СӨЗ БАР, ҚҰЛАҚ ЖОҚ, ҚҰЛАҚ БОЛСА, ҚҰЛЫҚ ЖОҚ

Жасымыз біразға келген соң қоғамдағы құбылыстарды бұрынғы кезеңмен салыстырып қараймыз. Ал отыздың ар жақ-бер жағындағы жастар бұрынғы уақытта сөздің әсерінің қандай болғанын көрмеген соң салыс­тыра алмайды. Коммунистік партияның бәрімізді бұйдалап ұстап тұрған тұсында да кез келген саладағы кемшілікті айтуға, жазуға болатын, директордың, орынбасардың өзге де лауазымды қызметкерлердің жұмысы сыналатын, бірақ партияға тіл тигізбейтін.

Алда-жалда облыстық немесе респу­б­ли­калық басылымның бетінде елге белгілі адамдар, кәнігі журналис­тер басшыларға сын айтса, ол міндетті түрде Орталық Комитеттің тиісті бөлімдерінде талқыланатын. Ең алдымен газеттің бетінде жарияланған фактінің рас-өті­рігі анықталатын. Рас болса шара қол­да­нылатын, өтірік болса журналистің басына әңгіртаяқ орнататын. Сөздің сұрауы болатынын ескерген соң журналистер де мақаласына негізсіз факті қоспайтын. Әлі күнге есімде, Қызылорда облыстық Атқару комитеті төрағасының орынбаса­ры­ның аты «Известия» газетіндегі бас мақалаға шығып кеткен екен. Сондағысы Сырдың жағасынан екі қабатты үй салдырыпты. Ол үйге Қалтай Мұхамеджанов­тың 50 жылдық тойында Тахауи Ахтанов, Қалағаң үшеуміз барып дәм татқанбыз. Бүгінгі аудан әкімдерінің үйлеріне қара­ғанда ол әншейін кепе ғана. Ма­қа­ланың ішіндегі бір абзац үшін әлгі орынбасар партиялық билеттен де, жұмыстан да қағылып қалған еді. Сөз өтетін, сөзбен айтылған сын өтетін сондай кезеңдер болды. Ал қазір дүниені төңкеріп айтсаң да, сөзге құлақ асар болмай тұр.

Бұдан біраз жыл бұрын Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың бір-біріне жазған хаттары қоғамға сәл де болса серпін берген еді. Кейінгі уақытта басшылар бір­те-бірте сөзге мән бермейтін болды. Олар плюреализм дегенді басқаша тү­сінетін болды. Әркім өз пікірін айтуға қа­қылы, ол өз пікірі. Егер біреу тосын ұсыныс, жөн сын айтып жатса, оған қарсы пікір ұйымдастыра салады. Сізге ұнамаса басқаға ұнап жатыр деген желеумен теледидардан адамдарды сөйле­теді, не газет бетінен мақала шығартады. Сөйтіп, өзгеру керек мәселе өзгермейді, халықтың да оған әбден еті үйреніп кетті. Айтылады, айтылады да, айтылған жер­де қалады. Керемет мақала жарияланса жұрт қос қолдап қолдайды, «Сен жақсы жазыпсың, сен айтпасаң кім айтады, қазір халықтың мүддесін жазушылар ғана қорғайды ғой», – деп мәз болады. Сөйте тұра ештеңе өзгермейтінін іш­тері сезеді.

«Тыңдалмаған сөз жетім» қалғандықтан да қоғамда бойкүйездік, селқостық, немқұрайлылық қалыптасты. Ашық айтылады, өткір жазылады, бірақ билік бәрібір өз дегенінін жасайды деген пікір қоғамға орнығып алды. Оны билік жағы да оқиды, оқиды да, айтса айта бер­­сін, сөз бостандығы ғой деп, соған ысы­рып қоя салады. Билік ешкімнен ақыл сұрамайтын дәрежеге жетті. Халық­тың пікірін тұмшалап жатқан ешкім жоқ, халықтың айтуға мүмкіндігі бар, цензура жоқ деп қарап отыр. Айтылған, жазылған кемшіліктерді жөндеуге талпынбайды. Бұрын Орталық комитетте мәдениет және үгіт насихат деген бөлімдер болды. Осы екі бөлім біздің идеологиямызды басқарып отыратын. Айтылған мәселеге міндетті түрде мойын бұрып, міндетті түрде шара қолданатын. Не кемшілікті жөндейік, не дұрыс-бұрыстығын анықтай­тын. Қазір біздің орталық аппараттарымызда баспасөзбен жұмыс істейтін бө­лім­дер жоқ. Жалпы, ішкі саясат бөлімі де­ген­нің функциясына не кіретінін, нақты қандай жұмыс атқарып жатқанын біл­мей­міз. «Ит үреді, керуен көшеді» деген прин­циппен біздің қоғам ілгері жылжып барады. Елдің пікіріне, елдің ішінен шық­қан тұлғалардың сөзіне елең етпейтін дәрежеге жетті. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген үмітті кезеңнен өтіп кеттік. Бұл жайт мені де ашындырады. Қоғамға пайдам тие ме, мына кемшілікті айтсам түзеле ме, деген оймен біршама мақалалар жаздым, көп еңбектендім. Ешкім құлақ аспаған соң, айтарлықтай нәтиже болмаған соң қойдым. Көзі­қарақ­ты жұрт оны біледі. Айтылған сөз айтылған жерде қалып жатыр. Сөз бар, құлақ жоқ, құлақ болса, құлық жоқ заманда өмір сүріп жатырмыз.

Дулат Исабеков,

жазушы, драматург,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған