СҚО мәдени іс-шаралармен ел ықыласына бөленді

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге арналған «Қуатты өңір – Қуатты Қазақстан» акциясы аясында елордада Солтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері аталып өтті. Бағдарламаға сәйкес, мәдени шаралар Ұлттық кітапханада «Солтүстік Есіл өңірі – өрісі биік өлке» атты кітап көрмесін ашумен басталды. Одан кейін Бейбітшілік және келісім сарайында «Туған жердің тартылысы» көрмесі таныстырылды. Келушілер жергілікті суретшілердің «Өңір маржаны» көрме экспозициясын тамашалап, ағашты оюлау, қайың қабығынан және киізден түрлі бұйымдар жасау сияқты қолданбалы өнер түрлерінен шеберлік дәрістеріне қатысты. Мәдени бағдарлама Бейбітшілік және келісім сарайында облыстың үздік шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен Гала-концертпен аяқталды.

Сондай-ақ, Хан шатырдың алдындағы Жәрмеңкеде облыс өнерпаздары әнмен шашу шашып, келушілердің көңілін көтерсе, Мағжан ауданы атынан тігілген ақбоз үйде жәрмеңкеге келген қарияларға арнап арнайы дастарқан жайылды. 21 қазан күні Орталық коммуникациялар қызметінде «Астана қаласындағы Солтүстік Қазақстан облысының күндерін» өткізуге арналған брифинг өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысы индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Рустам Бикенов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов қатысты. Осы брифинг барысында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров және мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Рустам Бикенов мырзалармен сұхбаттасудың сәті түсті.

СҚО әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров:

“СЕРПІН” БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖАҢА СЕРПІНІ 

— Тәуелсіздіктің 25 жылдығына Астанаға қандай тарту-таралғымен келдіңіздер? Осы жайлы айтып өтсеңіз?

— Жәрмеңкеге Петропавл қаласы мен облыстың 100-ден аса ауыл шаруашылығы құрылымдары мен өңдеу кәсіпорындары қатысады. Астана қаласына облысымыздың ауылшаруашылығы тауар өндірушілері 700 тоннадан аса өнім әкелді. Оның ішінде 90 тоннаға жуық түрлі ет өнімдері, 10 тонна шұжық, 24 тонна сүт өнімдері, 450 тонна картоп пен көкөніс және тағы басқалары бар.

— СҚО-ның әлеуметтік-экономикалық өсімі жақсы екен? Индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының қарқыны қалай?

— Тәуелсіздік жылдарында Солтүстік Қазақстан облысының өңірлік жалпы өнім көлемі 13 есе артып, 837 миллиард теңгеге жетті. Бұл жақсы көрсеткіш! Ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі 289,6 млрд. теңгені құрады. Өңдеу индустриясының көлемі 93,8 млрд. теңгеге артты. Мұның барлығы Өңір экономикасын дамытуда Индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы оң ықпал еткенін ашып айту керек. Индустриаландыру картасын жүзеге асырудың барлық мерзімінде 116 млрд. теңгеге енгізілген 53 жобаның бестен бір бөлігі (19%) орындалды. Ал тәуелсіздік жылдарында өндеу кәсіпорындарының өндіріс көлемі 17 есеге артты.

— «Серпін» бағдарламасы 2014 жылдан бері жұмыс істеуде. Оның мақсаты – мамандарға зәру солтүстік, шығыс және батыс өңірлеріне оңтүстік (ОҚО, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары) жастарын көшіру, оларды оқыту және жұмысқа орналастыру. Осы бағдарлама сіздерде қалай іске асып жатыр?

_dsc0180— «Серпін» бағдарламасымен бізде 600-ден астам бала университеттерде, 400-ден астамы колледждерде оқып жатыр. Бұл жұмыс жақсы жүріп жатыр. Олардың тәртібі мен білімдерін тәрбие ісі жөніндегі басшылықтары, білім басқармалары барып, біліп отырады. Өзім де барып, кездестім, көңіл-күйлерін бақылап қайттым. Жалпы біз оларға қолдау көрсетіп жатырмыз. Біздің ойымыз – балалар осы жаққа келгеннен кейін, осында қалса дейміз. Өйткені біздің өңірдің санын көбейту керек. Өздеріңіз білесіздер, бізде көші-қонның теріс сальдосы тіркелуде. Сондықтан оңтүстік өңірлермен біз тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Облыс әкімінің тапсырмасымен мен өзім 4-5 рет оңтүстік өңірлерге барып келдім. Кездесу өткіздім. Бүгінгі таңда 700 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келуге ниет танытуда. Қазіргі уақытта 127 отбасы көшіп келді. Әрине, қоныс аударған адамға оңай емес, оның өз қиыншылықтары да болады. Бірақ аудан әкімдері барлығын бақылауда ұстап отыр.

— “Серпін” бағдарламасын сөз еткен тұста жақында Петропавлда қайтыс болған бескетболшы Игорь Нанаевтың өлімі жайлы айтпай кетуге болмас. Оның өлімі «Серпін» бағдарламасымен оңтүстіктен келген студенттерден болды деген ақпарат тарады. Бұған сіз не дейсіз?

— Бірден айтайын, баскетболшы Нанаевтың өліміне оңтүстік жастарының еш қатысы жоқ. Бұл іспен құқыққорғау органдары айналысып жатыр. Осы сұраққа қатысты брифинг өткіздік. Тергеу жүргізілуде. Күдікті төрт адам ұсталды. Онда «Серпін» бағдарламасының қатысушылары жоқ. Менің ойымша, құқық қорғау органдары тиісті шешімін жасайды. Облыс әкімі, ІІД басшысы мен Бас прокурор бұл істі қатаң бақылауда ұстап отыр.

— Өңірге шетелдік инфесторларды тарту мәселесі қалай іске асуда? Салынып жатқан жаңа зауыттардың тиімділігі жөнінде әңгімелесеңіз?

— Шетел инвестициялары тарапынан үлкен жұмыстар істелуде. Мысалы, өңірде 500 жаңа жұмыс орнын ашатын, құны 19 млрд. теңгелік майлы дақылдарды өңдеу жобасы іске қосылмақ. Нысан тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріледі. Аталмыш компания қазақстандық тараппен бірлесе отырып, агроөнеркәсіптік парк құрады. Онда дәнді дақылдарды терең өңдеу өндірісі, ет комбинаты, сүт зауыты, біріктірілген жем түрлерін шығару зауыты салынады. Биогаз қондырғысына келетін болсақ, ауылдардың бірінде «Биотек» ЖШС биогаз өндіретін қондырғыны салуда. Желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Инвестиция 1 млрд. теңге салынды. Тауық көңінен газ, электр энергиясы шығарылады, ол қондырғы жылына шамамен 600 млн. кВт энегрия мен 9,6 мың текше метр газ өндіреді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, «Қызылжаринвест-2016» форумы шеңберінде қазақстандық авиациялық зауыты мен Бериев атындағы Таганрог ғылыми-теxникалық кешенімен келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта ұшақтарды құрастыру бойынша теxникалықэкономикалық негіздемесі жасалуда. Қараша айында ресейлік тараптан біздің облысқа теxникалық ұжым келеді, сол кезде нақты осы сұрақты пысықтайтын боламыз. Оның сыртында, облыста қант зауыты салынатындығын жеке айта кетуге болады. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Біз қант қызылшасын отырғызып көрдік. Орташа өнімділігі гектарына 50 тонна. Құрамындағы қанты 23 пайыз.

— Петропавл мен Көкшетау арасындағы тас жолдың жұмысы қашан аяқталады?

— Петропавл мен Көкшетау арасындағы тас жолдың жұмысы атқарылып бітті. Бұл біз үшін өте үлкен жетістік. Жаңа тас жолдың арқасында сүйікті қаламыз Астанаға 4 сағатта жететін болдық. Ақырғы жылдары “Нұрлы жол” бағдарламасы арқылы қаржы бөлінген болатын. Соның арқасында бұл тас жол қолданысқа берілді.

— Уақытыңызды бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет.

*********************

Рустам Бикенов, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:

ҰЛЫЛЫҚ БАР ЖЕРДЕ МӘДЕНИЕТ ПЕН ӘДЕБИЕТ ЖОҒАЛМАЙДЫ 

— СҚО мәдени ескерткіштер мен мәдени мұраларға бай өлке. Көне жәдігерлердің бүгінгі таңдағы сақталуы мен қорғалуы жайлы айтып өтсеңіз?

— Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік қорғауға тарих пен мәдениеттің 600 ескерткіші алынды, олардың 7інің республикалық маңызы бар екенін атап өткім келеді. Мұнымен қоса өңірде мәдениет нысандарын жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Ағымдағы жылы Қазақ музыкалық-драма театрының ғимаратын бейімдеу арқылы 500 орынға арналған көрермен залын жасаудың архитектуралық тұжырымдамасы әзірленді. Жобалық-сметалық құжаттаманы даярлау аяқталуға жақын, аталған нысанның құрылысын келесі жылы бастау жоспарланған. Облыс орталығында республикалық бюджеттен бөлiнген 56,8 млн. теңге қаражатқа «Янгуразов көпесiнiң үйiн» қалпына келтірсек, 22,6 млн. теңгеге Юзефович көпесiнiң үйiнде (көркем өнер мұражайы) жөндеу, қайта жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Қалпына келтiру жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейiн аяқтау жоспарланған. Ал «Муратов көпесiнiң диiрменi», «Ағайынды Овсянниктер мен Ганьшин дүкендері» ғимарат қолданушыларының өз қаражатынан жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде.

— СҚО Астанадағы мәдени күндері қалай тойланбақ? Қандай тың бастамаларыңыз бар?

_dsc0192— Солтүстік Қазақстан жері ежелден мол астығымен ғана атағы шыққан жоқ қой, небір от ауызды, орақ тілді билерді, дәулескер шешендерді, болашақты айнытпай болжаған көсемдерді, жауынан қайтпаған батырларды, су жорға ақындарды, күміс көмей әншілерді әлдилеген өңір. Сондықтан мәдени шараға қатты көңіл бөлдік. Баяндамамда бәрін тізіп шыққандықтан қайталап жатпай-ақ қояйын. Тек қана «Солтүстік Қазақстан облысы: таланттар шоғыры» атты суретті кітап көрмесіне тоқталайын. Бұл шара Ұлттық академиялық кітапханада өтеді. Тәуелсіздіктің 25 жылында С.Мұқанов атындағы ОӘҒК жергілікті қоғамдастықтың зияткерлік күштерін тарту орталығына айналып, кәсіби қызметінде қол жеткізген жетістіктері үшін 2014 жылы «Қазақстанның XXI ғасырдағы үздік кітапханасы» атағына ие болған еді. Сондықтан ерекше атап отырмын. Шараға парламент мәжілісінің депутаттары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, журналистер мен студенттер шақырылып отыр. Көрмеде Солтүстік Қазақстан облысының атақты адамдары туралы бай көрнекі кітаби және электронды материал топтастырылған. Көрермендерге өте қызықты боларына сенімдімін.

— Тағы қандай тосын сыйларыңыз бар?

— «Астана қаласындағы Солтүстік Қазақстан облысы күндері» аясында облыс тарапынан үлкен бағдарлама әзірленгенін айта кетейін. 22-23 қазан күні «Хан Шатыр» саудаойын сауық орталығының жанындағы алаңда «Өңір берекесі» атты ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өткізіліп қана қоймайды, 22 қазан күні Тәуелсіздік және келісім сарайында Солтүстік Қазақстан облысының үздік шығармашылық ұжымдарының «Мағжан елінен – Елорда төріне» атты гала-концерті өтеді. Тағы басқада мәдени іс-шараларымыз бар.

— Несін жасырайық, көпшілік халық СҚО орыстанған, тілге шорқақ өңірге балап жатады. Бұған қандай уәж айтасыз?

— Бұлай ойлайтындар қателеседі. Қазақтың солтүстіктегі шұрайлы өлкесі ата-баба ұстанымын берік қолдайды. Бұл жер киелі мекен. Небір қазақтың маңдай алды ұлдарының отаны. Ақын М.Жұмабаев, қазақ әдебиетінің классиктері С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, И.Шухов, С.Шаймерденов, Г.Бельгер, С.Жүнісов, С.Садуақасов және т.б. көптеген ақындар мен жазушылар осы аймақта туып өскен. Сондықтан ұлылық бар жерде ырыс-береке, мәдениет, әдебиет жоғалады дегенге өз басым сенбеймін.

Тағы бір айтарым бар: Солтүстік Қазақстан облысының сауда сөрелерін аралағанда азық-түліктің қай ауданнан әкелінгенін анықтайтын баннерлерге көз жүгіртсін халық. Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атаулары тәуелсіздік жылдары бұл өңірдің біраз қазақыланғанынан хабар беретінін сонда сезінер бәлкім..

— СҚО Ресеймен шекаралас өңір. Омбы қаласы таяқ тастам жерде тұр. Ондағы қандастармен арадағы мәдени байланыс көңіл көншіте ме?

— Ойыңызды түсіндім. Иә, біз шекаралас орналасқан Омбы қазақтарына көмегімізді аямаймыз. Омбыға жылына екі рет делегациямен барып тұрамыз. Қазақ диаспорасымен кездесу өткіземіз. Оларға көмек керек болса, көрсетеміз. Олар да бізге келіп тұрады. Қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бүгінде тілді дамыту үшін оларға кітаптар жіберіп жүрміз. Керек болса мұғалімдер де барады. Бұл жағынан проблема жоқ. Екі жақты араласуымызға еш кедергі жоқ. — Мәдени шаралар аясында алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар? — Ағымдағы жылы Қазақ музыкалық – драма театрының ғимаратын бейімдеу арқылы 500 орынға арналған көрермен залын жасаудың архитектуралық тұжырымдамасы әзірленді. Жобалық – сметалық құжаттаманы даярлау аяқталуға жақын, аталған нысанның құрылысын келесі жылдан бастау жоспарда тұр.

— Әңгімеңізге рахмет!

Дайындаған — Нағашыбай Қабылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған