Тағдырды өзгертетін коуч-тренер ме?

Ғаламторды ашып қалсаңыз инстаграм, “youtube” әлеуметтік желілерінен “Қалай байып кетуге болады?”, “Жетістікке оңай жетудің жолдары” деген сансыз бейнебаяндар мен жазбалардан көз сүрінеді.

Екі күннің бірінде семинарлар мен тренингтер өткізетін коуч-тренерлер мен психологтар жауыннан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаптап кетті. Таңнан кешке дейін тапжылмай отырып әлгі мамандарды тыңдап қайтсаңыз болды, бірнеше сағаттың ішінде, бір күнде адам танымастай өзгеріп кетеді екенсіз. Миыңыз, ойлау жүйеңіз ерекше қарқынмен жұмыс жасап, мына өмірге деген көзқарасыңыз 180 градусқа бұрылады екен. Бұл менің басымнан өткен шынайы оқиға немесе тәжірибем емес, ғаламторда өріп жүрген жарнамалардың “уәдесі”.
Бірнеше сағаттық сабағы аз тұрмайтын ораторлар мен коучтардың сабағына бармасам да, сәннен қалмай сандармен сөйлесетін мықты деген бір маманға мен де бардым. 20 минут өзім беске білетін мінезімді, қабілетімді өзіме айтып бергені үшін әжептәуір қаражатты да бердім. Мықты маман, өз ісінің білгірі дегенге шүбә келтірмеймін. Бірақ мен жігерленіп шықпадым. Бәлкім менің болмысыма, ішкі түйсігіме осының бәрі жат нәрсе. Өзімнің не істеп жүргенімді жақсы білеміннің кейпі. Қабылдаудан кейін өзгеріп кеткен мен жоқ. Себебі өмірімді басқа арнаға бұруға өзімнің ғана күшім жетеді.Құдай бетін аулақ қылсын дейтін жалқау, жігерсіз адам болсам, оны жоюға тіпті ата-анамның да күші жетпейді. Тек өзім.Басқаша болуы мүмкін емес.
Америкада өткен ғасырдың 60 жылдары пайда болған коучинг саласы, сонымен қатар “визуализация”,” мотивация” ұғымдары, психология саласы бізге енді табан тіреп, хитке айналуда. Мотиватор немесе коуч-тренерлер адасып жүрсеңіз жол сілтейді, сізбен бірге болашаққа жоспар құрады…., оны орындауға көмектеседі. Ең қызығы, баласы жоқ коуч-тренер көпбалалы аналарға баланы қалай жақсылап тәрбиелеу керектігін үйретеді.
Бірақ… Алла тағала он екі мүшеңізді сау етіп, ақыл-есіңізді ешкімнен кем қылмай жаратса, ертеңгі күніңізге өзіңіз де жоспар құра алмайсыз ба?
Ал берекетсіз несие алып, қарызға батып отырсаңыз бір мезетте бай болып кетуге кімнің ақылы көмектеседі?
Әлде залға лық толы қыз-келіншектерді жинап алып, күйеуімен, ата-анасымен, баласымен қарым-қатынас жасауды үйрететін әйелдердің оқыған кітабын оқып шығып, ой елегінен өткізу қабілеті сізде жоқ па? Көзіңіз көрсе, кем дегенде 11 жылдық біліміңіз бар болса хат танитын боларсыз?
“Ия’’десеңіз, дүкен сөресінде яки ғаламторда тұрған кітаптың мазмұнын біреудің аузынан есту үшін ақшаңызды желге шашпай, басқа бір пайдалы іске жұмсағаныңыз жөн секілді.
Семинар өткізіп отырған коуч-тренерлеріңіз де аспаннан білім алып, ерекше дүние ойлап тауып жатырған жоқ. Өз оқығанын сізге әдемілеп, мазмұндап жеткізіп отыр. Үйде отырып, бала-шаға қамын жасап қалған әйелдер немесе қарапайым өмір сүріп жүрген адамдар үшін сахнада өзін еркін ұстап, жүгіріп жүрген адамның алдына барып, ақыл тындау құдайдың аузынан әңгіме тыңдағанмен бірдей секілді көрінеді. Ол — жұлдыз, ерекше дарын иесі, ал сіз ошақ қасында отырған шырмаудан шыға алмай жүрген біреу секілдісіз.
Мен үшін осының бәрі күлкілі әрі қызық көрінеді.
Әріп танығандықтан ешкімнің алдына барып кітаптың мазмұнын тыңдағым келмейді. Американың да, Еуропаның да, қазақтың да, орыстың да мықты деген мамандарының еңбектерін өзім алып оқысам, түсіне аламын және үйімде қалағанымша ұстап, кезкелген уақытта ашып, кітаппен сырласа беремін.
Әркімнің тағдыры, өмірлік жолы әртүрлі. Отбасымызда болып жатқан жағдайлар да әртүрлі. Ағайын-туысыңыз бен бауырларыңыздың, жолдасыңыздың, бала-шағаңыздың мінез-құлқын сырттағы коуч білмейді, қалай болғанда да 100 емес тіпті 200 пайызға өзіңіз ғана білесіз. Бір дастарқаннан шай ішіп, бір есіктен кіріп-шығып жүрген — сіз. Сыртты былай қойғанда, сіздің жолдасыңыздың толық болмысы ағайын-туысқа да толық мәлім болмауы мүмкін. Оның тамырын қай жерден басу керектігін бір кеседен ас ішетін сіз ғана өте жақсы білесіз.Сонда өзіңізді де толық білмейтін, коуч-тренер немесе күнде тікелей эфирден сағаттап ақыл айтатын психолог әйел сізге өмір сүруді қалай үйретпек?Батыстың бір кітабының немесе психологінің мәліметін сізге лық еткізіп төккенде, үйге келіп “артық қыламын деп, тыртық қылып” алмасаңыз болғаны.
Қаптаған семинарлар, тренингтер кейбір кәсіпкерлер үшін ақша табудағы тағы бір жолы секілді көрінеді.
Ақылды, білімді, табысты болғыңыз келсе, “күйеуіңізге былай деп айтыңыз, балаңызды былай тәрбиелеңіз немесе біз олай өмір сүреді екенбіз немесе олай болмайды екен” деген семинарларды жағалай бермей өзіңізге қызықты немесе қабілетім келеді деген нақты бір саланы таңдап алып, арнайы курсқа жазылыңыз. Залдан шыққаннан кейін өміріңіздің күрт өзгеруіне де ешкім кепіл болмайды. Жүз мыңдап ақша салып, бірақ семинардан кейін де бұрынғы өмірін жалғастырған жандар туралы да естіп жатырмыз. Еңбекқор, жігерлі болу, өз-өзіңізді өзгерту, жалпы мінез қалыптастыру ақшаға сатып алатын дүниелер емес.
Ал қабілетіңізге, қызығушылығыңызға қарай компьютер, қолөнер немесе аспаздық, шет тілдер курсына жазылып, біліміңізді шыңдасаңыз, ақшаңызды өз қабілетіңізді дамытуға салсаңыз,үйренген іліміңіздің арқасында бір ісіңіз артық болып, өзгелердің, нақты айтқанда жолдасыңыздың да, туғандарыңыз бен достарыңыздың алдында сүйкімді көрінерсіз. Осындай орталардан жақсы адамдарды жолықтырарсыз, ой бөлісерсіз. Сәнге айналған “депрессия” күйінен де арылып қаларсыз. Егер ақыл керек болса, қарттар үйіне барыңыз, пікірлесіңіз. Өмірде үлкендермен тіл табысуға тырысыңыз, бірге отырып шай ішіңіз.Жастар үшін өмір көрген қарттардың ақылынан, бір ауыз дұрыс сөзінен асқан қымбат “семинар” жоқ деп ойлаймын.

Гүлзат Сәттібаева

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған