Серікжан Біләш «Ұлт қаһарманы ма?» әлде…

Қазақстандағы соңғы жаңалықтардың ішіндегі күйіп тұрған тақырыптардың бірі — Ресми тіркелмеген ұйым «Атажұрт еріктілерінің» жетекшісі Серікжан Біләшұлының тұтқындалуы және көп ұзамай үй қамаққа ауыстырылуы туралы хабардың елді елеңдетіп тұрғандығы. Белсенді азаматтың мұндай жағдайға ұшырауына әлдекімдердің — «ұлтаралық араздық тудырды» деген арызы себеп болса керек. 2017 жылдан бері, әлеуметтік желі арқылы «жұлдызды саясаткерге» айналып үлгірген азамат туралы қауесет пен алғыс ит жығыс түсіп тұр. Оны «ұлттық қаһарман» ретінде бағалайтындардың Серікжан туралы бөтен пікір білдірушілерді бірден «Қытайшылдар» не болмаса тағы сондай мағынасы басқашалау лақаптарды кигізе салуы да бек мүмкін…

 

 

«Жарқын 7»-ден «саясаткер» Серікжан Біләшқа дейін

Баршаға белгілі болғанындай Серікжан Біләшұлы арғы беттің тумасы. Яғни ҚХР-ға қарасты Шыңжаң өлкесінің Іле қазақ автономиялы облысымен іргелес жатқан Бұратала монғол автономиялы облысында туып-өскен дейді білетіндер. Кейбір ағайындардың айтуына сенсек, Серікжанның руының Найман ішінде Қаракерей екендігінен тартып, мектепті бітіргеннен кейін Шыңхай шетел тілдері университетінің ағылшын тілі мамандығына оқуға түсіп, оны толығымен аяқтамай кетіп қалған деседі. Олар ары қарай Секеңді Алматыдағы Абылай хан атындағы әлем тілдері университетінде ағылшын тілінен бір жыл дәріс алып, кейін оны да тастап сауда-саттыққа кеткендігін де үтір-нүктесіне дейін қалдырмай айтады. Бұл Серікжанның аты «дүркіреп» шыға бастағаннан кейінгі айтылып жатқан мәліметтер. Дегенмен Серікжан Біләшұлының бірнеше тілді еркін меңгерген қабілетінен бұрын оның жазушылығын да айта кеткен жөн. Жаңылмасақ, 2010 жылдардан бастап Шыңжаң қазақтарына кеңінен танымал «kultegin.com», «senkazak.com» секілді сайттарда «Мың бір сапар» атты сапар естелігі серия болып беріліп жатты. Оқырмандардың ерекше ықыласына бөленген шығарманың авторы «Жарқын 7» еді. «Мың бір сапар» автордың өзі көрген жерлері мен оның тарихы және саяси, әлеуметтік жағдайларын қамти отырып жазылған шығарма. Мұсылмандар мен түркі жұрты туралы да айтылған эпизоттар, коммунистік идеологиямен тыныстайтын «Қытайдан басқа елдер тозақта өмір сүріп жатыр» деп дәріптелетін мемлекетте жасап жатқан адамдар үшін қызықты да еді. Әрбір жарияланымның соңындағы комментарийлердің арасында еркін пікір алмасулар жүріп жатты. Алайда осы еркін пікірлер кейін келе Шыңжаң өлкелік «Қауіпсіздік мекемесінің» аталған сайттарға қатаң бақылау жасап, ұзақ өтпей жабылуына себепкер болды. «Мың бір сапардың» нағыз иесі Серікжан Біләшұлы екендігін 2015 жылдары оның лекцияларын естігенде барып білді. Сонымен қатар Шыңжаң жазушылар одағының органы «Шұғыла» журналында да Серікжан Біләшұлының хикаяттары жарияланып тұрған. Бір шығармасына Қытайдағы қазақ-қырғыз жазушыларына берілетін «Тұлпар» әдеби сыйлығы берілгендігін Серікжанның өзі айтады. Осылай өсіп келе жатқан Серікжан Біләшұлы Шыңжаңдағы «5 шілде оқиғасы» орын алмағанда жазушы болып, кәсіпкер болып жүре берер ме еді?
2009 жылы 5 шілдеде Үрімжі қаласында ұйғыр-қытай арасындағы атышулы жанжалдан кейін Шыңжаңның саяси атмосферасы мүлде басқаша түске еніп шыға келді. Көзіқарақты адамдар ойланып қалды. Дегенмен Қытай қазақтары иектерінің астында болып жатқан сұмдықтарды сезбестен 2017 жылға дейін бақандай 8 жыл алаңсыз өмір сүруінің өзін асқан бейғамдық демеске шараң да жоқ еді. Серікжан осы қатерді сезген азаматтардың бірі деуге болады. Ол 2015-2016 жылдары Қазақстанда отырып, Қытайда қолданушылар саны 1 миллиардқа жуықтаған вичат желісінде түрлі топтар құрып, Шыңжаңдағы қазақтарды атажұрт Қазақстанға қоныс аударуға үгіттей бастады. (Оған дейін де атажұртқа көшудің маңыздылығын түсінетін адамдар көп еді.) Оның лекцияларында ҚХР-ға беймағұлым ақпараттар көп болды. Әсіресе, аз санды ұлттардың қалай ассимиляцияланып бара жатқандығын, қытайлардың ешқашан өзге ұлтқа сіңбейтін «таңғажайып» ерекшелігін кеңінен талдап, нақты мысалдар келтіре отырып сөйлеген сөздері тыңдаушыларды айрандай ұйытып әкетті. Осылайша вичаттағы топтары арқылы арт жақтағы ағайынға үндеулерін қарша боратып жатқан «Жарқын 7» Қытайдың ғаламторға жүргізген қатаң бақылауынан кейін барып тоқтады. Алайда, «2017 жылдың қаңтарынан бастап, қазақтардың басына «қытайдың қара бұлты» төнгенде, «қара тізімдікке» ілінгендердің қатарында «Жарқын 7»-нің лекцияларын тыңдағандардың алды 3 жылға дейін сотталды», — дейді арғы беттен келген азаматтар.
Серікжан Біләшұлы соңғы кезде, «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі ретінде танылды. Негізінде бұл ұйымды алғаш құрушы Алматы қаласында тұратын Қыдырәлі Оразұлы деген арғы беттен келген азамат еді. Ұзақ өтпей аталмыш ұйымның жетекшісіне айналып үлгерген Серікжан Біләш «Қытайда жақындары қамалғандар мен бір отбасы екіге бөлініп қалған қазақтардың арыздарын қабылдап, тиісті орындарға жөнелтумен айналысып кетті». Сонымен қатар, әлеуметтік желілерді пайдалана отырып «Шыңжаңдағы қайталай тәрбиелеу орталықтарының концлагерьлер екендігі, онда жантүршігерлік жазалау тәсілдерінің салдарынан қаншама адамның өлгендігін, денсаулықтарынан айрылғандығын» отандық және әлемдік баспасөз беттерінде жариялай бастады. «Ит ұяласынан қорықпайды» демекші Серікжанның ватцапта күн сайын таратып отыратын «дабылды ескертумен» басталатын үндеулерінде «Қытай сұмдығын әшкерелеуге талпынбаған барлық ағайынды «намыссыздар» дейтін тұстары да бар еді. Тіпті «пәлен облыстан келген оралмандардың арасында сатқындар көп», «анау аймақтан келген азаматтар шеттерінен намыссыздар» деген ащы айқайын оралман ағайындардың біразы «намысты қайрау» деп емес, кәдімгідей «жерге бөлушілік» ретінде қабылдады да өз іштерінен жік-жік болып шыға келді. Сонымен қатар, «Атажұрт еріктілері» өздері жинаған арыздарды Қазақстандағы құзырлы орындарға жіберумен қоса, ағылшын тілі, орыс тілі, қытай тілі секілді әлемдік тілдерге аударып, халықаралық адамдық құқықты қорғаушы ұйымдарға жөнелтіп жатты». Сөйтіп «еңбектенген» Серікжан Біләшұлы Қазақстан түгілі Еуропа мен Батыс елдерінің беделді басылымдарының назарына ілінген тұлға болып шыға келді. Осы аралықта «Сайрагүл ісі» басталды. Бастабында көрініс беріп жүрген Серікжан кейін «өздеріне мыңдап келіп жатқан» арыз-шағымдардан қолы босамай кеткендей болған. Әліге дейін бір жағына шықпай тұрған бұл істің де жұрт назарын сан-саққа бөлетін тұстары шығып жатыр. Кейбір азаматтар Сайрагүл Сауытбайқызының «Ақжүністің уысынан шығып кетуіне», адвокаты Абзал Құспаннан бет бұруына Серікжанның ықпалы болды деген де жорамалдар айтып жүр. Бұл жерде азаматтар арасындағы жеке араздықтан гөрі адам тағдыры маңызды болса керек. Оның соңғы жауабын сот шығарар деген үміттеміз.

 

 

Ол әлі де жұмбақ адам ба?

Ең алдымен Шыңжаң қазақтарының назарына, «Жарқын 7» болып ілінген жұмбақ жан арада бірнеше жыл өтпей жатып, Қытайдағы қандастардың мәселесін көтерумен «жұлдыз» болып шыға келді. Қазіргі таңда кеңінен танылған Секең туралы жұрттың пікірлері де сан-алуан. Яғни «Жарқын 7 ағартушы ма, әлде арандатушы ма?» деген сауалға тиянақты жауап табылған жоқ. Біреулер оны «Қытайдың тыңшысы, тегі дүңген екен» деседі. Бұған келгенде әлем алдында Шыңжаңның ашық аспан астындағы абақтыға айналып кеткендігін әшкерелеп, Қытайдың сұмдықтарын сарнатып жүрген қандай «тыңшысы» деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз. Ал Зікірия Жандарбек ағамыз болса, «Жарқын жеті — уахабист» деп бағалапты. Елге келген қандастар арасында да «Серікжан Біләш ағайынның арасында араздық тудырды», «ақын-жазушыларға тіл тигізді», «ол Қытайшылдардың шын кеспірін ашып берді» деген секілді қауесеттер көбейіп кетті. Сөз кезегінде мұндай жікшілдіктің Республикалық аудиторияға кеткендігін айта кеткен жөн. Яғни, қазіргі таңда осы мәселеге назар салып жүрген қазақтардың біразы Серікжанға баға беруге келгенде екіге айырылатын деңгейге жетті.
Дейтұрғанмен ватцаптан ары аспаған бұл күңкілдерді басып түсетін салмақты сөздер де айтылмай қалған жоқ. «abai.kz» порталында жарияланған, «Оралмандар қашанғы опық жейді?» деген ашық хат жұрттың есінде «Мұхтар Шаханов бастаған 17 зиялының «Атажұртқа» қарсы шығуы деген атпен қалды. Біз осы хаттың басы-қасында жүрген Құдияр Біләл ағамыздың пікірін білген едік.


— Серікжан Біләш жетекшілік ететін «Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымына қатысты М.Шаxанов бастаған 17 ұлт зиялылары мәлімдемесінің С.Біләштің тұтқындалуына еш қатысы жоқ. Астана қаласының прокуратурасы мәлімдегендей, С.Біләшқа тағылған айып негізінен оның ұйғыр ағайындар бас қосқан бір жиында айтқан «жалынды сөзіне» қатысты қозғалған көрінеді. Соған орай біреулер С.Біләш үстінен шағым түсіріпті. Бұл — ресми ақпар. Алайда бар кінәні М.Шаxанов бастаған ұлт зиялыларына аударуға тырысқан күштер де бой көрсете бастады. Сол «күштер» мәлімдемеге қол қойған екі ағамыздың өз қолдарынан бас тартуына қол жеткізді. Осыдан-ақ бұл мәселеге саяси ойыншылардың араласа бастағаны аңғарылады. Олардың ойы қалай болғанда да оралмандар мен М.Шаxанов жақтастары арасында дау туғызып, соның нәтижесінен өз ұпайларын түгелдеу. Бұл орайда олардың біраз «жетістікке» қол жеткізгендерін жоққа шығаруға болмайды. Нәтижесінде ұлттық тұтастығымызға нұқсан келе бастады.
Біз С.Біләш атқарған жұмыстардың әлемдік деңгейде қаншалықты әсері болғанына мән берген жоқпыз. Бір қарағанда ол атқарған жұмыстарды жоққа шығару — әбес. Айтып жатқан сөзінің бәрі орынды. Қытай еліндегі қандас бауырларымыздың қиындық көріп жатқандығын ешкім де жоққа шығармайды. Сонда осы игілікті іске біз неге «қарсы» болдық? Шынтуайтына келгенде біздің мәлімдемені Серікжанның өзі дұрыс қабылдап еді. Өкінішке қарай, қасындағы «жанашырлары» оңды шешілетін мәселені дау-дамайға ұластырып жіберді. Соның салдарынан Серікжанның өзі де бірқатар ағаттықтарға жол берді. Ал оның бүгінгі салдарын көзіміз көріп отыр.
Біз өз мәлімдемемізде оралмандар татулығына назар аудару қажеттілігін айтқан едік. Алайда бізді қолдаған адам аз болды. Соның салдарынан ішкі дау бұрынғыдан да өршіп кетті. Егер олар біздің мәлімдемені «достық» деп қабылдағанда, бұл дау бұлайша шарықтау шегіне жетпеген болар еді. Оның үстіне қоламтаны үрлеушілер де аз болған жоқ. Соған орай М.Шаxанов өз атынан екінші рет мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдеме Мұxаң ауруxанаға түскенге дейін дайындалып қойылған болатын. Тек оған С.Біләштің кезекті видиомәлімдемесінен кейін бірауыз сөз ғана қосылды. Мен М.Шаxановтың осы мәлімдемесінен кейін де Серікжанмен байланыстым. Ол өз тарапынан Мұxаңа өкпелемейтінін айтты. Алайда ол да кейбіреулердің отқа май құйып жүргенін жоққа шығарған жоқ. Екеуміздің арамызда болған бұл әңгіменің аудиожазбасы менің қолымда бар. Осы әңгімеден кейін маған кейінгі кездері С.Біләштің қасында жүрген белгілі кинорежиссер Еркін Рақышев хабарласып, Серікжанның Мұxаңмен татуласқысы келетінін, сондықтан сол «татуласу шәйіна» менің ықпал етуімді өтінді. Мұxаңның аяқ астынан Шымкентке жүріп кетуіне байланысты ол әңгіме дүйсенбіге қалған еді. Алайда билік Серікжанды ол күнге жеткізбеді.
Ал С.Біләш атқарып жүрген жұмыстарға деген менің көзқарасыма келсек, мен ол туралы Серікжанды қолдап, Америкада, Европада тарайтын ұйғыр радиосына сұxбат бергенмін. Алайда кей ықпалды күштер мұның бірін де қаперге алмай М.Шаxановты осы дау-дамайға араластыруға күш салып келеді. Олардың ойы қалай болғанда да Қазақстанда бір бүлік шығару. Өкінішке қарай әлгілерді қолдаушылар да аз емес. Оларға түкке түсінбесе де әйтеуір әлеуметтік желі бетінде өздерін бір көрсетіп қалуды мақсат тұтқан шолақ белсенділер де дем беруде. Даурыққан жұртты өз «әуендеріне» билетіп отырғандардың кімдер екендігін де ептеп білеміз. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды.

 

 

Біләш қазақтың ғана «қамқоры» емес екен…

Серікжан Біләштің аты батыстың ақпарат көздеріне таныла бастағанына да бірнеше жыл болыпты. Шетелдің БАҚ-тары бертінге дейін Қытайдағы тибет пен ұйғырдың төңірегінде ғана сөз қозғап келген болса, 2017 жылдан бері Шыңжаңдағы қазақ, монғол, қырғыз қатарлы халықтардың да құқықтарының шектемелерге ұшырап жатқандығын айта бастады. Бұдан сырт Қытайдың өзге провинциялары мен қалаларындағы християн, католик ғибадатханаларының талқандалуы мен дін өкілдерінің қудалануы әлем назарын аударып отыр. Негізі Қытайдағы ұлттық автономиялы өлкелер мен ондағы байырғы халықтардың қазіргі тағдыры, олардың болашақта ұлт ретінде өз болмыстарын сақтап қала алу-алмауы өте қиын халде тұрғаны шындық. Миллиард халықтың арасында жасап жатқан аз санды ұлттар Қытайдың ата заңындағы белгілемелерге сай өмір сүрсе — ұлттық ерекшеліктерін жоғалта қоймаушы да еді. Алайда соңғы жылдары ата заңның тармақтарынан гөрі, атқарушы биліктің ойлап тапқан саясатының рөлі басым түсіп жатыр. Қазіргі Қытай билігі елдегі еркін ойлы азаматтарға деген бақылауын күшейтіп келеді. Адвокаттардың қудалануы, Гонконгтегі «Сары қолшатыр» қозғалысының бастықтырылуы, елде демократиялық қоғамның орнауын көздейтін азаматтардың абақтыға жабылуы секілді саяси реңі қою қимылдар күн сайын қайталанып жатыр. Шетелдегі Қытайтанушылардың ішінде 2013 жылдан басталған «парақорларға соққы беру» науқаны аясында Бейжіңнен бастап, төмендегі ауылдарға дейінгі аралықта «істі болған» 1 миллион 500 мың мемлекет кадрының барлығы «жемқорлар» болды дегенге қарата, өз күдіктерін жасырмай айтуда. Олардың пайымдауынша, «бүгінгі билікте отырған қызылдардың екінші ұрпақтары әкелерінен қалған коммунистік жүйені шайқалтпай ұстап отыруды басты мұрат ретінде қарастырады» екен.
Осыншама күрделі саяси ойындардың жүргізіліп жатқандығын аңғарған адамға «Қытайдағы қазақтардың үкіметтің қырына ілігуіне «Жарқын 7»-нің лекциялары себеп болды» деген айыптың толық дәлел бола алмайтындығы түсінікті секілді. Серікжан Біләшұлына соңғы кездері айтылып жатқан сындардың тағы бірі — «Қазақстанда отырып, Шығыс Түркістандағы ұйғыр мәселесіне бүйрегін бұра бастады» деген салмағы басым сөз. Мұндай уәжді айтушыларға АҚШ-тан хабар тарататын «Еркін Азия радиосының» ұйғыр тілді сайтында жарияланған мақалалар күдік тудырса керек. «Еркін Азия радиосы» қазірге дейін «Атажұрт еріктілерінің» атқарып жатқан істері туралы бірнеше мақала жариялады. Соның ішінде 2019 жылдың 15 қаңтарында «Қазақстандағы «Атажұрт еріктілеріне» ұйғырлар да қатынасуда» деген мақала жарық көрді. Онда Серікжан Біләшұлының «Атажұрт еріктілері» ұйымы ұлтына, жұртына қарамастан, Қытайдың зұлымдығына ұшырап жатқан барлық адамдардың құқығы үшін, лагерьлердің жабылуы үшін, лагерьлерде қамауда отырғандардың босатылуы үшін күресетіндігі» өз аузынан берілген.Тағы бір мақалада 2017 жылдан бергі жерде «Атажұртқа» арызданғандар арасында 20-ға тарта ұйғырдың лагерьлерден босап шыққандығы айтылыпты. Осы жерде 2018 жылдың кезінде Алматыдағы «Атажұрттың» кеңсесіне арыз айта келген бірнеше қырғыз азаматы туралы видеоны көргеніміз еске түсіп отыр. Осыдан кейін көп өтпей Бішкекте «Қырық шора» қозғалысының ұйымдастыруымен митинг өткен болатын.
Біз бұдан өзге, Серікжан Біләшұлының шетелдердегі Шығыс Түркістан азаттығын қолдайтын ұйғырлардың қоғамдық ұйымдарымен қатынасы бар-жоқтығы туралы материалдарды таба алған жоқпыз. Шаңхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекет ретінде Қытайдың «Шығыс Түркістан терроршылдарына» қарсы күресіне Қазақстан да қолдау білдіретіндігі белгілі. Серікжанның аталмыш ұйым мәселесін қазақ елінде отырып қолдайтын ниеті болса, ол ҰҚК-нің құзырында, қала берді халықтың бақылауында болары анық…

 

Ұлттық арнаның «үкімі»

Серікжан Біләшұлының 10 наурыз күні Алматыдағы қонақүйде тұтқындалуы туралы ақпарат АҚШ, Германия елдерінің беделді сайттарында да жарияланып жатты. «Еркін Азия радиосы», «The Telegraph» басылымы, «The Washington Post» газеті, «The Foreign Policy», «The Diplomat», «Reuters» агенттігі секілді ықпалды басылымдар Серікжан Біләштің тұтқындалуы туралы талдауларын жариялады. Әлемдік басылымдар назар аударып жатқан тұста үнсіз қалуды жөн көрмеді ме кім білсін, біздің де «Қазақстан ұлттық арнасы» 11 наурыз күні «Басты тақырып» айдарында «Арандатуға жол жоқ» деген тақырыппен Біләшұлына арнайы тоқталып өтті. Алайда әлеуметтік желіде бұл туралы мадақтан гөрі сын көбірек айтылды. Шындығында да тұтқындалғандығына бір тәулік өтпеген, сот үкім шығарып үлгірмеген адамға қарата бір заңгерді студияға шақырып алып, «Ұлтараздыққа бастады» деген сарындағы қорытындысын көрермен назарына «ұсынып кеп жіберген» Ұлттық арнаның бұл бағдарламасын — бейтараптықты басты ұстаным етуге тиісті журналистиканың негізгі бағытынан ауытқып кетті демеске шарамыз жоқ еді.
«Серікжан Біләшұлы екі айға үй қамаққа ауыстырылды» деген хабар таралып жатыр. Оған тағылған айыптардың соңы немен аяқталары әзірге белгісіз. Қазірше, әлеуметтік желі қолданушылар ғана асқан белсенділікпен талқылап жатыр. Негізі біздің қоғамда «Тұлға тану» ісі орныға қоймағандығын мойындау керек. Тек қана бір жақтылы баға беруге ұрынатынымыз бар. Бұған дәлел бір топ адамдар Серікжан Біләшұлына «өте өзімшіл адам», «күрделі адам», «қауіпті адам», «арандатушы» деген бағалар беріп, жұртты одан сақтандыруға шақырса, екінші бір топтары «Қытайдағы қазақ мәселесін көтеріп жүрген жалғыз қайраткер» ретінде оны мадақ шыңына көтеріп отыр. Тіпті, ардақты ақынымыз деп силап келген Мұхтар Шахановтың өзіне өкпелерін жасырмай айтысып жатыр. Осы жерде Серікжанның фанаттарының, оған сын айтқан адамдардың жазбасына қарата, «қытайшылдар» деген айдарды тағып жіберіп, жөн-жосықсыз балағаттай жөнелетіндігі мұнымен де тоқтамай, «қара есекке теріс мінгізіп» шығаратындығы да,отқа май құйғандай болып тұр. «Жебеу» атты қоғамдық бірлестікпен араларындағы дүрдараздықтары өз алдына бөлек әңгіме. Серікжанды қолдаушылары қаншама жыл бойы оралмандар мәселесінде үкіметтік ұйымдармен тізе қоса жұмыс жасап келе жатқан бірлестікті «Қытай тыңшылары» деп сипаттап шықты. Тек аз сандағы адамдар ғана оның «пендешіліктерін» қоя тұрып, «Қытайдағы қазақтардың ісін жеңілдетуге деген талпынысы бағалауға тұрарлық» дейді. Біз бұл мақала арқылы «Атажұрт еріктілері» ұйымы (қазірге дейін ресми тіркелмеген) және оның жетекшісі Серікжан Біләшұлына толықтай баға беруден аулақпыз. Бір анығы, белсенді азаматтың төңірегіндегі дау-дамайға нүкте қоюға әлі де біраз уақыт қажет секілді…

Сағындық Алтанұлы

 

Бет қатталып жатқанда:

«Reuters» агенттігінен жеткен хабарға қарағанда Қытайдың СІМ-нің өкілі Серікжан айтыпты. «Біз анықтаған дерек бойынша, оның Қытайда қарызы болған. Мұндай адамдар теріс пиғылдағы түрлі мәселе ойлап тауып, шу шығарады. Мұндай істер түсіндіруді қажет етпейді», — депті Лу Каң. Ол ары қарай Серікжанның «Қытайда қалған қарызы» және неге шу шығарып жүргендігі туралы мәлімет бермеген екен.

 


Серікжанға қарсы неге іс қозғалды?

«Атажұрт еріктілері» деп аталатын волонтерлік ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшұлына қарсы ҚР Қылмыстық кодексінің «араздық қоздыру» (174) бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істі қозғауға 18 оралман қол қойған арыз негіз болғанға ұқсайды. Қазір тергеп-тексеру істері жүргізіліп жатса керек. Әзірге тергеушілер Серікжан Біләшұлынан бір рет жауап алыпты. Қылмыстық іс 174-баптың қандай тармағы бойынша қозғалғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Мәселеден хабары барлардың айтуынша, «Атажұрт» лидері Серікжан Біләшұлына қарсы арызданушылардың бәрі Қытайдан көшіп келген оралмандар екендігі. Дереккөз дерегіне сенсек, олардың арыздануына «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшұлының Қытай қазақтарына қатысты «ала қойды бөле қырқуы» себеп болса керек. Олардың айтуынша: «Серікжан Шыңжаңның кейбір аймақтарында тұратын және сол жақтан Қазақстанға қоныс аударған оралмандар тобына қатысты адамның ар-ожданын қорлайтын, ұлт ішінде араздық тудыратын сөздер айтқан-мыс».

Ермек Сахариев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған