«ТАЖАЛҒА ТОСҚАУЫЛ»

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы әдеби даму үдерісінде жаңа романдар оқырмандардың назарына ұсынылып келеді. Жаңа тарихымыздағы көркем әдебиетіміздің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан көрнекті қаламгер Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Тажалға тосқауыл» атты жаңа романын қолымызға қуана ұстадық. Себебі жазушының бұған дейінгі көркем прозалық туындылары (әңгімелері, повестері, романдары, пьесалары) көркемдік-эстетикалық әсерлілігімен көңілімізді баурайтын.

«Тажалға тосқауыл» деген романның аты да оқырманды сан алуан ойларға жетелейді. Яғни, романның тұтас құрылысындағы сюжеттік-композициялық желілер оқырманды алаңдаған, абыржыған сезім толғаныстарына ұшыратады. Жер-ананы және оны мекендеген бүкіл адамзат қауымын атом сынағының тажалды отымен экологиялық дағдарысқа ұшырата бастаған қазіргі заманғы әлеуметтік хал-ахуал көз алдымызға елестейді. Қазақ халқының және бүкіл адамзаттың экологиялық апатқа ұшырататын атом-ядролық тажал отынан азат болуында оған тосқауыл-тыйым шешімін жасаған Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлік-гумманистік ұстанымындағы тұлғасына сүйсінген көңілімізге мақтаныш сезімі ұялайды.

Жаңа романының сюжеттік-композициялық желісін құрастырған тарихи тұлға мен қыран суретінің поэтикалық-философиялық баламалануын сезіну сәтінде Елбасымыздың «Тарих толқынында» атты кітабының басталуындағы суреттеулері еске түседі: «Осынау тәкаппар түз қыраны дәл осы сәтте тек қана өз құзырындағы жер мен көктің хикметін байыппен барлап, ауа ағын қақыратқан қалпы әлдеқайда ұзай берді. Қазіргі қимылы көрер көзге байыпты көрінгенімен, әрбір қанат қағысы оны жебедей жүйткітеді…

Басты кейіпкерлері Нұрсұлтан мен Сұңғат ғалым бастаған ұшқыш Талғат, Батри дәрігер, кеміс боп туған мүгедек балалар, полигонның зардабын тартып, жазылмас дертке тап болған адамдар мен ақиық қыран бастаған үш аяқты жолбарыс, екі аяқты бота, екі басты бұзау, елді сынақ алаңынан көшіргенде жұртта қалған күшіктің тағдырын даралауда қаламгер қандай көркемдік тәсілдерді қолданған? Бұл сұрақтарға жауап іздеу, әрине, арнайы ғылыми-зерттеу талдаулары арқылы айқындалары анық. Әзірше романды алғашқы оқырмандық әсер аясында бағалауды жөн көреміз.

Роман 20 тарау: «Бұл бала қайдан шығар екен?», «Алғашқы сапар», «Жас дәурен», «Тікұшақтағы екеу», «Зобалаң», «Зындандағы жас ғалым», «Түрмеден қашқан ұшқыш», «Жас ғалымның жан азабы», «Шарпыған жалын», «Тас үңгірдегі тағдырластар», «Текетірес», «Тамырластар табысқанда», «Жас ғалымның жанталасы», «Қаралы күндер, күрделі өзгерістер», «Шарапат пен Барти», «Балық басынан шірігенде», «Арайлы таң атқанда», «Атажұртты аңсағандар», «Жарылыстың соңғы зардабы», «Қанатты арман, ұшқыр ойлар».

Тарихи кезең шындығы бойынша Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болғаннан кейін ғана атом-ядролық қаруы сынағының әлем халқына, қазақ еліне салған ойранына, ауыр қасіретіне, орасан зор апатына қарсы тұру ниетінің балалық, жастық шағынан басталғанын дәлелдеген. Кейіпкер Нұрсұлтанның бес жастағы кезіндегі сүндет тойына келген үлкендердің айтып отырған әңгімесінен, Америка Президенті Трумэннің Жапонияның Хиросима, Нагосаки қалаларына атом бомбасын тастап, 140 мыңнан аса адамын қырып, атақонысын күйдіріп, күлге айналдырғанын естігені роман композициясының идеялық желісіне негіз болған. Сол сәтте жас баланың жүрек қылының дір етіп, мұндай шектен асқан зұлымдыққа қарсы көкірегінде кектену оты тұтанғаны да өмір шындығына сәйкес суреттелген. Сол сәби кезінде тұтанған зұлымдыққа қарсы ашу оты өмір бойы сөнбей, ол сезім жалпыадамзаттық гуманисттік ұстанымға айналып, Қазақстанның Президенті болмай тұрған кезінде де, Елбасы болғаннан кейін де тажал отына тосқауыл жасау шешімін жүзеге асыртады. Қызыл империяның 40 жыл бойы Семей полигонындағы атом қаруы сынағымен Қазақстан халқына, атажұртқа, экологиялық ортаға орасан зардаптар тудырғанына қаны қайнап, қанаты талғанша әрекеттенгені романдағы шешімімен дәлелденген. Жазушы Тұрсынәлі Елбасының ядросыз әлем құру туралы не істегенін тарихи шындықтан ауытқымай, оның өзі жазған өмір баяндық кітаптарынан, өзге де деректерге сүйенеді. Алайда жазушы деректі шығармаларды қайталап, көлеңкесінде қалмай, көркем шығарманың ерекшелігін, заңдылығын  арқау ете отырып, Нұрсұлтанды кәдімгі етжүректі адам, Құдай-Тәңірдің пендесі ретіндегі образын ашады. Оның өсу жолы, дүниетанымының қалыптасуы, ядролық қарудың  халыққа бағыштаған қасіретіне қарсы ой-өрісінің биіктеуі реалистікпен бейнеленген. Нұрсұлтанның өміріндегі әртүрлі тартыстар, текетірестер, қызық пен қиындық, махаббат әлеміндегі мөлдір сырларға толы жас жүректің нәзік дірілі, өмірлік сүйген жар таңдау жұмыс барысындағы ұстаз тәрбиесінің жұғымы, оқыған кітаптары мен ғылыми жаңалықтар Нұрсұлтанға рухани ем, мол білім қоры болғанын жазушы қаламынан әсерлі де қызықты суреттеледі. Оның достарының қанаттас болғаны, дұшпандарының құрған тұзағын Нұрсұлтанның қалай үзіп кеткені өміріндегі шындықтан алыстамайды. Алайда жазушы деректерге ғана сүйенбей, Нұрсұлтанның жанжүрегінің терең қатпарларына үңіліп, есею, өсу, биіктеу барысын көркем шығарманың заңдылығына бағындырады. Нұрсұлтанды бала кезінде балаша ойландырып-толғандырады. Ел азаматы болған тұсында, оң-солын танытып, есейіп, елінің Көшбасшысы болған кезінде, көсемдігін, шешендігін, мол білімділігін  сөйлеген сөздерімен, істеген істерімен дәлелдейді. Семей полигонын жабуда әйгілі ақын, көрнекті қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған ұлт жанашырларының митингі өткізгенін, Президенттің Олжаспен ақылдасып, сырласқаны да жазушы қаламынан қағыс қалмайды.

Жас ғалым Сұңғаттың атом-ядролық қаруына қарсы мақаласы жарияланып кеткені үшін төңкерістің қақпанына түсіп, түрмеде, зынданда отырады. Тергеуші, қызылқорғаушылардың адам айтқысыз қинауына тап болады ғалым. Шыңжаң биязы жүнді қойының жаңа сортын тапқан Сәбиғазы деген қарт ғалымды қызылқорғаушылар қинап өлтіріп, өзенге түн жамылып барып тастайды. Сұңғатты жер асты көмір кеніне апарып, ауыр еңбекке салып, онан өзгерту алаңы Тарым ойпатына жер аударады. Оның жерлесі, досы ұшқыш Талғатты да Кеңес Одағы мен Қытайдың шекара қақтығысында әскери ұшақты қажетті кезінде ұшырмағандығы үшін, ол да төңкерістің торына ілініп, қинау көреді. Ол түрмеден қашып, Үйсін тауының қарлы шыңындағы тас үңгірді паналайды. Сол үңгірде сақ, ғұн, үйсін тайпалары кезінде өмірден озған ханзада мен оның қанымы, кісікиік қыздың суық үңгірде қаз-қалпында қатып қалған мүрдесінің қасында Талғат талай күн түнейді. Енді оқиға желісі ерте заманға созылып, сол замандағы тайпалардың тарихынан сыр шертіледі.

Қытайдағы мәдениет төңкерісі 10 жыл дәурендеп, төңкерістің дауылынан жаны әрең қалған Дин Сияпиннің билік басына шыққан соң, Қытайдағы зиялы қауым, ғалымдардың қатарында азаттық алған Сұңғат, Қазақстан Тәуелсіздік алған соң, ұлы Абайдың  тойына Қытайдан делегат болып келеді. Оны Елбасы қабылдап, атажұртқа ат басын бұруды ескертеді. Ол Президенттің үндеуіне үн қосып, атажұртқа кешікпей оралады. Ал Үйсін тауының тас үңгірін паналаған ұшқыш Талғат шекарадан қашып өтіп, Семейдегі туыстарын табады. Ол да Елбасының қолдауымен Қазақстанның ұшқышы болады. Атом-ядролық қаруының әлемдік қасіретіне арашашы болған, ядросыз әлем болуға Көшбасшысы болған, Қазақстанның тұңғыш Президентінің қанатының астынан пана тапқанына Сұңғат ғалым мен ұшқыш Талғат өздерін бақытты сезінеді.

Қорыта келгенде, романның көркемдік түйіні — адам қолымен азып-тозып, былғанып бара жатқан планетамыздағы экологиялық зардаптарға себепші болған атом-ядролық қаруы сынағын тоқтатқан Елбасымыздың тарихи ісін ұрпақтарымызға өнеге ету. Қазақ халқын Мәңгілік Ел дамуы жолына бастаған қайраткердің өнегелі өмірін негіз еткен бұл роман қазіргі заманғы жалпыадамзаттық өзекті мәселені көркем шындықпен бейнелеген көркемдік-эстетикалық тағылымымен маңызды болып саналады.

 

Темірхан Сақаұлы Тебегенов

филология ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, “Жамбыл әлемі” газетінің бас редакторы 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған