Суицид сорымызға айналып тұр

Өмір – адам баласына берілген нығметтердің ең үлкені. Пенде үшін одан асқан байлық, Алла нәсіп еткен сыйлық жоқ. Ең өкініштісі, сол нығметтен бас тартатындар, яғни бүгінгі тілмен айтқанда суицид жасайтындар әлі де бас ауруымыз болып тұр. Оған қатысты ресмиі бар, бейресмиі бар, деректер осылай деуімізге негіз.

Жақында ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет 2018 жылға қатысты қылмыстық көрсеткіштер бойынша деректерді жариялаған болатын. Ондағы мәліметтердің қуантатын тұстары да бар, көңілге кірбің ұялататын тұстары да аз емес. Соның ішінде суицидке байланысты сандарды сөйлетсек. Оған сенсек, өткен жылы 4234 адам өз өзіне қол салмақ болған. Өмірден баз кешіп, өз «еркімен» жарық дүниемен қош айтысып кете барғандардың саны 3542 адам. Өкінішке қарай, өз өзіне қол салмақ болғандардың (суицид жасауға оқталу) саны 2017 жылдан көбейген (алдыңғы жылы 3538). Ал, дегеніне жетіп тынғандардың саны 2017 жылға қарағанда (3644) кішкене азайғанын аңғарып отырмыз. Жалпы алғанда көрсеткіш бірқалыпта тұр деуге болады.

Алайда, алаңдататыны суицид жасамақ болғандардың көбеюі. Бұл дерт әлі дес бермей тұр деген сөз. Және бір айта кетерлігі, суицидтік қадамға көбіне ер адамдар баратыны келтірілген, яғни 2018 жылы 2804 ер азамат суицид жасаған һәм оның 120-сы кәмелет жасқа толмағандар.

Былтыр Астанада өткен жастар мәселесі жөніндегі халықаралық конференцияда Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев 14-тен 28 жасқа дейінгілердің арасында 2015 жылы 970 суицид жасалса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 818 болғанын айтқан-ды. Министр сонда сандар азайғанымен, жалпы көрсеткіш көңіл көншітпей тұр деп еді. Ертеңіміз деп сеніп жүргендердің жас өмірін ерте қиюына не себеп дейсің еріксіз. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері жастар арасындағы әрбір үшінші суицидке жалғыздық себеп екенін, 20 пайыз жеткіншек жақындарымен келіспей қалғандықтан өз өзіне қол салған.

Қалай болғанда да, алаңдатарлық көрсеткіштер. Ресми органдардың есебіне кірмей қалған да мәліметтер болуы мүмкін екенін ескерсек, ар жағын ойлаудың өзі қорқынышты. Өрімдей ұл мен қыз жалғыз қалғаны немесе әке-шешесімен және басқа да жақынымен сөзге келгені үшін келмеске кетуді қош көре берсе не болғаны. Мұндай қадамға барғандардың психологиясына бойлаудың өзі қиын. Бұны бірі ерлік қадамға баласа, бірі өзіне назар аударту үшін істеуі мүмкін. Әлде адамдардың жүйке жүйесі темірдей берік болудан қалған ба?!

Жоғарыда арнайы комитеттің дерегіне жүгіне отырып ер адамдар суицидке көп баратынын сөз еттік. Былтыр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жанындағы Еуропалық аймақтық бюро да Қазақстан, Ресей мен Литваны ер адамдар арасындағы суицид жөнінен Еуропалық аймақ бойынша алдыңғы үштікке кіргізгені есте. Біреуге әке, біреуге жар, отбасының тірегі, қиналғанда сүйеуі болуы тиіс ер адамдардың өз өзіне қол салуға бейім келуі ойландыратын дүние. Бұл психологиялық ауру ма әлде адамдардың әлсіздігі ме?! Адамдардың әлсіздігі дейтініміз, мұның себебін әлеуметтік мәселелерден іздейтіндер да бар. Өйткені, тұрмыстық ауыртпашылықты көтере алмай суицидке баратын жағдайлар да жоқ емес. Ал, осынау қорқынышты деректердің көш басында ер азаматтарға қатысты деректердің тұруы тіпті қорқынышты. Бәлкім, «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегенді алға тартып, қарны тоқ, көйлегі көк, ұйқысы тыныш болса адам ажалға асығып несі бар деп мәселенің түп-төркінін тұрмысқа әкеп тірейтіндер де табылуы ғажап емес.

Сәуле ИБАШОВА, Психикалық сауықтыру орталығының психолог маманы:

– Суицидке жасөспірім шақта қыз балалар жиі барады. Суицидті бір ғана себеппен байланыстыру қате. Әлеуметтік жағдай, отбасылық жанжал, жалғыздық, бәрі де оған түрткі. Ер адамдарда, негізінен отыз жастан кейін дағдарыстық кезең басталады. Суицидке осы кезеңде көбірек баруы мүмкін.

Бұл дерттің ең басында психикалық ауытқу тұрады. Ал, психикалық ауытқу депрессиядан, яғни күйзелістен басталады. Осы күйзелістің де соңы көбіне өз өзіне қол салуға соқтырады. Дағдарысқа, тұрмыстық, әлеуметтік, отбасылық жағдайларға байланысты күйзеліске түсу қазір ер адамдарда көп кездеседі. Психотерапевт маманның көмегіне жүгініп, дәрі-дәрмегін уақытылы қабылдап, адамды күйзелістен шығаруға болады. Күйзелісі тереңдеген адамның көңіл-күйі өте төмен болады, ешнәрсеге қуана алмайды, өмірге деген қызығушылығы жоғалады. Сондайда психотерапевт маманың көмегіне жүгінбеу, депрессияның күшеюі психикалық ауытқуға алып келуі ғажап емес. Депрессия ұзаққа созылып кетсе, адам өз өзін бақылаудан қалады. Өзімен күресуге, өзін өзі дамытуға ерік-жігері, күші жетпейді. Күйзеліс уақыты неғұрлым ұзаған сайын, ол адамның жазылу ықтималдылығы да төмендейді. Бәрі уақытына байланысты.

Өкінішке орай, қазақ халқы мұндайға көп мән бере бермейді. Күйзеліске түссе психологқа, психотерапевтке дер кезінде баруды білмейді. Тек мүлдем түсінбейтіндей халге жеткен кезде барып мән беруі, ал бұл кезде кеш қалуы да мүмкін. Өйткені, ауыр депрессияда жүрген адамда өз өзіне қол салу ықтималдылығы жоғары болады.

Қазіргі таңда суицид деңгейі Қазақстанда өте жоғары болып тұр. Мемлекет тарапынан онымен күресу жолдары қарастырылып-ақ жатыр. Бірақ, нәтижесі көңіл қуантпайды. Бұл мәселеде ведомство аралық байланыс өте нашар. Тиісті ведомстволар бірге әрекет етпей нәтижеге жету қиын.

Сосын, өз өзіне қол салу жергілікті жерлерде, ауылдарда жиі орын алады. Онда да бұл бағыттағы жұмыстар жолға қойылмаған. Сондай қадамға барғандар, әрекеті аяқталмай қалған жағдайда мамандардың көмегіне мүлдем жүгінбейді. Оның отбасылары да «сондай жағдай боп қалды, енді ешнәрсе емес, бізде қазір бәрі жақсы» деп есіктерін тарс жауып, өздерін жабық ұстайды. Мен екі жарым айдай дәл осы мәселемен Түркістан облысында болғанда, соны байқадым. Өйткені, мұны ұят санайды, қылмыс көреді. Бұл суицидтік әрекеті соңына дейін жетпегендерге қатысты. Ал, суицид жасап өлгендердің де отбасына психологиялық көмек керек қой. Бірақ, сондай жағдайдың өзінде де ол отбасылар көмектен қашады. Өз «жарасымен» өздері қалады, жария болғанын қаламайды. Бір сөзбен айтқанда, біздің халық аталмыш қиын жағдайға тап болғанымен, мамандардан психологиялық көмек алуға асықпайды. Бұл бағыттағы жұмыстарда оң нәтижеге жете алмауымыздың бір себебі де осы шығар. Суицид эпидемия секілді белең алып жатса да, аса мән бермейміз. Солай болуы керек секілді салғырт қарау көп.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.