ТАБАҚ ТАРТУДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР

Табақ тарту (кәделі табақтар) — қазақ халқының қонақтарға ет ұсынуының дәстүрлі реті. Қазақта табақ тартудың көптеген түрі бар, ал олардың негізгілері: бас табақ, қос табақ, сый табақ, жай табақ, жастар табағы.

Бас тарту — қойдың басын ұсыну. Құрметті және сыйлы адамдарға қойдың немесе ешкінің басын ұсынады.

Басты үйітіп, жуып, жақсылап тазартады. Сонымен бірге, жағын айырып, тазалап жуады. Төменгі жағын тілімен қоса бөліп алып жуады. Қонақтарға үстіңгі жақтағы барлық тістерді қағып алады да, бастың тек үстіңгі бөлігін пісіреді. Ал астыңғы жағындағы тістерге тимейді, оны сорпа етіп қайнатуға болады.

Ірі қара мен жылқының басын дәл осылай тазалайды, ірі қара мен жылқының тілі бөлек тағам ретінде ұсынылады, бұл деликатес болып саналады. Жылқы немесе ірі қараның басының үстіңгі бөлігін үшке бөліп асады, сондықтан әр шекесі бір бастың орнына жүреді. Ал жылқының шекесі аса бір маңызға ие емес, сондықтан да құрметті қонақтарға берілмейді.

Дастарқанға бас салынған ыдысты ер адам әкеледі. Бұлжымас бір ереже бар: қойдың басын әкесі бар адамға бөлуге болмайды. Бұдан қариялар мен ата-анаға деген құрмет көрінеді.

Қонақ қарттарға, балаларға, алыс туыстарға деген құрметті көрсететін ежелгі рәсімді сақтай отырып, басты отырғандардың арасында бөліп беруі тиіс.

Бас ұсыну — қазақта бас ұсынудың өзіндік жолы бар. Бас табаққа бас тартылып, оны ең сыйлы қонаққа (әдетте қарияға) береді. Қария бата-тілегін айтып, алдыменен оң езуінен кесіп өзі ауыз тиеді. Онан соң оң құлағын кесіп, үйдің ең кіші баласына не жасы кісі адамға ұсынады. Айнала отырған адамдарға бастан бір-бір жапырақтан кесіп ауыз тигізеді де, қалғанын үй иесіне береді.

Құлақ ұсыну — қазақ ұсақ малдың құлағын балаларға ғана ұсынады. Бір бастың екі құлағын да бір балаға бермейді. Міндетті түрде екі балаға беру қажет. Ал, ірі қара малдың құлағы берілмейді.

Көз ұсыну — бас мұжып отырған адам малдың көзін бас біреуге ұсынар болса, жұп көзді бір адамға қатар береді. Яғни, бір бастағы көзді екі адамға берілмейді. Сондай-ақ құрмет бойынша, көзді қос қолмен ұсынылады.

Тіл ұсыну — малдың тіл-жағын баспен бірге қонаққа тартпайды. Оны көбінесе келінге береді. Кейде үйде келген ақын-шешендер де тіл мен жақты алдыртып, арнайы біреуге ұсынып «менің жолымды берсін» дегендей тілек айтады.

Таңдай ұсыну — басты кесіп отырған адам, таңдайды оң алақанына сарт еткізіп ұрып, үйдің кенже қызына немесе маңайда отырған әншіге ұсынады. Таңдайды ұсынғанда үстіндегі қатты қыртысты қабығын алып тастап, жұмсақ үлпершек жұқа бөлігін ғана береді.

qamshy.kz.jpg

Дереккөз: qamshy.kz

Бас табақ — ет салынған ең маңызды, басты табақ. Бас табақ қариялар мен сыйлы қонақтарға беріледі. Оған жамбас, ортан жілік, белдеме (жамбаспен бірге міндетті түрде), ішек-қарнын, сүбе қабырға, қойдың ұлтабары, жылқы етінен: қазы, қарта, жал, жая салынады.

Қос табақ — құда-құдағиға арнайы ұсынылатын табақ. Мұның құрамы Бас табақтағы ет сияқты, тек ортан жілік қосылады. Сонымен қатар құда мен құдағиға бөлек табақ тартылуы да мүмкін: құда табақ, құдағи табақ. Мұнда да солай, тек Құдағи табақты ері қайтыс болған немесе ерінен бөлек жалғыз келген құдағиға «құданың жолы» деп ұсынады. Мұнда бас, жамбас, омыртқа, арқа, белдеме, қазы-қарта, жал-жая, қарын, қимай, ортан жілік, жауырын, құйрық-бауыр болады. Ал ері тірі әйелге бас берілмейді.

Сый табақ — қосымша сый табағы. Ет құрамы еркін түрде салынады. Сый табаққа қойдың жауырыны мен тоқпан жілігі аса маңызды болмағандықтан салынбайды.

Жай табақ — ет салынған табақ түрі. Оған ортан жілік, жауырын, тоқпан жілік, қабырға, омыртқа салынады.

Жастар табағы — жастарға арналған ет салынған табақ. Жастар табағының ең кәделі жілігі — асықты жілік пен төс. Асықты жілікті, әдетте, күйеудің жолдасы немесе келіннің жеңгесі кеседі. Күйеуге міндетті түрде төс берілуі тиіс.

Сондай-ақ, әрқайсысына арнайы бөлек табақ та тартылады:

Күйеу табақ — асық жілік, төс, ортан жілік, сүбе қабырға, арқа, белдеме, қарын, тоқ ішек салады.

Қыз табақ — бұл төркіндеп келген қызына көрсетілетін құрмет. Табаққа жамбас, асық жілік, жауырын, белдеме, тіл-жақ, қарын-сүрін, сүбе қабырға, жүрек-бауыр, бүйрегін салады.

Келін табақ — ата-енесі келінге асық жілік, тіл-жақ, белдеме, арқа, жауырын, ортан жілік, жүрек-бауыр салынған табақ тартады.

Жеңге табақ — халық арасында сирек кездесетін табақ тарту түрі. Табаққа қойдың жамбасын, жауырынын, арқа белдемесін, сүбе қабырғасын, жүрек-бауырын, тоқ ішегін, қарын-бүйректерін салады.

Жезде табақ — табаққа салынатын сый-сыбаға негізінен жеңге табақпен бірдей болады. Ал ұқсамайтын жері оған құйымшақ қосады.

Бала табақ — үйге келген балаларға арнайы табақ тартып, дәм сыйлап отырған. Мұндай табаққа асық жілік, жауырын, ортан жілік, арқа, белдеме, тіл-жақ, қабырға салынады.

Құрдас табақ — қонаққа жылдас адамды шықырғанда жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа, белдеме сияқты сыбағалы жілік сыйлайды.

Ақпараттың дереккөзі: zhensovet.kz, jaqsy.kz, e-history.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған