Тарихты ескерткіштер сөйлетеді

Жері шұрайлы Жетісу — өлкесі  сан ғасырлық тарихы бар өңір.   Жасыл  табиғат желегімен   шымылдық құрған,  көгілдір тауларының қойнауы толған шежіре-сыр, көз жетпейтін жазық даласының төскейінде  нәсіп  пен ырыздықтың    жеті өзені сарқырай  ағып, айдыны жарқыраған    Балқашпен барып табысатын  ғажайып өлке. Осы бір өңірдің тағы бір ерекшелігі — талай   ел шетіне жау келгенде алмас қылышын  қолына алып қарсы шапқан  батырлар мен  арынды  ақиық ақындардың, алып тұлғалы  әулие би, бабалардың, ұлы даналардың   кіндік қаны тамған  жері.  Күні кеше ғана  қасиетті Қарқарадағы ашылған ескерткіштің  халық үшін қаншалықты маңызды екенін  көзіміз көрді.

Осындай ұлан-ғайыр Жетісу жерінің  тарихи  ұлы тұлғаларының  есімдерін ұрпақ жүрегінде  сақтау үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік ұлттық  бағдарламасы аясында  қыруар шаруалар жасалды. Қазіргі кезде Алматы облысында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерінің жалпы саны — 2 338.

2009 жылдан бері Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың директоры болып  Есет Жеңісұлы Дәуренбаев  қызмет атқарады. Өзі сәулетші, өзі суретші-дизайнер, өзі қаламгер   Есет  өңірдегі  ескерткіштердің тұрғызылуына, сақталуына, қорғалуына, насихатталуына   қомақты  үлес қосып жүрген азамат. 2014 жылдан бері ҚР көркем сурет академиясының  корреспондент мүшесі, тарихи-мәдени ескерткіштер жөніндегі вице-президенті, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, ҚР  Мәдениет қайраткері, көптеген  марапаттардың иегері.

Есеттің «Абылайхан», «Абай», қазақ поэзиясының құлагері атанған «Ілияс Жансүгіровтың портреті», «Жер жаннаты — Жетісу» және т.б. графикалық портреттері  республикалық және облыстық көрмелерге қойылған.  Осындай талантты азаматтың тарихи-мәдени мұраны қорғау саласында қызмет атқаруы да  кездейсоқ емес. Біз  Есет  Дәуренбаевты   өңірдегі ескерткіштердің  салыну тарихы және жай-күйі туралы  әңгімеге шақырдық.

     Серік Үмбетов — 50-ден астам ескерткіш  тұрғызған басшы

Бұл аңыз сияқты естілуі мүмкін. Алайда ақиқат осы, Серік Әбікенұлы Алматы және Жамбыл облыстарында  әкім болып қызмет атқарғанда ел мен жер тарихын терең зерттеп білген зейінді басшылардың бірі.  Тарихта  қалған ұлы тұлғалардың  есімдерін ел есінде қалдыруға қамқор болып, ескерткіштерінің  бой көтеруіне  үлес қосқан   азамат.  Олардың ішінде  Қазыбек Бек Тауасарұлы, Бәйдібек баба, Райымбек, Қарасай, Наурызбай батырлармен қатар қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы, қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев т.б. бар.

Ал Талдықорған  қаласында өз заманында  халыққа қорған болған Ескелді, Балпық, Қабылиса сияқты әулие, билерге  қойылған «Үш ата» ескерткіші,  ғұлама ғалым  Қадырғали  Қосымұлы Жалайырдың, жыр дүлдүлі Сүйінбайдың   ескерткіштері   және  елді жаудан қорғап, дарабоз батыр атанған Қабанбай батыр  ескерткіші де  Серік  Әбікенұлының қамқорлығының арқасында бой көтерді. Халық осы қоғам қайраткерінің өткен  ғасырлардың  ұлы тұлғаларының ұлықталуына  сіңірген еңбегін ерекше бағалайды.  Тағы бір айта кетерлігі,  Астана қаласының 10 жылдығында  жыр алыбы Жамбылдың  ескерткіші қаланың қақ ортасынан орын алуына да Серік Үмбетовтың қосқан үлесі зор. Осындай  ел мен жерге еңбек сіңірген  айтулы  тұлғалар ескерткіштері қазақтың  көне  тарихын  әлемге паш етіп тұр десе де болады.

Жыр сүлейі Сүйінбай   Анкарада, Жамбыл баба  Белградта тұр

Безымянный«Менің пірім — Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай», — деп,  суырып салма ақындығымен, төкпе жыраулығымен «ХХ  ғасырдың Гомері» атанған  Жамбыл Жабаевтың  туғанына биыл 170 жыл толғалы отыр. Осындай мерейтой қарсаңында  Елбасының тапсырмасымен Сербия Республикасының Белград қаласында Жамбыл Жабаевтың бюсті орнатылып жатыр. Тағы бір қосарымыз, Украинада  жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың  еңселі ескерткіші  2012 жылы бой көтерген.    Санкт-Петербург қаласында Жамбыл атындағы көшеде де  ақын-жыраудың  ескерткіші    бар.

Ал  Жамбыл жыраудың ұстазы, жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлының ескерткіші Түркия мемлекетінің Анкара қаласындағы ақынның аллеясына тұрғызылып, 18 маусым күні ашылу салтанаты өтті.  Түрік еліне  өткен жылы Сүйінбай атындағы жасыл бақты  ашуға барған облыс әкімі Амандық Баталов  ақынның  ескерткіш-бюстін орнату туралы ұсыныс білдіріпті. Осы  ескерткіштің орнатылуына облыс әкімі өзі  тікелей ықпал етті.  Бұл түрік елінде ұйымдастырылған мерейтойға  Алматы облысының бір топ өнерпаздары қатысып, өнерлерін көрсетіп қайтты.

Жетісудың тарихи тұлғалары 

Біздің Жетісу жерінде  бой көтерген  дара  тұлғалардың  ескерткіштерімен  өткен ғасыр  тарихының  шежіресін  оқуға болады.  Ел мен жерін қорғаған  бабаларымыз Сұраншы, Саурық батырлардың  Жамбыл ауданы  аумағында  орналасқан  еңселі ескерткіштері анадайдан көз тартады.  Әйгілі сазгерлер Мұқан Төлебаевтың,  халық қаһарманы  Нұрғиса Тілендиевтің,  мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтің,  құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтың, әлем таныған  Әнуар Әлімжановтың,  ақын Сараның, ақындар Ғали Орманов пен  Үмбетәлі  Кәрібаевтың  және басқаларының  ескерткіштері мен бюсттері  Талдықорған қаласының төрінен орын алған. Бұл тұлғалардың әрқайсысының еліміздің тарихымен тығыз байланысты  ғұмырнамалары бар. Оны кейінгі жас ұрпақ  білуге тиіс.

Үстіміздегі жылы  Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі облыстық комиссияның шешімімен бес мемориалды тақта ашылды. Олар: Бақытгүл  Қайсанова, Гұлнұр Хамитова, Әбу Сәрсембаев, Қаттубай Қашағанов, Тәңірберген Қалилаханов сияқты еліне өлшеусіз еңбек сіңірген  тұлғалардың  есімін мәңгі қалдыру мақсатында  арнайы   шаралар  жүзеге асырылды. Бұл адамдардың өмір жолдары кейінгі ұрпаққа  үлгі-өнеге.

Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай әрбір тарих және мәдениет ескерткіштерін насихаттау, тарихи-мәдени мұраны көпшілікке таныту, ескерткіштерге құрметпен қарауға  тәрбиелеу, патриотизмді нығайту мақсатында  Ескелді, Ақсу аудандарында «Мәңгілік елдің тарихи-мәдени мұрасы» атты  мәдени-танымдық жиындар өткізіліп, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды.

Ақын Сараның мемориалды мұражайымен  бірге Қапал ауылында   «Ұлы Отан соғысында қаза болған жерлес жауынгерлерге арналған» ескерткіштің алдына гүл қою рәсімі өткізіліп,  тақырыптық экскурсия жүргізілді.  Бұл іс-шараға мектеп оқушыларымен бірге жергілікті тұрғындар көптеп қатысты.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мәдениет саласында «Астана — Еуразия жүрегі», «Алматы — Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат бірлігі және көшпелі мәдениеттер», «Алтай інжулері», «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту», «Каспий қақпасы»   сияқты  өңірлік мәдени-туристік кластерлерін құруды жүзеге асыруға байланысты Алматы облысының көрікті тарихи-мәдени ескерткіштері көрсетілген  туристік  картасы  дайындалды.

Көне қалашықтар тарих сырын ашады

Біздің облыс аумағынан орта ғасырлық  көне қалашықтардың орындары табылғаны жөнінде  талай   ақпараттар  таратылған.  ЮНЕСКО-ның талаптарын орындау мақсатында ортағасырлық «Талғар», «Қойлық», «Қарамерген» қалашықтары бойынша сақтау мен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Бірнеше жылдардан бері  Талғар қалашығында «Қазархеология» ЖШС зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың наурыз айының соңында   осы мәселеге қатысты   ЮНЕСКО-ның сарапшысы Наталья Душкина  арнайы келіп, Талхиз қалашығын көріп,  маусым айында  ИКОМОС өз шешімін шығарып, онда «Талғар» қалашығы аумағымен автокөлік жолы бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуге мораторий жариялау керек екендігі  жөнінде ұсыныс енгізген.

Еліміздің  көне тарихын қайта жаңғырту және төл мәдениетіміздің озық үлгілерін жұртшылық назарына ұсыну мақсатымен «Ұлы дала елі» деректі фильмдер топтамасы Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Кербұлақ аудандарында түсірілді.

Осы орайда шығармашылық топтың аталған тақырыптарды толыққанды ашуына, яғни фильм объектілерінен: «Алтын Емел» ұлттық саябағынан,  «Бесшатыр» қорғандарынан, Есік мемлекеттік тарихи-мәдени табиғи мұражай қорығынан, Жамбыл ауданы «Таңбалы тас» мемлекеттік тарихи-мәдени, табиғи қорық, музей кешені және басқа да тасқа таңба, тастағы безендірулер (петроглифтер) салынған ескерткіштерден, Сақ қорғандарынан, Талхиз және Қойлық қалаларының көне орындарынан түсірілген көріністер, сөз жоқ, қалың жұртшылықты қызықтыратыны айдан анық.

Талғар ауданы, Белбұлақ ауылдық округіне қарасты Талдыбұлақ ауылында жекеменшік жер иесі Талғат есімді азамат өз иелігіндегі жерде үй құрылысы жұмысын бастау барысында заттай жәдігер тауып алған.

Археолог сараптамашы Ж. Смаиловтың пайымдауынша, табылған заттар сақ-үйсін кезеңіне жатады (б.д.д. ІІІ-І ғ.ғ.). Аталған жұмыс бойынша  тарихи-мәдени ескерткішке зиян келтірілмеуі туралы акт толтырылып, Талғар ауданы әкіміне хат жолданды.

ҚР  Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 29  желтоқсандағы  «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және күтіп-ұстау ережесін бекіту туралы» №157 бұйрығын  орындау мақсатында қорғау тақтайшаларын орнату үшін, Мемлекеттік тапсырыс заңы бойынша байқау жүргізіліп, ЖК «Аманбаев» пен  біздің орталық келісімшартқа отырды.  Келісімшарт негізінде Алматы облысы, Алакөл ауданы бойынша барлығы 26 жергілікті маңызы бар  археологиялық ескерткіштерге қорғау тақтайша орнату  жұмыстары басталды.

Сондай-ақ, қазіргі кезде «Жетісулық сақ мәдениеті» тақырыбы аясында Райымбек ауданында археологиялық  қазба жұмысы жүруде. Мемлекет қорғауындағы 2338 тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарын анықтап, қорғау міндеттемелерін ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы №1045 қаулысымен бекітілген Ережеге сәйкес толтыру жұмыстары Ақсу, Талғар, Көксу, Еңбекшіқазақ  аудандарында жалғасуда.

Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие береді

Биыл  еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Осы ширек ғасыр ішінде шаң басып қалған тарихымызды түгендеп, ел мен жерімізді қасқайып тұрып жаудан қорғаған батырларымызды,  шындықты жырлаған ақындарымызды, әулие, би, даналарымызды  ұлтымызбен қауыштыру мүмкіндігі туды.  Біз біле бермейтін көне ғасырлардың парақтары ашылды. Қазақ деген ұлттың,  Елбасымыз айтқандай, «Мәңгілік ел» болу идеясы шындыққа айналатын болмыс.

Осы мәңгілік ел  аясында өмір сүретін  жас ұрпаққа  тарихи және мәдениет ескерткіштерінің  беретін тәлім-тәрбиелік мәні өте зор.  Бұл жөнінде біз облыстың барлық аудандары мен қалаларымен, білім ошақтарымен  тығыз қарым-қатынас орнаттық. Жалпы,  Жетісуда бой көтерген кез келген ескерткіш немесе  айтулы тұлғаның бюсті  тарих беттерінен сыр шертері анық. Мысалы,  «Үш ата» деп атап кеткен Ескелді, Балпық би мен Қабан жырау (Қабылисаның)  ғұмыр  жолдары  көне  дәуірдегі тарихи оқиғаларға тікелей қатысты.  Немесе  Талдықорғанның  шығыс жағында бой көтерген  дарабоз батыр Қабанбайдың елді, жерді жаудан қорғаған ерлігі жастарға үлгі-өнеге боларлық. Қала ортасындағы ақын Сараның ескерткіші жас ақын қыздардың жиналатын орнына айналып, әдемі де тартымды өлеңдер оқылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ең бастысы, өткен ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалардың ескерткіштерімен мектеп оқушыларын  таныстырып,  жанды тарих сабақтарын өткізу де өз нәтижесін береді. Осы жағына келгенде   біраз жұмыстар кемшін қалып жатқанын мойындауымыз керек.  Бізде кейде  науқандық жұмыстар ғана жүргізіледі. Ал ескерткіштердің тарихына терең бойлау тасада қала беретінін айтпасқа болмайды. Біле білсек,  тарихты ескерткіштер сөйлетеді.

Жыл сайын   Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне байланысты,  сәуір айының 10-18 күндері аралығында аудандарда жоспарлы түрде іс-шаралар ұйымдастыру апталығы жүргізілді. Осыған орай, барлық ескерткіштерге абаттандыру, тазалау жұмыстарын ұйымдастыру, мәдени объектілерін күтіп ұстау мен қорғау жұмыстары   аудан, қала әкімдіктері тарапынан жүргізіледі.

Үстіміздегі жылы   облыстық тарихи- мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық қызметкерлері Талдықорған қаласында саяси қуғын-сүргін құрбаны, ақын Ілияс Жансүгіровке орнатылған ескерткіш маңында 31 мамыр күні І.Жансүгіров атындағы жоғары оқу орны студенттерінің  ұйымдастыруымен өткен қаралы митингке қатысып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.   Өткен жылы  ашылған «Жастар» саябағына ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа бюст орнату жұмысы қолға алынды. Алдағы кезде ҚР халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Тұманбай  Молдағалиевке ескерткіш орнату туралы болжам жасалды. Биылғы  жылы Талдықорған қаласында Чернобыль апатының құрбандарына орнатылатын ескерткіш орны анықталып, қазығы қағылды. Яғни алдағы уақытта тағы бір-неше  ескерткіштер  қалада пайда болып, өз заманының тұлғалары туралы сыр шертері анық.

Қазақ халқының рухани мол мұрасы мен салт-дәстүрін халыққа насихаттап, өткен ғасырлардың  алып тұлғаларының  ескерткіштері арқылы   еліміздің тарихын  жаңғырту үшін  облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы  өз жұмысын  жаңа  талапқа сай  жалғастыра береді.

Нұрила БЕКТЕМІРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған