Тарихымыз түгенделіп, тәуелсіздігіміз ұлықталатын жыл

Мешін жылы Қостанай облысының дамуында оң өзгеріс көп болды. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық саласында жүзеге асырылған тың жобалар, серпінді істер аз емес. Ал биыл Қостанай облысы руханиятқа ерекше көңіл бөліп отыр. Сол себепті, тауық жылы «Тарихқа тағзым жасау жылы» болып жарияланды. Бұны халық алдында есеп берген өңір басшысы Архимед Мұхамбетов айтты._mg_5036

– Осыған байланысты өткенімізді жаңғыртып, келешек ұрпаққа үлгі болу үшін даңқты қолбасшы Кейкі батыр кесенесін салуды жоспарлап отырмыз. Амантоғай ауылындағы қираған үйлер, нысандар қалпына келтіріледі. Жалдама (Аманкелді ауданы – автор) мен Әулиекөл ауданы орталығы арасындағы жолды да күрделі жөндеу жоспарымызда бар. Барлық мәдени-спорттық шаралар, жарыстар, ғылыми конференция Арқалық қаласында өтеді. Арқалықтың үйлерінің қасбеттері жаңартылып, жолдары жөнделеді, – деді А.Мұхамбетов.

Аймақ басшысы сондай-ақ, Тобыл-Торғай жұртшылығы үшін тағы бір қуанышты жаңалық – әйгілі Тархан Жәнібек бабамыздың мүсіні облыс орталығына орнатылатынын хабарлады. Бұл шара биылғы қыркүйек айына жоспарланып отыр. Тәуелсіздік алған жылдары сол кездегі облыс әкімі болған Кенжебек Укиннің бастамасымен көтерілген Ыбырай Алтынсарин мавзолейі де жаңадан қайта салынбақшы екен. Әкім халыққа осы кесененің болашақтағы келбет-нұсқасын көрсетті. Биыл кеншілер қаласы – Рудныйдың 60 жылдығы. Бұл шаһарда «Тың-2017» облыстық спартакиадасы өткізілмекші.

Қостанай қаласындағы «Корей көпірі» атанып кеткен КСК ауданы мен Затобол кентін жалғасырып жатқан көпірдің ені 4 көлік жүретіндей кеңейтіледі. Гашек көшесінің өзен бойында «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» жаңа сквері бой көтермек. Онда түрлі мәдени-бұқаралық, сполрттық орындары болады. Бірнеше балабақша салынады және бөбекжайлармен жапсарлас жататын қазандықтар сыртқа қарай көшіріледі. Ал биыл аймағымызда облыстық ассамблеяның мұрындық болуымен халықаралық «Сабантой» мерекесінің өтуі жоспарланған. Оған Татарстан елінен делегаттар келеді деп күтілуде. Өңір басшысы бұл жай ғана дастархан жайып, ішіп-жеп кететін той емес, көптеген пайдалы шаралар, соның ішінде инвестиция тарту жөніндегі бизнес-форумның өтетінін хабарлады.

– Қазір облыс орталығында 55 мың шаршы метрлік сауда-көңіл көтеру орталығы салынуда. Көлемі жағынан MART сауда орталығын (Қостанайдың орталығында осыдан бірнеше жыл бұрын салынған сауда орталығы – автор) екі есе орап кетеді. Алып кешен кем дегенде мың адамды жұмыспен қамтиды. Ал ондағы орындар жалға берілсе, тағы бірнеше мың жұмыс орны ашылады. Алты кинотеатр, бірнеше фаст-фуд мейрамханасы орналаспақ. Бұдан бөлек, «Арман» шағын ауданында құрылыс материалдарын салатын гипермаркет бой көтереді. Бұл жеке бизнестің әкімдікке қандай қатысы бар деп ойлайтын шығарсыздар? Себебі, олар ең алдымен қаланың көркеюіне үлес қосса, одан соң халыққа жұмыс тауып беріп отыр, – деді әкім.

Ал елдігіміз бен ынтымағымыздың баға жетпес құндылығы – қасиетті тәуелсіздігімізді, оның жолында аянбай тер төккен тұлғаларды ұлықтау. Бұл жағынан өңірімізде сүйінші сұрарлық жаңалық аз емес. Биылғы жылы Қостанайда атақты Қобыланды батыр есімімен даңғыл аталмақшы. 2015 жылы ғана Тобыл жұртшылығы мүсінін орнатқан даңқты қолбасшы қазіргі Герцен көшесін иемденбек. Ал орталық көшелердің бірі большевик Л.Таран – Тәуелсіздік көшесі болып өзгертілетін болды.

 

Қыдырбек Қиысханұлы,

Қостанай облысы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған