыт. Көміліп жатқан білім жоқтың қасы. Бәрі ап-ашық, ап-айқын көрініп тұр. Сонда соңымыздан ерген іні-қарындастардың бүгін кешке көргенін ертең түсте қайталап беріп жатуына не себеп? Бар гәп сәбилердің есін білгеннен таным-түсінігінің дұрыс қалыптаспауында секілді. Бұл менің жеке ойым болғанымен, көпшілік келіседі деп сенемін. Себебі, шынымен, қазір көргеніңді ертең қайталауға тиіс болсаң, бізде қазір қазақылықтың жұрнағы да қалмас еді. Жеген тамағымыз да, жатқан жайымыз да, құлаққа сіңген әуен де қазақтікі болғандықтан, меніңше, біз үшін қазақтан асқан ел жоқ, қазақ басқадан емес, керісінше, өзгелер қазақтан үйренуі керек деген таным-түсінікпен өстік.

Осы күндері кеңінен талқыланып жатқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мақаласында: «…Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — сол ұлттық кодыңды сақтай білу», — делінген. Ендеше, үйде ата-ана баласына планшетті беріп қойып тыныштандырып емес, ұлттық дүниетанымды сіңіріп тәрбиелесе, балабақша мен мектептер Астана мен «Бәйтеректі» ғана үйрете бермей, ата-бабамыздан аманат болған игі қасиеттер мен тарихтағы феномендерімізді танытуы тиіс сияқты. Сонда ғана энергиясы тасып, жаны шөлдеген қазақ баласын рухани жағынан байытып, келешегіне қорған бола аламыз. Әйтпесе, үнді сериалдарына тосқауыл қойылады деп жоғары жақтан хабар келгеніне де біраз болды, ал экранға көз тіксеңіз, бәрі басқаша…

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған